ЖҰМАБАЙ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ…
…ӨЛЕҢ ЖАЗУДЫҢ ШЕБЕРІ
Қай ұжымда да бір-біріне етене жақын адамдар болады. Олардың ойлары мен көзқарастары бір жерден шығып, түсінік-танымдары ұқсас келетіндіктен сөздері жарасады. Тіпті олардың жастарында айтарлықтай алшақтық болғанмен, пікірлері бір арнаға тоғысып жатады. Мен өзі ақын, өзі журналист Төлегенов Жұмабай ағамен орталық көпір аузындағы бұрынғы редакцияда бір жыл емес, он жылға жуық отырдым. Ағайымның дауысы, күлкісі, қимылы, жүріс-тұрысы, қуанғаны мен ренжігені – бәрі кешегідей көз алдымда.
Мінезі ашық, ақкөңіл Жұмекеңнің танысы, жора-жолдасы мен досы көп болатын. Түрлі шаруасымен келетін олардың бірін «мынау – сыныптасым», «анау – ауылдасым», «құдашам…» деп таныстыра беретін. Бұл кісілердің бәрі де оған бір ғана жұмыс – арнау өлең жаздырту үшін келетін. Сол күнгі газеттің нөміріне шұғыл беретін мақаласы мен өлеңі болмаса, ақын аға өтінішті көп кідіртпей, бірден дайындауға кірісетін. Қайсыбір нағашылы-жиенді таныстары ағайға: «Құдай-ау, қашан келсем де, бұрқыратып өлең жазып отырасың. Осы сен ақшаны қайда салып жатырсың, а?» — дейтін әзілдеп. Ал, аға болса: «Сен білмейсің бе, мен миллионермін ғой!» — дейтін күліп. Расында, ол кісі көпшілікке жазып беретін өлеңдерінің «ақысына» жұрт не берсе – соны алатын. Бірде, нақтырақ айтсам, осыдан жиырма шақты жыл бұрын, кабинетке егделеу әйел адам келіп:
— Қарақтарым-ай, отырған үйім құлағалы тұр. Соны келістіріп жазып беретін журналист керек. Айтыңдаршы, кімге барайын? — деді сұраулы жүзбен. Осы тұста аға табақтай көзілдірігінің үстінен қараған күйі маған:
— Лиза, апаның арызын сен жазып тастасайшы. Енді тағы қайда барып жүреді?.. — дегені. Мен «жақсы» деп бас изедім де, әп-сәтте апаның арызын жазып бердім. Кетерінде апа: «Қызым, қанша берейін?» — деп сұрады. Мен: «Бұл біздің сізге көрсетіп жатқан көмегіміз ғой, апа, ештеңе де керек емес!» — дедім. Содан бастап аға біздің кабинеттің есігін ашқан адамға жалт қарап: «Өлең керек болса – маған, арыз керек болса – Лизаға!» деп дауыстап отыратын болды. Тіпті осыдан кейін ұжымдастарым мені «арыз жазудың нақ шебері» ретінде таныды…
«АҚ ПАТША, ҚАРА ПАТША, ЖАРЫҚ ПАТША…»
Сол жылдары редакцияда қалам ұстаған азаматтармен бірге үш қыз — Елена Таңбаева, Светлана Муньянова және мен — үшеуміз болдық. Жұмабай ағаның қашаннан әзілдеп сөйлейтін әдеті. Сондай сәтте кабинетке асыға кіріп:
— Мен осындағы үш қызға жаңа есім берем! Сен – Ақ Патшасың, Елена – Қара Патша, ал Света – Жарық Патша. Сенің «Ақ» болатының – тілегің ақ, барлық кісіге тек жақсылық тілеп жүресің. Еленаның «Қара» болатыны – ол ылғи қара халықтың жағында, солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүреді. Светаның «Жарық» болатыны – «свет» – «жарық»! Міне, осылайша бәріңе лайықты ат таптым! — дегені жас балаша мәз болып.
Жұмекеңнің жүрген жерінің өзі анекдот еді ғой. Өмірлік қосағы – Зоя апаның үйде өсіріп жүрген гүлдеріне тыңайтқыш болсын деп шикі жұмыртқа құйғаны, оған шыбын қонып, күтпеген жерден құрттайтыны, құртты өлтірем деп, дихлофос шашатыны, одан гүлдің қурап қалатыны жайлы әңгімесі бәріміздің ішек-сілемізді қатыратын.
Ол көктемде үйден балық аулауға шығатыны жайлы да қызық әңгімелер айтушы еді. Ал, ұялы телефонның енді шығып жатқан кезінде ол бәрімізді қыран-топан күлкіге көмген болатын. Шынында, өзі бағалы, өзі қат затты екінің бірі ұстай бермеуші еді.
Кезекті жұмыс күнінің бірінде ішке кірсем, Жұмабай аға шалбарының белдігіне ұялы телефонның қорабын тағып алып, темекіні бұрқыратып тұр. Амандасып болған соң: «Ой, аға, құтты болсын, сотовый алыпсыз ғой! Көрейін бе?» — деп сұрадым. Аға сәл жымиды да, шалқайып қойып темекісін тартып тұра берді. «Ағаның мұнысы не, көрсетпейін деп тұр ма» деп ойлап: «Аға, көрімдік беремін!» — деймін. Осы сәт ол бар даусымен қарқылдап күліп алды да, белдігіндегі телефон қорабын сырт еткізіп ашып қалды. Бала мінезді ағам-ай, қарасам, әлгі қорап ішіне газет оқығанда киетін көзілдірігін салып қойыпты. Маған қосылып өзі де күліп жатып: «Үндеме, қазір жігіттер мен қыздарды алдаймын!» — деп, өзге кабинеттерді жағалап кетті…
ЖҰМЕКЕҢСІЗ ӨТКЕН ОН ЖЫЛ…
Иә, өмір деген, расында да, қас-қағым сәт. Кешегі бәрімізбен күліп-ойнап жүрген Жұмекеңнің де арамыздан мәңгіге кеткеніне биыл он жылға аяқ басты. Ол кісінің өмірлік қосағы Зоя апай, ұл-қыздары мен немере-жиендері сүйікті жары, әкелері мен аталары болған ақынжанды Жұмабай Төлегеновті зор сағынышпен еске алады.
— Ол кезде ағаларың Балықшы ауданынан шығатын «Каспий таңы» газетінде, ал мен облыстық баспаханада жұмыс жасадым, — деп бастады өз естелігін Зоя апа. — Екеуміз де жаспыз. Жұмыс бабымен күнара дерлік кездесіп жүргендіктен кәдімгідей танысып, білісіп кеттік. Өзі сондай ақкөңіл, сөйлеп тұрған жігіт екен. Байқаймын, мені айналшықтап шықпайды. Екеуміз осылайша достасып, кейіннен бір-бірімізді ұнатып қалдық. Араға екі жылдай уақыт салып, үлкендердің келісімімен үйлену тойымызды жасадық. Екеуміз отасып, бірге тұрған жиырма сегіз жыл ішінде бес перзент сүйдік. Оның алдыңғы төртеуі қыз балалар да, ең соңғы – бесіншісі ұл. Марқұм аса балажан болатын. Қолында барын балаларынан аямайтын. Ара-арасында «Мамаңа айтпа!» деп, олар сұраған нәрсенің бәрін, маған білдіртпей, алып беретін. Тіпті азғантай тиын-тебенді де жасырып беріп қоятын…
Ертешіл аға өз өлеңдерін үнемі таңда жазады екен. Тіпті ауырып, ауруханада жатқанда да, үйге шығарғанда да ағаның қолынан қаламы түспепті. Ол өмірден өтер 2004 жылдың 18 шілдесінде былай деп жазыпты:
«Тірліктің тәттісі еді толғайтыным,
Ұрпақ бар ұлы жолды жалғайтұғын.
Тағдырмын ерте үзілген — өкініш сол —
Өздеріңмен бірге енді болмайтыным…»
Сұм ажал Жұмабай ағаны алып кеткен қыркүйек айында оның жандай құрдасы, ақын Жұмабек Қарабалаев досының ауыр қазасына шумақ-шумақ өлең арнайды. Солардың бірінде ол:
«…Бақұл болшы, Қоян жылғы құрдасым,
Біз де бір күн мекендерміз қыр басын.
Кімдер енді түзер екен, дариға-ай,
Таразымның ауып кеткен бір басын?!» — деп налиды.
Қазірде ағайдың бірге туған бауырлары, жары, ұл-қыздары мен олардың жұптары, немерелер мен жиендер – бәрі әке шаңырағының отын сөндірмей, орындалмай қалған армандарын алға жалғап келеді. Ал, ортаншы қызы Айнұр болса әке жолын қуып, әрі журналист, әрі ағылшын тілі маманы деген қос кәсіпті меңгерді. Оның орысша оқығанына қарамастан ойлауы, сөйлеуі, жазуы – бәрі қазақша. «Әкем қызмет еткен қара шаңырақ» деп іш тартатын ол «Атырау» газеті редакциясында үш жылдай тілші болып еңбек етті. Ол осы азғантай уақыт ішінде қолынан көп нәрсе келетін журналист екенін ісімен дәлелдеп берді. «Қыз бала бауырмал келеді» демекші, асқар таудай әкесі туралы әңгімелегенде Айнұрдың қос жанары мөлдіреп кетеді.
Бар болғаны елу үш-ақ жыл өмір сүрген Жұмабай Төлегенов тірі болса, биыл зейнет жасына жететін еді. Біз, онымен бірге еңбек еткен әріптестері, марқұмды сағына еске аламыз. Өңіріне орден мен медаль тақпаса да, ол пәктік пен адалдықтың символындай болатын. Жатқан жеріңіз жарық болғай, кабинеттес ағайым!..
Лиза СЕЙТІМОВА.