Атырауда үлкен істі үндемей жасаған отбасы тұрады

izobrazhenie 2021 03 16 124831 Жаңалықтар

­Әлеуметтік желілерде төбе шашты тік тұрғызатын оқиғалар, көлденең жағдайлар жиі жарияланып жатады. Кейде тіпті, ашып, оқуға жүрексінесің. Шарапаттан кесапат көбейген бүгінгі заманда керісінше, айналамызға қуаныш таратып, игілік үлестірсек – өмірге ынта, көңілге шуақ сыйламай ма?! Замандастар ерлігін, игі істерін жиі насихаттап, өмірді жеңілдету өзіміздің қолымызда. Бізге қоғамды шулататын емес, қуантатын жаңалық керек-ақ.

Бір атаның балаларындай…

Бүгін сіздерге үндемей-ақ игі істер атқарып отырған қайырымды жандар туралы баяндамақшымыз. Қазіргі жастар, ертеңгі ата-анаға үлгі болсын деп махамбеттік көп балалы ана Айгүл Нəбиева есімді кейіпкеріміздің келбетін таныстыруды жөн көрдік. Нұрболат Жұмашев пен Айгүл Нəбиеваның отбасы Махамбет ауданында көпке үлгі. Оның себебі – олардың бес перзентімен бірге ағайынның да үш баласын бауырына басуы. Осыдан үш жыл бұрын қақаған қыс ортасында Нұрболат Жұмашевтың інісі мен келіні Сарайшық ауылындағы колледжде оқитын қызын алып келе жатқанда жол апатына ұшырап, сүттей ұйып отырған бір отбасының шаңырағы ортасына түсті. Бұл оқиға – əлі күнге ел есінде. Бір үйден үш бірдей жаназа шығарылып, бүкіл ауыл қара жамылған-ды. Содан бері Нұрболат пен Айгүл өздерінің бес баласымен бірге інісінің артында қалған үш перзентіне əке орнына – əке, ана орнына – ана болып өсіріп отыр. Сегізінің көйлегін көк, тамағын тоқ етіп бағып-қағу, ауылдық жерде тұратын əке-шешеге оңай тимесі анық. Бірақ, Нұрболат пен Айгүл ауылда жұмыс жоқ деп қарап отырмай, істің көзін тапқан. Нұрболат Жұмашев 26 жыл бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп, бүгінде құрметті демалысына шыққан. Қазіргі уақытта вахталық жұмыста. Сыртта жүргендіктен, балалардың жанында бүкіл уақытын өткізетін анасымен ғана тілдесуге мүмкіндік алдық.

«Бір күнде – 12 торт»

Б а л а л а р д ы ң ш е ш е с і А й г ү л перзенттерінің тəрбиесінен бөлек, торт пісірумен де айналысады. «Балаларым ешкімнен кем болмасын» деген мақсатта дəмі тіл үйірер тағамдарды ауыл халқына сатып, кəсібінен нəсіп табуда. Кейде бір күнде 12 тортқа дейін тапсырыс қабылдап, түнімен пісіреді екен. Ертесіне үйдің өзге тірлігі күтіп тұрады.

 – Үйде екі қыз болып өстік. Ал, жолдасым – отбасының үлкені. Үнемі бауырларына қарасып, қамқорлық танытып жүреді. Тағдырдың жазуы шығар, енді үй болып, етек-жеңдерін жинай бастаған кезде қайын інім мен келінім бұл дүниеден озды. Өздері ұл-қыздарын жетілдіру үшін қай жұмысты да таңдамай кірісіп кететін. Өте жайдарлы, мінезі сабырлы жандар еді, – деп еске алады бүгінде Айгүл үш баласының ата-анасын.

Қазір өздерінің перзенттерімен бірге інісінің де екі баласын жоғары оқу орнында оқытуда. Кішісі əлі мектеп жасында. Баланы жоғары оқу орнына оқыту үшін де қыруар қаржы қажет екені белгілі.

– «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген қазақтың сөзі бар емес пе? Əйтеуір көштен қалмай, ел қатарлы өмір сүріп отырмыз. Берместі тартып алатындай адамдар емеспіз. Құдайдың бұйырғаны болар дегенмен жүреміз. Расында солай. Ауылдан тиесілі үй кезегін күтіп жүргенде, балаларыма баспана қаланың қақ ортасынан бұйырды, – дейді Айгүл ана.

– Бір күні кешке қарай ауылда тұратын жақсы сыйлас апамыз келіп, «Dauletten қайырымдылық қоры» арқылы Дəулет есімді блогер инстаграм əлеуметтік желісінде мұқтаж отбасыларға үй алуға көмектесетінін айтты. Басында сеніңкіремедік. Кейін отағасымен ақылдасып, қайынінімнің үш баласының құжаттарын тапсырдық. Комиссия келіп қарады. Балалардың өздерімен сөйлесіп, ақыры қаладан пəтер берілді. Бізді қолдап, игілікті іс жасаған волонтерлерге, жастарға ризашылығымыз шексіз, – деп тілегін жолдаған ақ жүректі ана қазір балалары да мəз болып жүргенін айтып көзіне жас алды.

Бар жылулық басталады анадан…

– Үлкені қазір 19 жаста. Қарындасына қамқор болып екеуі қаладағы өз үйлерінен сабақтарына барып оқып жүр. Екі отбасы түгілі, бір үйдің балалары бір шаңыраққа əрең сыяды. Бала болған соң кез-келгенге ренжіседі, əйтеуір бөлісе алмайтын заттары көп қой. Бұрынғыдай бір үзім нанды бөліп жейтіндей қат заман емес. Техниканың, смартфонның да түрі дамыған уақытта жастар бір-бірінен асып түсетін соңғы гаджетті ұстап, соңғы үлгіде киінуге құмар. Ал, оларды ренжітпей, тең дəрежеде киім-кешегіне, телефонына дейін бөліп беріп, қарап отыру əр ата-ананың міндеті. Осындай ұсақ-түйекке де мəн бермесек, баланың жүрегін жаралап алуымыз мүмкін. Онсыз да көңілдері жабырқап жүргенде, біздің қолдауымыз ғана қажет, – дейді ол.

Иə, біздің кейіпкеріміз ешбір баланы ренжітпесі анық. Олардың қолында тұратын жасы сексенге келген ата-енесінің де ұлы мен келініне алғыстан басқа айтары жоқ. Үйді де, түзді де келістіріп отырған Айгүлдің əр қасиетіне қарап, игіліктердің өзі осындай айналасына шуақ шашқан қарапайым жандардан бастала ма дерсің? Біз былайғы уақытта үйде бала тəрбиесімен отырған аналардың еңбегін ескере бермейміз. Отбасы үшін ертелі-кеш еңбек еткен, отқа да, суға да түскен əйел-аналарды қай кезде де ардақтап, қолдап-қолпаштап тұру керек-ақ. Айгүл секілді аналардың бірі базарда табанынан сыз өтіп сауда жасаса, енді бірі ертелі-кеш қазан ошақтың қасында ыстыққа күйіп, бірі көше сыпырып отбасын асырап отырғанын да көзіміз көруде. Олардың еңбегі – жəй еңбек емес, ең игі де, ізгі сауапты іс дерсің.

Нұргүл НАСЫР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз