Терможаңғырту: ИГІЛІКТІ ІСТЕ ІРКІЛІС БАР

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен кеңес терможаңғыртудың жайына арналды. Мәселенің мән-жайын облыстық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жандос Сәлімов баяндады.

2011-2012 жылдары терможаңғырту бағдарламасымен Атырау қаласында жалпы ауданы 143253 шаршы метрді құрайтын 45 көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл жұмыстардың атқарылуына 1 млрд. 276 млн. теңге қаражат қаралған. Есепті мерзімде сол соманың 1 млрд. 196 млн. теңгесі немесе 94%-ы игерілген.

Соның ішінде бірінші механизм бойынша 15 көп пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, жоспар 92% көлемінде орындалған. Сол секілді, екінші механизм жүйесімен 30 көп қабатты үйде жөндеу жұмыстары жүргізілген немесе белгіленген меже 95%-ға орындалған. Жекелей алғанда, бағдарлама аясындағы жұмыстар басталған 2011 жылға тиесілі терможаңғыртумен қамтылған көп қабатты үйдің саны-17, ал келер жылдың еншісінде 28 болғанымен, жоспарланған жұмыстардың толығымен  орындалмағандығы да ашық айтылды. Осылайша, 2012 жылдың қорытындысында бірінші және екінші механизмдер бойынша көрсеткіш 90-92 %-ды құраған. Ал, 2013 жылы республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен бұл мақсатқа ешқандай қаржы бөлінбеген.

Білгеніміздей, терможаңғырту жұмыстары ағымдағы жылы қайтадан жалғасын таппақ. Нақтылай кетсек, биыл қазынадан қаралған 650 млн. теңгеге 19 көп пәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізу межеленген.

Әйтсе де, халықтың игілігі үшін жасалып жатқан осынау жұмыста «әттеген-ай» дегізер жайттардың, іркілістердің барын да байқадық. Анығын айтқанда, терможаңғыртудан өткізілді деп есепке алынып, үйлердің бәріне бірдей ресімделуге тиісті мемлекеттік тапсыру-қабылдау актілеріне қол қойылмаған немесе тиянақталмаған. Қадағалаушы, бақылаушы құрылымдар тарапынан ұсынылған сын-ескертпелерден сәйкесінше қорытынды шығарылып, орын алған кемшіліктер түзетілмеген немесе қалпына келтірілмеген. Үйлері терможаңғыртудан өткізілген тұрғындар екі жақты келісім-шарт негізінде жөндеу жұмыстарының шығындарын белгіленген мөлшерде әр ай сайын төлеп, кері қайтарып тұруға міндетті болғанымен, бұл талаптың да толығымен орындалмағандығы аңғарылды.

Сөзінің соңында осыны атап айтқан баяндамашы бұған нақты мысалдар мен дәлелдерді де келтіре кетті. Қалай дегенде де, мұндай олқылықтардың орын алуына себепші болған немесе кінәлі деп танылған жеке және заңды тұлғалардың, жауапты лауазым иелерінің  заңдылықтарға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жазасыз қалмайтындығын ескертті. Ал, мемлекет қазынасынан қаржы бөлініп, орындалуы он жыл мерзімге есептелген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешенін жаңғырту бағдарламасын қайткенде де жүзеге асыру міндеті күн тәртібінен түспейтінін қаперледі. 

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз