ЗАУЫТТЫ ӘРІПТЕСТІККЕ ШАҚЫРДЫ

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру - Елбасы ерекше қойған мәселелердің бірі. Осы бағыттағы тың бастамаларға қолдау көрсету жайы аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында арнайы мәселе болып талқыланды.

Аудандағы 100 пайыз құрылтайшысы шетелдік «КНАУФ» компаниясы болып табылатын «ИСИ-Гипс-Индер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әлеуметтік әріптестік қатынасты жетілдіру бағытындағы жұмыстары туралы серіктестік бас директорының орынбасары Е.Ж.Сұлтаниязов баяндады. Құрылғанына тоғыз жыл болған бұл кәсіпорын ғаныш тастарын ұсақтап, күйдіріп (картон) қағазға қаптау арқылы жалпы көлемі 5,6 млн. шаршы метр болатын төрт түрлі өнім шығарып, онысын Қазақстанның барлық түкпіріне таратып келеді. Серіктестік 2012 жылдың қорытындысымен жергілікті бюджетке салық есебінде 31,023 млн. теңге төлесе, жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлға ретінде тартылған инвестиция көлемі 21,1 млн. теңге болған.
Негізі Индер ауданына тартылған инвестор жұмысының бір ерекшелігі – «ИСИ-Гипс-Индер» ЖШС екі облыстың көлемінде жұмыс істейді. Ғаныш тас өндіретін №102 кен орны Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Сарытоғай ауылдық округіне қарасты жерге орналасса, зауыттың өзі Индер ауданының көлемінде. Сондықтан, жер қойнауын пайдалану келісім-шарты негізінде аймақтың әлеуметтік дамуына қолдау көрсету мақсатында бөлінетін қаржы Батыс Қазақстан облысына аударылып келеді.
Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестік ретімен Индербор кентінің тазалығын сақтау жұмыстарына, басқа да іс-шараларды іске асыруға техникалық тұрғыдан көмектер көрсетеді. Бірақ, мұның бәрі мерзімдік, біржолғы көмек болып саналады. Жалпы, кәсіпорын әлеуметтік салаға 2012 жылы 2,5 млн. теңгеден астам қаржы жұмсаған. Өндіріске жаңа технологияны біртіндеп енгізу процесінің басталуына сай қызметкерлерінің 97 пайызын жергілікті азаматтар құрайтын кәсіпорында мамандарды дайындау, оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Десек те, серіктестік өкілі алпауыт компаниялар қатарына ене қоймағандықтан, көбіне-көп «көрпеге қарай көсілуге» тура келіп отырғандығын ашып айтты. Өткен жылы қызметкерлердің отбасылық жағдайларына көмектесуге 600 мың, зейнеткерлер мен қызметкерлер, олардың балаларына емдеу орындарына жолдама алу үшін 700 мың, тағы да басқа шараларға қаржылай көмектескен.
Отандық өнім өндіруші кәсіпорынның қазба байлық өндіріліп жатқан маңға, тіпті зауытқа дейінгі жолдарды жөндеуге мән бермей отырғандығы, жолдардың шаңы аспанға көтеріліп, жөнделмей жатуы, ол маңның тазалығына кері әсер ететіндігі де сөз болды.
Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Ә.Балахметов жергілікті басшылық тарапынан «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылуы, әлеуметтік әріптестік байланысты реттейтін екіжақты меморандум жасауға қатысты серіктестікке берілген ұсыныстар жауапсыз қалғандығын атап көрсетті.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз