ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА – ЖАЙЛЫ БАСПАНА

hn1Атырауда жас отбасыларға арнайы пәтерлер салынатын болды. Биыл басталатын құрылысқа қаражат облыстық бюджеттен бөлінбек. Ал, баспана алар сәтте жас жанұялардың төлем қабілеттілігін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ анықтамақ. Бұл орайда өткен бейсенбі күні аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен аталған банк басқармасының төрайымы Нұрбибі Наурызбаева меморандумға қол қойды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша еліміздің бірқатар аймақтарында талай жандар баспаналы болып үлгерді. Облыс әкімі қызметіне кіріскен кезде мұнайлы өңірдегі жас отбасыларға жеңілдікпен пәтер алуға мүмкіндік беретін «Жас отау» бағдарламасы жүзеге асырылатынын айтқан болатын. 
– Бұған дейін осындай жобаны «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен» бірлесіп көршілес Батыс Қазақстан облысында іске асырдық. Онда негізінен бюджеттік мекемелерде еңбек ететін жастарға басымдық берілді. Бұл жолы да осы бағытта Сіздермен тығыз байланыста іс-шара бастамақшымыз,-деген Бақтықожа Салахатдинұлы меморандумға қол қоюды ұсынды.
Ресми бөлімнен кейін сөз алған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқармасының төрайымы Нұрбибі Наурызбаева мемлекеттік бағдарламадан бөлек жергілікті атқарушы орган тарапынан осындай жобаның қолға алуын құптады. Қазақстанның батыс аймақтарындағы банк салымшылары үшін салынып жатқан баспананың құрылыс сапасымен танысуға келген ол қолданысқа берілген үйдің жағдайына тоқталды:
– Біздің арнайы келісім-шартқа сәйкес Нұрсая ықшамауданынан екі үй пайдалануға берілуі керек болатын. Өкінішке орай, оны бір жылға кешіктіріп алдық. Сонымен қатар, Алмагүл ықшамауданындағы үш үйдің құрылысы әлі сол басталған күйінде қалыпты. Жоспарымыз бойынша ол жыл аяғында тапсырылуы тиіс. Жартылай қаржысын жинақтап отырған салымшыларымыз сатып алуға әзір отыр. Халықтың сенімін ақтау үшін пәтерлерді уақтылы берген абзал,-деді ол.
Осы орайда аймақ басшысы елімізде соңғы жылдары Елбасы саясатының арқасында тұрғын үй құрылысы қарқынының айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Сонау 90-ыншы жылдармен салыстырғанда қазіргі таңда жыл санап мыңдаған пәтердің пайдалануға берілуін жақсылыққа балаған ол «Жас отаудың» заңды түрде орындалысы да қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауиден білгеніміздей, жергілікті бағдарлама бойынша 90 пәтерлік бір үйдің құрылысы биыл шілде айында басталуы тиіс. Ол Нұрсая ықшамауданынан бой көтермек.
Шарадан ұққанымыздай, «Жас отау» бағдарламасымен салынатын үйлерді кейін сатып алуға төлем қабілеттілігін аталған банк анықтайтын болады. Ал, оған қандай жас мөлшеріндегі отбасылар қатыса алатыны және табыс көзінің деңгейі қалай есептелінетіні, жалпы шарттары әлі нақты бекітілмепті. Оны бағдарламаны орындайтын «Жас отау» ЖШС белгілейтін болады.
– Біздің мамандар тек жинақтау мүмкіндігін тексереді. Қалғанын жергілікті атқарушы орган қарастырады. Бірақ, облыс әкімінің сөзінен байқауымша, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне берілуі мүмкін. Ал, өзіміздің «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасымен қалада 120 пәтерлік екі үй сатуға ұсынылды. Жыл соңына дейін тағы үш үйдің аяқталуын тосып отырмыз. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жас отбасыларға арналған бағытымен де қалада бес үй салынып жатыр екен. Оны да көріп кеттік. Бағасына қарағанда сапасы жақсы. Жақын арада сол үйлер иелерін табады деп сенемін,-деген Нұрбибі Наурызбаева жақында облыс орталығында барлық санаттағылар үшін сатып алу құқығымен берілетін 7 үйдің, жас жанұяға арналған 5 үйдің құрылысын жүргізуге келісім-шартқа отыратынын атап көрсетті. Ол құрылыстар 2014-2015 жылдары басталмақ.
Естеріңізге сала кетейік, Атырау қаласында ағымдағы жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасымен жас отбасыларға 234 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз