МЕЙІРІМІМЕН ҮМІТ СЫЙЛАҒАН

Әдетте әрбір науқас адамға дәрігердің жылы сөзі қымбат. Өйткені, жылы сөз, тұнық мейірім – жанның емі. Дертіне дауа, деніне саулық іздеп, зор сеніммен келген науқасқа жылы сөзімен қуат беріп, мейірімімен үміт сыйлайтын абзал жандар бар. Қырық жыл бойы халық сеніміне селкеу түсірмеген, өз бақытын ұмытып, өзгенің бақытына ғұмырын арнаған абзал жанның бірі, талапшыл басшы – Талғат Аманғалиев. Ол – Атырау облыстық өкпе ауруларына қарсы күрес шипажайының бас дәрігері. Денсаулық сақтау саласының майталмандары мерекесі қарсаңында Талғат Ғалымжанұлы бастаған шипажай қызметкерлері жайында ерекше айтуды жөн санадық.

Талғат Ғалымжанұлы Аман-ғалиев – 2000 жылдан бері Құрманғазы ауданында орналасқан Атырау облыстық өкпе ауруларына қарсы күрес шипажайының басшысы. Осы күнге дейін бұл мекемеде абыройлы қызмет атқарып келеді. Ол Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын 1973 жылы бітірген соң 22 жасында еңбек жолын Құрманғазы аудандық өкпе аурулар ауруханасында дәрігер-фтизиатр болып бастаған. Кейін бөлім меңгерушісі, диспансер басшысы қызметтерін атқарады. 1978-1985 жылдар аралығында Кудряшов селосында орналасқан аудандық өкпе аурулар шипажайының бас дәрігері. Өз ісінің шебері ретінде бірден көзге түскен, зерек, талапты маманды сол кездегі басшылық ескеріп, қайтадан аудан орталығына жұмысқа алдырған. 1985-1992 жылдары колхозаралық Санаторлық-профилакториялық мекеменің басшысы қызметіне тағайындалады.
Аудандағы ең қажетті әрі тапшы фтизиатр-дәрігері басшылық қайда жұмсаса да еш тартынбастан, қиындығына қарамай бірден қызу іске кіріскен. Өйткені, сол тұста әлі де негізі қаланбаған шипажайды Құрманғазы ауданында ашуды Талғат Ғалымжанұлы маман ретінде көтерген еді. «Ертеректе Махамбет ауданындағы Сарытоғай елді мекенінде қазіргі Атырау облысы бойынша өкпе ауруларының шипажайы болған екен. Шипажай үлкен барактарда орналасқан еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан кейінгі Жайық өзенінің тасқын суына кетіп, шипажай жұмысын тоқтатыпты. Бірнеше жыл облыс бойынша өкпе ауруына қарсы шипажай болған жоқ. Ал, Құрманғазы ауданындағы бұрынғы Санаторлық-профилакториялық мекеменің ғимараты Кеңес Одағы ыдыраған тұста бос қалды.
Сол кездегі Құрманғазы ауданының әкімі Рысқали Сисатовтың басшылығымен және Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен бос тұрған ғимарат өкпе ауруларына қарсы шипажай болып 2000 жылы қайта ашылып, күрделі жөндеу жүргізілді», – дейді бас дәрігер.
Қазір шипажай Ганюшкин селосында орналасқанымен облыстық көлемде жұмыс жасайды. Негізгі қызметі – Атырау облысы бойынша өкпесі ауыратындар қатарында диспансерлік есепте тұрған ауруларды емдеп, сауықтырады. Науқастар бұл мекемеге жергілікті жердегі немесе облыстық өкпе ауруына қарсы ауруханадан негізгі емдерін алғаннан кейін біздің шипажайда емін жалғастырады. Жылына 200-300 адам емделсе, ашылғаннан бергі уақытта бұл шипажайда 3000-4000-ға тарта адам емделіп, тынығып шыққан.
Шипажай үш қатарлы жаңа типтік жобадағы ғимаратта орналасқан 50 орынға есептелген. Бас дәрігердің айтуынша, облысқа елу орындық шипажай өте аздық етіп отыр. Әсіресе, жаз мезгілдерінде орын қажеттілік етеді. Алдағы уақытта шипажай ғимаратын 25 орынға кеңейтуге ұсыныс әзірленуде. Сондай-ақ, биыл шипажай ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгелі отыр.
Талапшыл басшысы бар ұйымшыл ұжым күні кеше Қазақстан Ұлттық Бизнес-Рейтинг Одағының шешімімен Атырау облысы бойынша шипажайлар арасында бірінші орын, республика бойынша екінші орынға ие болды. Шипажай «Сала көшбасшысы – 2014» деген Ұлттық сертификатты иеленіп, мекеменің бас дәрігері Талғат Аманғалиев «Қазақстан Даңқы» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, шипажайдың бас есепшісі Бикежан Избанова «Тиімділігі үшін» медалін және кадр жөніндегі инспектор Ғалия Дошақова «Жыл маманы» сертификатына ие болды. (Суреттегілер.)
Үздіктердің қатарынан көрінген шипажайда барлық жағдай жасалынған. Емделушілерге дәрі-дәрмек те жеткілікті, шұбат та уақтылы беріледі. Күніне бес мезгіл тамақтандырылады. Сонымен қатар, емделушілер таза ауада серуендеп, бос уақыттарында спорт түрлерімен айналысуға да мүмкіндіктері мол. Шипажайдағы қызметкерлердің көпшілігі – жұрттың алғысына бөленіп жүрген мамандар. Оның ішінде фтизиатр-дәрігер Сейітқали Құттыбаев, аға мейірбике Райгүл Хайдарова, мейірбикелер Тусалиева Мінаура, Салтанат Байдимова, Құрмет Аясинова бар.
Ал, мекеменің жоғары санатты ұйымдастырушы басшысы Талғат Ғалымжанұлы – көп жылғы үлгілі еңбегі үшін Құрманғазы ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы Атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталып, еңбегі еленіп отырған құрмет иесі.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ
Құрманғазы ауданы.
PR

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз