ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС – ЖҮЙЕЛІ БАҚЫЛАУДА

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша облысымызға республикалық бюджеттен 1227, 840 млн. теңге бөлініп, 1439 адамға қызмет ұсыну жолға қойылған болатын. Міне, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда, күні бүгінге дейін қанша адам тұрақты жұмысқа орналасты, шешімін күткен күрмеулі мәселелер бар ма, осы және өзге де сауалдарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА жауап береді.

– Күні бүгінге дейін аталған бағдарламамен неше адам қамтылды?

– Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 1864 адамды құрап отыр. Бағдарламаның «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» деген бірінші бағыты бар. Сол бойынша 20 әлеуметтік нысанда күрделі-жөндеу жұмыстарын жүргізуге 437,9 млн. теңге бөлініп, 197 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Оның ішінде, 99 орын бағдарлама қатысушылары үшін тағайындалған. Бүгінде барлық нысандар бойынша күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 199 адам жұмысқа қабылданды, оның 103-і – бағдарлама қатысушылары есебінен. Бұл жұмыстар одан әрі де жалғасын табатын болады.

Бағдарламаның «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды дамыту» атты екінші бағыты да бар. Ол бойынша 12,3 млн.  теңгеге 328 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, 163 адамға 487,7 млн. теңге көлемінде шағын несие беру жоспарланды. Нәтижесінде, «Astana School of Business and Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 328 адам кәсіпкерлік бағытта біліктіліктерін арттырды.

– Биыл тұрғындарды жұмысқа тарту мақсатында қанша адамға несие берілді?

– Үстіміздегі жылы республикалық бюджет қаражатынан 160 адамға 398,2 млн. теңге несие берілді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Атырау филиалы арқылы қайтарылған қаражат есебінен 97 адам 238,4 млн. теңге несие алды. Жалпы алғанда, 257 адамға барлығы 636,5 млн. теңге мөлшерінде несие берілді. Мұның өзі тұрғындардың несие алуға оң көзқарасы мен екінші деңгейлі банктерге деген сенімділігін аңғартады.

– Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар үшін қандай мүмкіндіктер бар?

– Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағытында 289,9 млн. теңге бөлініп, кәсіби оқу, әлеуметтік жұмыс пен жастар тәжірибесіне 914 адамды тарту жолға қойылды. Қазір 33 адам оқуларын кәсіптік колледждерде жалғастыруда. Ал, 455 адам оқуларын шілде айында аяқтап, 234-і жұмысқа орналастырылды. Қалған 28 адам қайта даярлау курстарына жолданып, толықтай жұмыспен қамтылды. Оқу барысы – дәнекерлеуші, құбырмонтаждаушы, электрик, ағаш сатыны монтаждаушы, жүргізуші, аспаз, есепші, тігінші, шаштараз және басқа  барлығы – 45 мамандық бойынша 24 кәсіптік оқу орнында жүзеге асырылды. Қарапайым кәсіп иелерінің зор сұранысқа ие болып отырған шағында жастарды осылайша іс-тәжірибеден өткізу өте маңызды.

Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектер үшін жастар тәжірибесі қарастырылған. Қазіргі таңда 324 түлек бұл жобамен жұмысқа тартылып, 32,074 млн. теңге игерілді. Соңғы кезде жастар ерекше белсенділік танытып, тәжірибе жинақтап, жұмыс өтілін жасақтауға ұмтылуда. Осындай тәжірибеден өткен 101 жастың 19-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, мекемелердегі бос жұмыс орындарына байланысты түскен тапсырыспен 2294 адам тұрақты қызметке тартылды.

– Бағдарламада әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары қамтылған ба?

– Әрине, нысаналы топтарға жататын адамдар үшін арнайы әлеуметтік тапсырыс ұйымдастырылады. Бұл ретте 269 адам жұмыспен қамтылып, ағымдағы жылдың жоспары жүз пайызға орындалды. Түрлі әлеуметтік топтар – «СПОДА» қоғамдық бірлестігі, «Қазақ соқырлар қоғамы», «Нұрәділ» шаруа қожалығы, «М.Ахметов», «Қарышқалиева», «Мерғали» жеке қожалықтарында, басқа да мекемелерде жұмысшы, еден жуушы, іс жүргізуші, аспазшы, ас үй қызметкері, күзетші, кондитер, көлік жүргізушісі, кассир, медбике, дәнекерлеуші, электрик мамандықтары бойынша жұмыс тапты. Айта кету керек, әлеуметтік жұмыс орындарында тәжірибе жинақтаған 55 адамның 23-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

– Күні бүгінге дейін жергілікті жұмыспен қамту орындарына қанша адам хабарласты?

– Биылғы қазан айына дейін бізге 12346 адам келіп хабарласса, соның 5498-іне жұмыс тауып бердік. Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша жаңа 12921 жұмыс орны құрылды (6885-і – тұрақты, 6036-і – уақытша жұмыс орындары). Ал, ақылы қоғамдық жұмыстарға 4625 жұмыссыз тартылып, 1116 адам кәсіби оқуға жіберілді. Осы кезеңде облыста 64 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, оған 3705 адам қатысты. Нәтижесінде, 1359 адам жұмысты болды.

– Жұмыстан қысқартылған мамандарға нендей көмектер көрсетіледі?

– Бүгінгі таңда облыста жұмыс көлемінің азаюына байланысты 517 адам жұмыстан қысқартылды. Олардың әрқайсысы үшін тиімді мүмкіндіктер қарастырылған. Уәкілетті жұмыспен қамту орындарына осы санаттағы 203 адам тіркеліп, 148-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, 37 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, екеуі қайта даярлау курстарына жіберілді. Шағын несие алған төрт адам бүгінде шаруаларын жүргізе бастады.

Мұның сыртында, жұмыс берушілермен бірге, оларды мүмкіндігінше орындарында қалдыру жағдайларын қарастырудамыз. Осы бағытта жыл басынан бері үш жақты комиссияның төрт мәрте отырысы өтіп, өзекті деген мәселелер талқыланды. Онда 16 ұйымның басшысы, еңбек заңнамасының талаптары қалай сақталып отыр, меморандум орындалып жатыр ма, сол жөнінде баяндап, есеп берді.

– Демек, жұмыс көлемі азайғанына қарамастан, жұмысшы қызметкерлерді қысқартуға мейлінше жол берілмейді дейсіз ғой?

– Иә, әр мекеме қызметін бастамас бұрын өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті әкімдікпен келісім-шартқа отырады. Міне, осы бағытта облыс әкімдігі және 2523 жұмыс беруші мен кәсіподақтар федерациялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бұл өз кезегінде 114,7 мың адамның жұмыс орнын сақтап қалуға ықпал етті. Атап айтқанда, қызметтен қысқартуға жоспарланған 2792 адамның 2275-і өз орнына қалдырылды. Ал, облыста іске асып жатқан инвестициялық жобаларға қатысты мамандарды жұмысқа орналастыру үшін биыл кешенді жоспар жасалып, бекітілді. Ол бойынша қазіргі таңда 11 496 адам жұмысқа орналасып үлгерді.

Міне, бұл статистикалық мәліметтерді текке келтіріп отырғаным жоқ. Осы көрсеткіштер арқылы жұмыссыздық деңгейінің 4,9%-ын құрағанын, мұнда жастардың да үлесі барын айтуымыз керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз