Жарнама
Қоғам

ӨЗЕН ЖАҒАЛАҒАННЫҢ ӨЗЕГІ ТАЛМАЙДЫ

 

Жайық өзені жағалауындағы ауылға қатысты проблеманың бірі – жұмысыздық. 2012 жылы 208 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, ақылы қоғамдық, уақытша және тұрақты жұмыстарға алынғаннан кейін олардың саны жыл соңындағы тіркеуде 32-ге дейін түсіпті. Бұдан басқа, ауыл арасындағы ұрлық оқиғасы да жиілеп кеткен. Ашылуы қиынға түсетіндіктен орын алған жеті ұрлық оқиғасының екеуін ғана кім жасағаны анықталған.

— Атырау селолық округіне қатысты мәселелермен жақсы таныспын, оларды шешу үшін қолдан келгенше жұмыстанудамыз,-деді қала әкімі Серік Айдарбеков.

Балық шаруашылығымен қатар, егіншілікті де кәсіп еткен ауылдықтар үшін маңызды мәселенің бірі – «Золотенок» өзегін тереңдетіп қазу жайы облыс деңгейінде бірнеше мәрте көтерілген. Шаруа қожалықтары үшін тиімді екеніне шәк жоқ. Бірақ, бұл жұмыстарға 300 млн.теңге қаражат керек.

Округтегі әлеуметтік дүкендер желісіне тоқталып, оператор болып белгіленген жеке кәсіпкерлерді атаған Серік Кенғанұлы ауыл тұрғындарын ел үкіметі тарапынан көрсетіліп отырған қаржылық және әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. Мәселен, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қала бойынша екі мың адам кәсіби біліктіліктерін арттыру курстарына жіберілсе, оның ішінен осы округ бойынша 27 адам өтіп келген. Бағдарламаның екінші кезеңі бойынша былтыр 82 адам 171 млн.теңге несие алса, оның ішінде Атырау селолық округінен бір адам 1 млн.теңге көлемінде несие алған.
Сондай-ақ, қала басшысы биыл жоспарланып отырған жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Атап айтсақ, Құрманғазы селосына екі трансформатор қондырылып, Жаңаталаптағы жаңадан берілген жерлерге электр желісі, округтегі жаңадан берілген жерлерге көгілдір отын желісі тартылады. Жаңаталапта медициналық пункт ашылып, қала маңындағы елді мекендерге спорттық тренажер құралдары қойылатын болады.

Рахман Әбуев «Қызыл балық» ауылынан бой көтерген балабақша мен құрылысы басталған спорт кешені тездетіп іске қосылса, ауылдың мәні мен сәні кіре түсер еді деген ойымен бөлісті. Ол «бұл іске кәсіпкерлерді де тарту керек» деген пікірде. Балабақшаға байланысты сөзінде қала әкімі оның аяқталып тұрғанын, бірақ, сметалық құжаттарында ішкі керек-жарақтарымен қамтамасыз ету қарастырылмағандықтан, оған қосымша қаражат бөлінуі тиіс екендігін түсіндірді.

Тұрақты жұмыспен сексенге тарта адамды қамтып отырған «Махамбет-Даниал» ЖШС бастығының орынбасары Асқар Сейітов су құрылғысымен көмектесуді сұрайды. Рысқали Нұржаубаев ақсақал да 15 га шаруа қожалығына су тарта алмай отыр екен.

— Ауыл ішіндегі жұмыссыздық, шындығында, ресми тіркелгеннен көп. Көп жерде олардың орнына ұлты өзбек, қарақалпақ азаматтарын алады. Содан кейін ойымда жүрген бір ұсыныс: жаңадан ашылатын спорт кешеніне танымал спортшы Әмин Тұяқовпен бірге эстафетаға қатысқан Ғарифолла Харесовтің атын берсек,-деді Р.Нұржаубаев.

Жиын өткен Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте балаларға ыстық тағам беріле бастаған. Әзірге асхана ретінде акт залы қолданылып отыр екен. Осы жайды атай кеткен мектеп мұғалімі Гүлнар Ерекешова білім ошағына күрделі жөндеу жүргізгенде осы мәселені ескерсе деді. Бұдан басқа, ол ауылдың біршама жерінде қоқыс жәшігінің жоқтығын, тұрғындардың сол себепті де тазалық мекемесімен келісім-шартқа отырмайтындығын жеткізді.

Серік Айдарбеков айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрін мұқият тыңдап, келіп түскен сауалдарға толықтай жауап берді.

Округке әкім болып С.Лұқпанов тағайындалды.

Құралай ҚУАТОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button