Atr.kz/31 наурыз, 2020 жыл. Ұл мен қыздың есімін қоюға халқымыз әуелден қатты мән берген. Өз өмірін төрт түлік малсыз елестете алмаған ата-бабаларымыз перзенттерін Жылқыбай, Ботагөз, Түйебай деп атаған…
Табиғатпен тұтастықта тұрмыс кешіп, тыныстіршілігін айнала қоршаған ортамен байланыстыра білген халқымыздың салтсанасы Айсұлу, Күнсұлу, Қоғабай деген есімдерден көрінеді. Қазақ – еліктегіш халық. Жақсыға еліктеген, әрине, құптарлық, алайда, кейде «артық қылам деп тыртық қылып» жүргеніміз де жасырын емес.
Талғамсыздық, деңгейдің төмендігі кейде өкінішті жағдайларға әкеліп жүргені де ақиқат. Соның бірі – балаға ат қою мәселесі. Кеңестік кезеңде белең алып, күні бүгінде дендеп кеткен қоғамдағы сырқатты жағдайдың себептерін ойлап бас қатырып жатқан да ешкім жоқ. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп бейжай, немқұрайдылыққа етіміз үйреніп кеткені соншалық, қаймағы бұзылмаған қазақы ұғымға мүлде жат келетін есімдерді балаларымызға қойып жүргенімізге не жорық десеңізші?!
КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢНІҢ САЛҚЫНЫ…
С о н а у ж и ы р м а с ы н ш ы ғасырдың жылан жылғы қараша айында болған төңкерістің қазақ тіліне, дініне, тұрмысы мен салтына да жасалған төңкеріс болғаны шындық. «Байлар мен молданы, қойдай қу қамшымен» деген әнге басқан шолақ белсенділер өз балаларына сол кезең көсемдерінің есімін беруден бастады. Мэлс, Маркс, Энгельс, Коммунар, Социал, Демократ, Октябрь деген қоғамдық-саяси есімдер – сол жылдардың жемісі.
Одан кейін колхоздастыру кезеңі басталғанда Колхозбек, Пермебайлармен толықтырылды. Егіз балаларды Максим және Горький атағанды да көргенбіз. Үкімет, Кеңес, Жеңіс, Советхан, Советбектер де – сол заманның естелігі. Қ ы з ы л и м п е р и я н ы ң орыстандыру саясаты да барынша мықты жүргізілді.
Содан да шығар, «Едігені — Эдик, Зәрипаны — Зина, Гүлнәрді — Гуля, Райханды — Рая, Айгүлді — Аня, Жарасбайды — Жора» деп атайтын дәрежеге де жеттік. Осынау орысша есімдерді қолының сыртына, саусағының арасына инемен тескілеп, көкпеңбек етіп жазып алған замандастарымыз арамызда әлі де бар. Бір-бірін азан шақырып қойған қазақша есіммен емес, «Коля», «Володя» деп шақырып, соған марқайып жүретіндерді де көрдік, қазір де ел ішінде кездеседі.
Қазақ баласының есімдер каталогын Екінші Дүниежүзілік соғыс толықтырды. Майдан даласында қан кешіп оралған ардагерлер қандыкөйлек жолдастарының аттарын, коммунист Эрнест Тельманның атын да өз балаларына тәбәрік етті. Сөйтіп, Александр, Эрнест, Тельман, Артур атын алғандардың қатары толықты. Одан кейінгі тың және тыңайған жылдарды игеру кезеңінің де бұл салада қолтаңбасы қалды.
Украина, Белоруссиядан, Ресейден ағылған жастар онсыз да өз салтынан, тілі мен дінінен ауытқып бара жатқан қазақтардың көзқарасын түбегейлі өзгертті. Соның салдарынан түріне қарағанда орыс емес, тіліне қарағанда қазақ емес дүбаралар көбейді. Олар тіптен өз ұлтының тілін, тұрмысы мен салтын менсінбей, өзге халықтың тілінде ойлап, сол тілде сөйледі, қазіргі таңда да ондайлар көбеймесе, азайған жоқ.
БАЛА ТҰРМАҒАСЫН ҚОЙЫЛҒАН ЕДІ…
Қазақ – өте ырымшыл халық. Әсіресе, баласы тұрмай, қайта-қайта шетінеп кеткен жандар қалай да дүниеге келген шақалағының ғұмырлы, бақытты болуы үшін қандай қадамға болсын баратыны айқын. Мәселен, баласы тұрмаған әйел өз үйінен емес, басқа үйден жеңілденіп, баласы көп бәйбішені кіндік шеше қылып, бір қап тезекке сатып алатын да ырым болған.
Сатыпалды, Тауыпалды, Аллаберді, Құдайберді, Тәңірберді есімдері – осының айғағы. Тіптен, баласы тұрмаған соң, жүкті екенін жұрттан жасырып, төркініне барып жеңілденіп, баласын ел кезіп жүрген қайыршыға беріп, оған қалағанын беріп, өз баласын қайта сатып алған, Тіленші деп атап, өле-өлгенше «балам» деп маңдайынан сипамай, өз баласына жақындауға жүрегі дауаламаған аналар да бар қазақ тарихында.
Сонымен қатар, сәбиі шетіней берген соң орыстың есімін беріп, «Орыс көп пе, орман көп пе? Орыс сияқты көп жұртты, ұзақ ғұмырлы болсын» деп тілеген жандар да баршылық. Бір таңданарлығы, сол ырымдар өзін-өзі ақтағаны. Шмидт, Лиза, Катерина, Николай атанған сол балалар үбірлі-шүбірлі, бақытты ғұмыр кешіп жатқаны да рас. Бала тұрмағасын Итемген, Ләйке, К…бар және басқа да есімдермен аталған жандар да тарихтан белгілі. «Айман-Шолпан» жырындағы К…бар батырды айтсақ та жеткілікті шығар.
ОҚИҒАЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ АТАЛҒАН…
Ә л е м д е н е б і р таңғаларлықтай оқиғалар күн сайын болып жатады. Кейде ата-аналар сондай бір оқиғаларға үн қосу мақсатында дүние есігін ашқан сәбиге есім береді. Съезбек, Съезхан, Саммит, Саммитхан, Олимпиада, Сайлаубек сияқты саяси науқандарға арналған есімдер де тілімізді, ұ л т т ы қ е р е к ш е л і г і м і з д і қ о й ы р т п а қ т а н д ы р ы п жібергені айқын. Майдан, Герой деген есімдер де осы мағынаны білдіретіні сөзсіз.
Олай болса, сәбидің атын қоюда өкінішке ұрынбаудың жолын ойлайықшы, ағайын! Төртемді Аман, Есен, Тұрар, Мекен деп те атай береді. Әлбетте, бұл сияқты ізгі ойдан туған қазақы есімді естігенде жүрек жылып, жұртшылықтың жақсы қабылдайтыны да даусыз. Жүрсін, Тұрсын, Тоқтасын деп үшемді атаса, қызы көп отбасы Дәметкен, Жаңылсын, Жаңылдық, Ұлдай, Ұлмекен деген есімдерді де жиі қояды. Бұның өзі халқымыздың оптимистік көзқарасын, алдағы күннен жақсылық күтуін де білдіреді емес пе? Шындығында, осындай ат қ о й ғ а н қ ы з д а р д а н с о ң міндетті түрде дүниеге көптен күткен ұл келіп, шаңырақты шаттыққа бөлейтіні де бар.
ӨЗГЕ ТІЛДЕРДЕН ЕНГЕН ЕСІМДЕР
Жиырмасыншы ғасырдың 70- 80 жылдары — үнді киносының жұлдызды сәті. Дәл осы кезеңде туған балалар Радж, Капур, Индира, Гита, Зита атанды. Американдық еркіндік сүйгіш Самантаның құрметіне Саманта, кубалық Лолитаны ұмытпау мақсатында Лолита деген қыз бала есімдерін де айналысқа енгіздік. Не деген халықтар достығын ту еткен халықпыз десеңізші!
ҚАЗАҚЫ АТТЫҢ ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛДЫ
Балаға ат қоюда бүгінгі ата-ана тілімізге үлкен нұқсан келтіріп отыр. Мәселен, Әділ – Аделя, Әмір – Амир, Амира, Әсем – Асема, Әнел – Анеля болып қойыртпақтандырылуда. Қара сөздің қаймағын қалқыған халқымыз небір ғажап есімдерді ұрпағына лайықты деп санаған. Мәселен, Гәкку, Іңкәр, Айкөркем, Нұржан, Аяулым, Арайлым, Бақдәулет, Нұрберген деген қазақы аттың қандай кемдігі, олқылығы бар?! Қайта, мағынасын түсініп, сол есімді иеленген адамға зор құрметпен қараймыз, сүйсініп тұрамыз.
Тіптен, қаншама ұлы ата-бабаларымыз бар? «Абылай, Бұқар, Махамбет, Исатай, Алпамыс, Қамбар, Гүлбаршын, Назым, Жібек» деп неге қоймаймыз шақалақтың атын? Рухымыздың биіктеуі үшін, ұлтымыздың жаһандану кезеңіне жұтылып кетпесі үшін керек қазақы есімдер. Ұ л т ы қ а з а қ , Қ а з а қ с т а н Республикасының азаматы бола тұра есімі басқа тілде аталған жаннан қандай қазақылық күтеміз? «Қазақбайды – Коля» дегенде ұтарымыз не? Ал, ұтыларымыз ақиқат.
P.S.
Адамның есімі оның болашағына да әсерін тигізеді екен. Сондықтан, дүние есігін жаңа ашқан шарананың атына мән бергеніміз дұрыс. Бәзбіреулер «ұлы болсын, мықты болсын» деген тілекпен есімі елге әйгілі тұлғалардың, атақты әншілердің, спортшы, саясаткерлердің атымен атап жатады нәрестесін. Ал, ол адамның өмір жолында қандай қиындыққа тап болғаны, тағдырдың қандай теперішін көргені тек өзіне ғана аян.
Жаңа туған сәбиге өзгенің тағдырын қайталатқанда табарымыз не? Осыған да ой жүгірткен абзал. Ұл-қызымыздың есімі оның нұрлы болашағын, жарқын өмірін әйгілеп, атаанасының үмітін ақтап, елге тұтқа боларына сендіретіндей нағыз қазақ тілінде болсыншы, ағайын! Өйткені, ұрпақ есімі – қазақтың ұлттық коды.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА