ҮЗДІК МАМАН – ҰЖЫМ МЕРЕЙІ
Осылайша, төрт бірдей отандық компанияның атынан барлығы 56 адам қатысқан сайыста «Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь» номинациясымен ембілік мұнайшылардың намысын қорғаған Қайрат Атоллаұлы Насиханов («Жайықмұнайгаз» МГӨБ №3 Жаңаталап цехы) топ жарып, жеңімпаздар сапынан көрінді.
Ширек ғасырға жуық уақыттан бері аталмыш кәсіпорында жұмыс жасайтын бұл азаматтың өмір жолына үңілсек, ол төмендегіше өрілер еді. 1970 жылдың қазан айында Исатай ауданының Тұщықұдық селосында, қарапайым еңбек адамдарының шаңырағында дүние келген. 1978 жылы осындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін туған ауылында еңбекке араласты. Кеңшарда құрылысшы болып еңбек етті. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейін 1991 жылдан бері осы қос өзен аралығының «қара алтынын» игеріп, ел игілігіне жаратушы «Жайықмұнайгаз» басқармасында қызмет етуде. Аталмыш кәсіпорындағы еңбек жолының тұсауын бұрғышының көмекшісі ретінде кескен жігіт бірер жылды артқа тастап, әуелі ұңғымаларды жерасты жөндеу цехының аға операторлығына, сонан соң көтергіш қондырғының машинисі мамандығына ауысады. Қазіргі уақытта өзі еңбек етіп жүрген №3 Жаңаталап кен орнында мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеумен шұғылданатын слесарь. Отбасында Мәрия Ғалымова есімді өмірлік жары, шаңырақтарын шаттыққа кенелткен Құралай мен Әсел атты қос шынары бар. Өндірістен қол үзбей жүріп, Атырау мұнай және газ институтын мұнай-газ кен орындарын игеру мамандығы бойынша тәмамдаған.
– Халқымызда «Әркім – өз ісінің ұстасы» деген қанатты сөз бар ғой. Тегінде, еңбегің жанып, өз ортаңда беделді болуың, абырой биігінен көрінуің ең алдымен, өзіңе, тапсырылған жұмысты толыққанды атқарып, сенім үдесінен көріне білуіңе байланысты. Мен де еңбек жолымда осы қағиданы қатаң ұстанып, білмегенімді алдымдағы аға-апаларымнан, ұстаздарымнан үйренуге, бар білгенімді өзімнен кейінгі ізбасар шәкірттеріме үйретуге тырыстым. Соның арқасында азды-көпті табысқа қол жеткіздім. Жылдан-жылға тәжірибем молайып, мамандығымның қыр-сырын, кәсібімнің құпияларын меңгеруге деген машықтығым арта түсті. Біртіндеп озаттардың қатарына қосылдым. Мемлекеттік және кәсіби мерекелерде түрлі марапаттарға да ие бола бастадым. Енді, міне, ел көлемінде мамандығының үздіктерін анықтайтын байрақты бәсекеде алқалы топтың алдына шықтым.
Сайып келгенде, бір ғана менің емес, әріптестерімнің мерейін үстеген, мақтаныш сезіміне бөлеген мұндай байқаулардың берері зор, тағылымы мол.
Осы тұста сәл шегініс жасасам, ұңғымаларды жерасты жөндеу цехына жұмысқа келген кезде Рамазан Мәмбетов, Мұратбек Хасанов сынды бірі машинист, екіншісі оператор ағаларым өз білгендерін үйретіп, маған ұстаз болды. Ол кісілерден өзіме бейтаныс, беймәлім көп нәрселердің қыры мен сырына қанықтым, мамандық-кәсібіме деген қызығушылығым, көрсем, білсем, меңгеріп алсам деген ынтызарлығым күшейді. Кейіннен өзім де соңымнан ерген інілеріме әріптес аға ретінде ақыл-кеңесімді беріп, үлкендігімді білдіріп, дұрыс жол сілтеуге ұмтылдым. Бертін келе, олар да өзгелері өздерінен үлгі-өнеге аларлықтай дәрежеге жетті. Бір-екеуінің есімдерін атасам, Манарбек Нұрғалиев – бүгіндері басқармаға қарасты мұнай айдау цехының бастығы, ал, Сағатбай Ахметжанов сол ұңғымаларды жерасты жөндеу цехында ауысым шебері лауазымында еңбек жолдарын абыроймен жалғастыруда,-дейді бір сәт кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Ыждағатты дайындалмасаң, қандай сыннан да сүрінбей өтуің қиынға соғары сөзсіз. Бұл тұрғыда цех бастығы Әділжан Қадырәлиевтен бастап, оның орынбасары Құттыбай Берқалиев, механик Римхат Дүйсекенов, «Жайықмұнайгаз» басқармасының бас механигі Аманбай Габдуллин, қала берді, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамындағы жауапты мамандар осы жағына үлкен мән беріп, жан-жақты ағалық, әріптестік көмектерін аямағанын да ол жасырмады. Содан да шығар, С.Балғымбаев атындағы мұнай өндіру цехының Солтүстік алаңында өткен сайыста берілген тапсырманы сапалы әрі тиянақты, уақтылы орындап, өзімен бірге бәсекелескен төрттіктің ішінен топ жарды. Сол үшін де өзіне септігін тигізіп, қолдауын білдірген үлкенді-кішілі әріптес, ұжымдастарының баршасына ризашылығын білдірді.
Мұндай конкурстардың жеңімпаздарды анықтап, мақтау-марапаттау үшін емес, бір салада еңбек етіп жүрген мамандардың бірінен-бірі үйреніп, өзара тәжірибе алмасуына, ынтымақтастық қарым-қатынаста болуына, ең бастысы әркімнің өз ісінде табысқа жетіп, кәсібінің игілігін көріп, ілгері адымдап, биіктерді бағындыруыңа жол ашары кәміл. Ойындағысын осылайша сабақтаған Қайрат Атоллаұлы айтулы байқаудың өз дәрежесінде ұйымдастырылуына, сайысқа қатысушылардың еңбегінің әділ бағалануына ұйытқы болған ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ басшылығы мен конкурстық комиссия құрамына, қазылар алқасына да алғысы шексіз екендігін жеткізді.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, былтыр бірінші рет, басқарма цехтары, сонсоң «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорындары арасында өткізілген байқауларда жүлделі орындарды еншілеген азамат биыл да тұғырынан таймады. Тағы да биіктен көрініп, алғашқы екі турда жеңіп шыққан білікті маман ақтық конкурстың қорытындысында да мықтылығын, басымдығын дәлелдеді. Қашан да жеңісті қадамына тілеулес боп жүретін ұжымдастары мен әріптестерінің үмітін ақтады.
Қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қолдап, әлеуетін көтеруді алғы кезекке қоятын «ҚазМұнайГаз» Барлау.Өндіру» акционерлік қоғамы басшылығы бұл жолы да қалыптасқан дәстүрінен, игі үрдісінен жаңылмады. Жеңімпаздарды лайықты құрметтеп, марапаттады. Сол арқылы отандық компанияның да ұстанған саясатын, алға қойған мақсатын, бағыт-бағдарын танытты, адами капиталды жоғары бағалайтынын байқатты. Сөйтіп, екінші турдан бірінші орын алғандардың бәріне Түркия еліне қысқа мерзімде демалып, бір жағынан біліктілік дәрісін алып қайтуға жолдама берсе, соңғы шешуші сайыстың қорытындысымен жеңіс тұғырына көтерілгендердің әрқайсысының еңбекақысына (арнаулы жүлдесінен басқа) 30 пайыз көлемінде үстеме (бір жыл бойына) қосылатын болып ұйғарылды.
Кейіпкеріміз хақында үлкенді-кішілі әріптестерінің де айтары аз еместігін аңғардық. Солардың бірі «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қызметкерлерді басқару бөлімі бастығының орынбасары Жайнарбек Бержанов былай деді: — Қайраттың осы кәсіпорында жұмыс жасағанына жиырма жылдан асты. Қазіргі еңбек ортасы-№3 Жаңаталап мұнай өндіру цехында жабдықтарды жөндеуші-слесарь мамандығын меңгергеніне де төртінші жылға аяқ басты. Қай істі де жатсынбайтын, тезірек үйреніп-білуге ұмтылысының нәтижесінде бұл кәсіпті де ұршықша иіріп, дөңгелентіп әкетті. Міне, енді өздеріңіз де көріп, куәсі болып отырғандарыңыздай, төрт бірдей компанияның командалары қатынасқан республикалық конкурста он номинация бойынша кәсіби біліктілік пен шеберлік сынға түскен сәтте де ол сүрінбеді. Атап айтқанда, мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарьлар сайысында барлық көрсеткіштер бойынша жоғары жетістіктерді еншіледі. Жеңімпаз танылып, бағалы байрақты қанжығасына байлады. Қоян-қолтық жұмыс жасап, кездескен қиындық-кедергілерді бірлесе жеңіп жүрген төл ұжымының ғана емес, «Жайықмұнай» басқармасы, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының есімін елге танытты. Ең маңыздысы, мұны осының бәріне қолайлы жағдай, мүмкіндік туғызып отырған бас компания «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ның тарапынан жасалынған қамқорлыққа нақты іспен жауап берудің шынайы көрінісі деп есептеймін. Дәстүрлі дода келешекте де жалғасын табатындығына, онда да Қайрат сынды қайратты жігіттердің топтан озып, ембілік мұнайшылардың атын шығарарына бек сенімдімін. Алдағы өміріне де сәттіліктер тілеймін.
Айтпақшы, Қайрекең бала күнінен өнерді жанына жақын тұтқан жан. Мекеме, аудан көлемінде өткізілетін мәдени шаралардың белсенді қатысушысы да өзі. Арасында домбыра шертіп, қоңыр даусымен ән салатыны бар. Ол жағы анасы Зеріп ападан дарыған қасиет болса керек. Зайыбы Мәрия екеуінің бірлігі жарасқан отбасында өмірге келген Құралай мен Әсел қыздары – Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық және қазіргі замандағы Каспий маңы колледждерінің студенттері. Өздері ата-аналарынан алты перзент (төрт ұл мен екі қыз). Ағайынды төртеудің үшеуі осы мұнай саласында еңбек етіп, жарасымды жанұяның басшылары атанса, апалары да өмірдегі өз орындарын тапқан. Ал, Қайраттың өзі – әке шаңырағының кенжесі.
Үздік маман – ұжым мақтанышы-мерейі, абырой-беделі, басқаларының алдында бетке ұстар айнасы десек артық емес. Әңгімеміздің кейіпкері Қайрат Насиханов туралы да ойымызды осылай түйіндегенді жөн көрдік.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген Ә.ШАРАПИДЕНОВ.