ЗАУЫТТЫҢ БАЛҒЫНДАРҒА ЖАҢАЖЫЛДЫҚ БАЗАРЛЫҒЫ

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жыл сайын Жаңа Жыл қарсаңында Атырау облысындағы балалар үйі мен мекемелеріне қайырымдылық көрсетуді дәстүрге айналдырған. Мерекеде мұнай өңдеушілер «Қазақ саңыраулар қоғамы» Атырау филиалы, балаларды оңалту орталығы, Қарттар үйі, «Балалардың қайырымдылық Ордені» бірлестігі, Сәбилер үйі сияқты 14 мекемені қамтып, базарлық таратты. Барлығы 1024 жаңажылдық сыйлық алынып, зауыт қайырымдылыққа 840 мың теңге жұмсады.

С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйі қашан да Атырау мұнай өңдеу зауытының қамқорлығында. Биылдың өзінде зауыт балалар үйіне 600 мың теңгенің көмегін көрсетті. «Жанашыр» әлеуметтік жобасы аясында мұнай өңдеуші болуды армандайтын балалар үйінің тәрбиеленушісі Ерсұлтан Өрбаев кәсіпорынның ұдайы қамқорлығына алынған. Жасөспірімнің атына «Қазақстан Құрылыс Жинақ банкінде» арнайы есепшот ашылған, Ерсұлтан ер жеткенде баспана алуы үшін зауыт ай сайын 40 мың теңге мөлшерінде қаржы салып отырады.

Міне, Жаңа Жыл қарсаңында зауыттықтар балалар үйіне қонаққа келді. Зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжебек Шахметов, еңбек ресурстары басқармасының бастығы Гуляра Өтеғалиева және әйелдер Кеңесінің төрайымы Светлана Шапабаевалар бұл жолы да базарлықтарын ала келді. Балалардың бәрі де сыйлыққа ие болды. Зауыттықтар балғындармен қосылып, жаңажылдық әндер айтты, Аяз Атаны қарсылап, өтіп бара жатқан 2015 жылды сән-салтанатымен шығарып салды. Ал, балалар үйінің тәрбиеленушілері өз кезегінде, «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі ауылдың балғындарымен қонақтарға бар өнерлерін салып, концерт қойып берді.

Облыстық жүйке аурулары ауруханасын да Атырау мұнай өңдеу зауыты қамқорлығына алған. Емдеу орнына бұл жолы 100 жаңажылдық сыйлық бөлінді. Олар аурухананың диспансерлік есебінде тұратын мүгедек балаларға берілмек.

– Зауыт басшылығы мен кәсіподақ комитетіне осындай ізгі істің басында жүргендеріне алғысымыз шексіз, -деп, ағынан жарылды аурухананың аға медбикесі Гүлжан Әмірова. – Балаларға бұл сыйлықтарды арнайы өткізілетін ертеңгілікте табыстаймыз. Ал, келе алмайтындарға үйлеріне жеткізіп береміз. Мүгедек балалар сыйлықсыз қалмайды.

 №4 арнайы туберкулезге қарсы санаторлық типтегі мектеп-интернатында балалар жаңажылдық мерекеге ерекше дайындалған. Жасыл шырша орнатылған мектептің спорт залының қабырғалары балғын суретшілердің туындыларымен көмкерілген. Балалар да мерекелік сән-салтанатпен киінген. Зауыттан келген қонақтарға балалар ертегі қойылымын көрсетіп, тамсандырды. Аяз Ата мен Ақша қар келгенде балалардың қуанышында шек болмады. Бәрі өз өнерлерін паш етті.  Кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжебек Шахметов пен еңбек ресурстары басқармасының бастығы Гуляра Өтеғалиева мектеп-интернат оқушыларын құттықтап, сыйлықтар таратты.

 – Атырау мұнай өңдеу зауыты үшін қайырымдылық жасау дәстүрге айналған. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында, балалардың сүйікті мерекесіне арнап біздің ұжым Атырау облысындағы әлеуметтік мекемелерге арнайы сыйлықтар алады. Олардың ішінде Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі, сәбилер үйі және осы шара өтіп жатқан шипажай типіндегі №4-ші мектеп-интернаты, басқа да балалар мекемелері бар. Мұқтаждарға көмек қолын созу, қайырымдылық жасау біздің зауыттың басты әлеуметтік саясаты, кәсіпорынның бас директоры Қайрат Құлымұлы көмекке зәрулерді әрқашан назарда ұстайды. Сондықтан да, біз ізгілікті істі алда да жалғастыра бермекпіз,-деді зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжебек Шахметов.

– Зауыт ұжымы атынан, барша облыс тұрғындарын Жаңа Жылмен құттықтаймыз! Жаңа Жыл әр адамға, әр отбасына жаңа бақыт, жаңа жетістіктер мен береке әкелсін!

Қайырымдылық марафоны «Балалардың қайырымдылық Ордені» қоғамдық бірлестігінде жалғасты. Орден 65 мүгедек баланы қамқорлыққа алған. Олардың дені – буын-тірек сал аурулары, Дауна синдромына шалдыққандар мен ауыр жүйке жүйесі науқасы меңдегендер. Олардың 18-і – төсекке таңылған балалар. Бірлестік 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның бар ауыртпалығын бірлестікті ұйымдастырушылар мен мүгедек балалардың ата-анасы арқалап келеді. Қоғамдық ұйымға жергілікті ірі кәсіпорындар демеушілік танытады. Жаңажылдық шыршаны да ұйымдастырушылар қолдағы барымен жасаған.

Мереке кең жерде өтпесе де, жиналған балалардың жүзінен қуанышты байқадық. Мұндай  шат көңіл-күй науқас балаларда күнде бола бермесі анық жайт. Шарада балаларға Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары концерт қойды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты «Балалар қайырымдылық Орденін» осымен екінші жыл қамқорлап келеді. Еңбек ресурстары басқармасының бастығы Гуляра Өтеғалиева балғындарды Жаңа Жылмен құттықтап, денсаулық тіледі. Баршасын Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында қысқы каникул күндері өтетін  зауыт қызметкерлерінің балаларына ұйымдастырылатын мерекелік ертеңгілікке шақырды.

 Мерекеде «Атырау мұнай  өңдеу зауыты» ЖШС-нің қайырымдылық делегациясы ізгі миссиямен, сондай-ақ, Сәбилер үйі, балаларды оңалту орталығында және басқа да әлеуметтік мекемелерде болды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз