АРДАГЕРЛЕР ӘРКЕЗ САПТА

Бүгінде облыстық ардагерлер кеңесі елдің әлеуметтік, саяси маңызды шараларына айтарлықтай атсалысып, елеулі еңбек етіп келеді. Әсіресе, ардагерлік ұйымдар Елбасы Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттауда белсенділік танытып жүр. 

Мемлекет басшысы жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жұртшылыққа жеткізіп, маңызды құжаттың мәнін түсіндіруді ардагерлік ұйымдар алдына басты мақсат етіп қойған. Осы орайда облыс тұрғындарымен бірнеше кездесу жиындар ұйымдастырылды.
Ақсақалдар алқасы қоғамдық маңызды шараларға да елеулі үлес қосып келеді. Мәселен, жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күніне соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған шаралар өткізуді әдетке айналдырды. Биылғы жылы жеңістің 68 жылдығында Махамбет ауданында өткен «Мәңгілік алау – Жеңіс күні», «Жасампаз жеңіс жорығы», «Сапқа тұр, сақшы қыран» секілді ауқымды шаралар – осының айғағы. Сондай-ақ, ардагерлер Индер ауданында Гурьев-Астрахан темір жол табанын салушылар туралы тың мәліметтер жинақтап, ол жайында баспасөз беттерінде маңызды мақалалар жариялады. Еліміздің әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік орындары бар танымал тұлғаларды ұлығылау, алтын алқа, күміс алқа иелеріне сый-құрмет көрсетуді де ардагерлер кеңесі ескерусіз қалдырған емес.
Ардагерлердің көкейде жүрген ойларын білу мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп «Әңгіме алаңын» өткізуді дәстүрге айналдырды. Жаңадан бастау алып отырған бұл шараның негізгі мақсаты, айтыпөткендей, әлеуметтің әлеуетін арттыру, қауқарсыз қарттарға қол ұшын беру болып табылады. Партиямен бірлескен шараның ұтымды өтуінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың ұйымдастырушылық еңбегі атап өтуге тұрарлық.
Мұнайлы өңірдің азаматтары ардагерлерді елеусіз қалдырып та жатқан жоқ. Жергілікті атқарушы билік, жекелеген компаниялар тарапынан да қолдаулар, демеушілік көмектер көрсетіліп келеді. Ардагерлерді газет-журналдарға тегін жаздыру, демалыс үйлеріне тегін жолдамалар беру, азық-түлік купондарын сыйға тарту, медициналық бақылаудан тегін өту секілді қамқорлықтарын үнемі аяған емес.
Бұл – атқарылып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана, ел игілігі үшін, еліміздің экономикасының, мәдениетінің дамуы жолында ардагерлер алдағы уақыттарда да ауқымды жұмыстар атқара бермек.

Н.ЕСМАҒАНБЕТОВ,
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз