Жалғастың «Дала дидары»

ZHal astyi Dala didaryi Қоғам

Жергілікті фотосуретші Жалғас Қайырхановтың есімі атыраулықтарға жақсы таныс. Жасөспірім шағынан суретке түсіруді жаны сүйетін оның нысанасына ілінген жансыз бейнелері көрген адамды «сөйлеп тұрғандай» айрықша әсерде қалдыратынына талай мәрте куә болып жүрміз.

Жалғастың «Дала дидары»

Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында тұратын Жалғас «әп, бәрекелді» дегізер тамаша бір іс жасады. Нақтырақ айтсақ, «Хазар шығармашылық орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «Жаппас Трэвел» туристік агенттігінің қолдауымен «Дала дидары» атты қайырымдылық фотокөрмесін өткізді. Сөйтіп, ол сал ауруына ұшыраған бір жасар Әсемай Қайырберген есімді бүлдіршіннің емделуі үшін осы шараны өткізу арқылы көмек қолын созуды көздепті.

Еліміздің өзге де аймақтарының әсем де сұлу табиғатымен ерекшеленетін жерлерін, өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін, адам мен табиғаттың тұтастығын фотосурет тілімен сөйлетуді мақсат тұттым. Міне, сол тақырыптардағы суреттерімді көрмеге келген көрерменнің өзінше бағалап, таңдағанын сатып алуына, сөйтіп, олардың қайырымды іске үлесін қосуына мүмкіндік берсем деген ой келді маған, – дейді сөзге сараңдау, шаруасына мығым жігіт.

Атыраудағы ретросаябақта ұйымдастырылған көрмеге әуесқой фотосуретшінің 60-тан астам туындысы қойылды. Ескінің көзіндей көрінетін, сондай-ақ, жаңаның жетістігін жеткізіп тұрған заманауи фотоаппарат құрылғылары да келушілер назарын аударды. Өнерпаздардың орындауындағы әсем әндер мен тәтті күйлер де көңілдерге қуаныш сыйлады.

Бір қуантарлығы, «Дала дидары» атауымен айшықталған көрмеге қойылған, көз жауын алып, көңілге түрлі ой салар туындылардың бәрі дерлік сол күні-ақ иесін тапты. Әуелде мақсат етілгеніндей, сатылымнан түскен қаражат толығымен кішкентай арудың анасы Назгүл Әлиеваға табысталды.

Жоламан ОТАРҒАЛИҰЛЫ.

Суреттерде: әуесқой фотосуретшінің табиғат тамашалары бейнеленген төл туындылары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз