Жарнама
Қоғам

Жөкеңнің жарқын жолдары

111 дайынМұнайлы өлкенің арғы-бергі тарихында жер астында теңіздей толқыған байлықты халқының қажетіне жарату жолында ерен еңбегімен көзге түскен аяулы адамдар баршылық. Халқымыз «су ағады, тас қалады», — деп тегін айтпаған. Қанша уақыт өтсе де, қадір-қасиетін жоғалтпай, жұртының құрметіне бөленіп, ел мақтанышына айналатын, көпшілік есімін ілтипатпен атайтын азаматтар болады.
Сондай асыл азаматтың бірі де бірегейі – бүгінде 100 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтіп отырған атақты мұнайшы, мұнай өнеркәсібі саласының білгір де білікті ұйымдастырушысы, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов. Оның ел алдындағы ерен еңбегі кезінде Ленин, Октябрь Революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен атап өтілді. Жөкең 1959-1966 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қатарынан екі шақырылымының депутаты болды. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы», «КСРО-ның Құрметті мұнайшысы» атақтарын иеленді. Жолдасқали Ахметұлының ғасырлық мерейтойының Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі де қуанышты жайт.
Көктемде Геолог күнінен бастау алған Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мұнай саласының үздіктері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері айтулы мұнайшының құрметіне арналған салтанатты жиналыста Жолдасқали Ахметұлы туралы ортақ естеліктерімен бөлісіп, құттықтау тілектерін жолдағанына куә болудамыз. Сондай-ақ, шахмат турнирі өтіп, мерзімді басылымдар беттерінде Жолдасқали Досмұхамбетов туралы жазылған мақалаларға конкурстар жарияланып, ақындар айтысы, тағы басқа шаралардың жоспарланып, жүзеге асып жатқанына сүйсінудеміз.
«Дала академигі» атанған тұлғаның мерейтойын облыс көлемінде атап өтудің өзіндік мән-маңызы бар екеніне күмән жоқ. Бұл – Жолдасқали Ахметұлының Қазақстан мұнайын, соның ішінде Теңіз кенішінің зерттелуі мен бұрғылануы жолында сіңірген өлшеусіз еңбегін кейінгі буынға үлгі етіп жеткізу, ұрпақтар сабақтастығы сара жолының күре тамырына қан жүгірту.
Еліміз егемендік алған жылдардан кейін де түрлі қиындықтарды басынан өткергені баршаға аян. Ел экономикасын дамыту, халықтың тұрмысын, күнкөріс деңгейін қалпына келтіру және жақсарту сынды тағы басқа мәселелер кезек күттірмес шешімді қажет етті. Осы тұста жеті қат жер қойнауында жатқан қазынаны ел игілігіне жарату басты мақсаттардың біріне айналды. «Қара алтынды» қазып алу жұмыстарында қазақ баласы аянып қалған жоқ. Қажырлы еңбек арқылы ел бюджетінің бүйірі бұлтиып, бетіміз бері қарады. Қысқасы, тынымсыз еңбек Тәуелсіздікке тірек болды.
Әр салада жемісті жұмыс жасап, өз елін өрге сүйреген ел азаматтарының үлгі тұтарлық өнегелі істері бүгінде ұрпақ жадында. Ардагер мұнайшылар қашан да халықтың ыстық ықыласынан ажырап көрген емес. Жұртымызда «Тірілер өлгендердің көзін жапса, өлгендер тірілердің көзін ашады» деген нақыл бар. Өткен ғасырдың орта шенінде өмір сүрген Жолдасқали Досмұхамбетов – Атырауда он бір жыл бойы «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігін басқарған, артына құс жолындай өзіндік із қалдырған ірі тұлға.
Жолдасқали Ахметұлы 1916 жылы 15 қыркүйекте Мақат ауданында дүние келді. Мәскеу мұнай институтын 1940 жылы бітірген ол 1947 жылға дейін Байшонас кәсіпшілігінің бас геологі, кейіннен директоры, 1947-1951 жылдары «Қазақстанмұнайгазбарлау» тресінің басқарушысы, ал, 1951-1971 жылдары «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бас геологі, басшысы болып, абыройлы қызмет атқарды.
Жөкеңнің көзін көрген қатарластарының қағаз бетіне түскен деректерінен мынаны байқаймыз. Ол оқу-білімге бала күнінен құштар болып, ерекше ынта-жігері, талпынысымен дараланады. Сол кездегі көптеген ауыл балалары секілді, ол да қазақ мектебіне қабылданып білім алады. Әйтсе де, өзі ұнатқан, жаны қалаған мұнай саласындағы түсініксіз техникалық терминдердің көптігі, шығу тарихының тереңдігі сынды күрделі сауалдар оны өз бетімен орыс тілін үйренуге итермелейді. Бұл дегеніңіз, болашағын бағамдай білген жас мұнайшының өмірлік баспалдағын өз қолымен қалағандығын аңғартса керек.
Ол кейін Одақ көлеміндегі аты мәшкүр жоғары оқу орнына түсіп, инженер-геолог мамандығы бойынша білім алады. Тау-кен ісінің білікті маманы атанып шыққан Жөкең мұнымен тоқтап қалмай, мұнай өнеркәсібі академиясына оқуға түсіп, оны да ойдағыдай аяқтайды. Осы жылдар аралығында ол теория мен тәжірибені қатар ұштастыра отырып, өзінің техникалық сауатын тереңдетуге зор мүмкіндік алады.
Осыдан қырық жылдай бұрын бұл азамат Теңіз кен орнына атау беріп, оның мол қоры туралы алғаш болжаған болатын. Қазақ ұғымында «Теңіз сөзі – мол, көп, таусылмайтын» деген түсініктерді береді. «Теңіздей шалқыған шалқар» деген атаулар да молшылықтың символындай. Сондықтан, Жолдасқали ағамыз осы кенішті Теңіз деп атауды ұсынған. Әңгіменің ашығын айтқанда, аты шулы Теңіз кен орнының алғашқы нүктелерін геологиялық картаға түсірген де осы абзал азамат еді.
Қазақстанның негізгі мұнайлы аймағы саналатын батыс өңірінің жалпақ даласында Жөкеңнің ізі сайрап жатыр. Ол – осындай «қара алтын» толы бассейннің, қарапайым тілмен айтқанда, тұнып тұрған байлықтың көзін ашып, халықтың игілігіне жарата білген көреген барлаушы.
Егер біз Қазақ геологиясының атасы – Қаныш Сәтбаев дейтін болсақ, қазақ мұнайының майталманы – Жолдасқали Досмұхамбетов деп толық айта аламыз. Бұған бүгінгі және болашақ ұрпақтың ешқандай таласы болмасы анық. Бұлай ауыз толтырып айтарлықтай мақтауымыздың дәлелі Жолдасқали Ахметұлының өмірі мен еңбек жолында жатыр.
Атақты мұнайшының орасан зор еңбегінің бірі – жердің тұз қабатының астында жатқан байлыққа терең үңіліп, зерттеуі дер едік. Соның арқасында, жетпісінші жылдардың аяқ шенінде тұзасты мұнайын көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік туды.
Жөкеңнің тұлғалық қасиеттеріне келер болсақ, оның өзі бір бөлек әңгіме. Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның мұнай өнеркәсібін өркендетуге бар өмірін арнаған бірқатар ардагер мұнайшылардың арасында Жолдасқали Ахметұлының шоқтығы биік тұрады. Олай даралануының себебі – іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің ерекшелігінде. Оның тәлімгер-ұстаздығы, кісілігі мен кішілігі, ділмар шешендігі, бірбеткей мінезі мен ақ адал жүрегі төңірегіндегілердің назарын өзіне аударып, әрдайым ұршықтай иіріп әкететіні және бар. Көшбасшылық қырын айқындай түсетін және бір қасиеті – мәжіліс-жиналыстарды, алқалы кеңестерді басқару тәсілінің өзгеге ұқсамайтындығы, баратын ортасын алдын ала зерттеп-зерделеп, өзін аудиторияға бейімдеп, қай жерде не айту керектігін ойластырып алатындығы.
Бұл кісі көпшілік ортада қаламға жүгініп, қағазға ештеңе түртпеген. Естіп-білгендерін тек жадында сақтап отырған. Өзінің бірге оқыған жолдастарының айтуына қарағанда, ұзын-сонар лекцияның өзін тек мұқият тыңдаумен ғана шектеліп, ешқандай конспект жазбаған. Ертеңіне оқытушының айтқандарын қаз-қалпында жеткізетін құймақұлақ, зерек жан еді.
Жолдасқали Ахметұлының қайталанбас мінезі мен адамгершілік қасиеттері өмірлік жары Нұрзиланың естеліктерінен де қылаң береді. Мәселен, ол кісінің шайға құмарлығы соншалықты, бір самаурын шайға мейірі әзер қанады екен. Өзі кім-кіммен де тең жағдайда сөйлесіп, ортақ тіл табыса алады. Алмас кездіктің жүзіндей өткірлігінің арқасында бір сөзі жерде қалмаған принципшіл, бетке тіке қарап, тура айтатын ерекшелігімен дараланған. Өмірі мен өрелі істері өнеге болған осындай біртуар тұлғаның өзі өлгенмен, рухы бізбен, келер ұрпақпен бірге жасай бермек.
Қазіргі таңда оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында бірсыпыра шаралар қолға алынып, тиянақты атқарылуда. Мысалы, Жылыой мұнай-газ өндіру басқармасының бір кеніші, Атыраудағы техникалық бағытта тәлім беретін лицей атақты мұнайшының атында. Қаладағы бір көшеге Жөкеңнің есімі беріліп, мемориалдық тақта орнатылған. Мұның өзі мұнай өңдеу-өндіру саласындағы жолдастарының берген бағасы, бірге жұмыс істеген әріптестерінің шын жүректен жасаған сый-құрметі, халықтың ризашылығы болса керек-ті.
Бүгінде туғанына жүз жыл толуын атап өтіп жатқан Жолдасқали Ахметұлының ұрпақтары да әке жолын қуып, ұлтына адал қызмет етуде. Жолдасқали мен Нұрзила жеңешемізден тараған ұл-қыздары өнегелі отбасының ісін ойдағыдай жалғастыруда. Солардың ішінде Қарлығаш, Махамбет, Исатайлар – геологтар, Қобылан – геофизик, Шара – дәрігер, Баян – математик болып, өмірден өз орындарын тапқан мәуелі бәйтеректің бұтақтары. Олар Қазақстанның әр қиырында шашылған несібесін теріп жеп, халқына жемісті еңбек етуде.
Махамбет – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының аға вице-президенті бола жүріп, ірі мұнай жобаларын басқаруда. Оның ішінде, Каспий теңізіндегі жаңа мұнай кешені – Қашаған да бар. Махамбеттің баласы Болат әкесі мен атасының жолын қуып, мұнайшы болуды армандайды.
Иә, Жолдасқали Досмұхамбетовтың еткен еңбегі ел аузында аңыз болып айтыла берері анық. Дегенмен, ол кісі жөнінде өзімен бірге жүрген үзеңгілес қатарластарының, жақын араласқан ағайын-туыстарының жазған естеліктері әлі де болса аз. Қазірдің өзінде қайталанбас тұлғалармен бірге жүріп, тонның ішкі бауындай араласқан замандас, қатарластары да сиреп барады. Ендеше, «Сары табақтан қайтқан сарқыттан» басқаларға дәм татқызу бәріміздің міндетіміз. Сондықтан, көзі тірі еңбек ардагерлерін жастармен жиі кездестіріп, тәжірибе алмасып, ағаның ұлағатына сусындатып отыруымыз қажет-ақ.
Өңірде «қара алтынның» мол қорын ашқан осынау ардақты да асыл ағамызға ел болып еңселі ескерткіш орнату бүгінгі күн тәртібінен түспейтін мәселе болуға тиіс деген ойдамын.
Ел экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосқан ұлы тұлға туралы естеліктер Маңғыстаудың, Қызылорданың, Ақтөбенің, Астана мен Алматының төрінде мерекелік шараларға ұласып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, Жолдасқали Ахметұлы – тек Атырау өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ еліне ортақ танымал тұлға.
2002 жылы жарық көрген журналист Сабыр Өтепбергеновтің «Заманының заңғары» атты кітабында да ардақты азаматтың есімін ұрпақ жадында сақтау жөнінде де біраз ұсыныстар жасалған. Олардың іске асқаны да, аспай қалғаны да бар.
Осы орайда қазақтың дана да дара перзенті Әбіш Кекілбаевтың: «Өз жақсыларымызды өзіміз ұлықтамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз қызықтамасақ, онда ол өз ырысымызды өзіміз тепкендік, өз тілеуімізді өзіміз кескендік те болар еді», — деген аталы сөзі еске оралады.
Халқымыз «өлі разы болмай, тірі байымайды», — деген сөзді жайдан-жай айта салмаса керек. Ендеше, Жолдасқали Ахметұлының ел үшін сіңірген еңбегі қасиетті қазақ халқының бүгінгі және болашақ ұл-қыздарына ұлағат болып қала бермек.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Астана.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button