ЗӘРУ ЖАНДАРҒА ЖӘРДЕМ
Каспий тұрба құбырлары консорциумы – Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің, сондай-ақ әлемдегі бірнеше ірі мұнай өндіру компанияларының қатысуымен жүзеге асырылған халықаралық жоба. Ұзындығы 1,5 мың шақырымдық магистральды құбыр бойымен сонау Қара теңіз жағалауына «қара алтын» айдалады.
Аталмыш компанияның тамаша дәстүрі – түскен табысының бір бөлігін қамқорлық шараларына бағыттауы. «Алаған қолым – береген» демекші, қызметінен көл-көсір пайда тауып отырған кәсіпорын әлеуметтік ахуалға қатысты өңірдің өзекті проблемаларын шешуге белсене араласып жүр. Сайып келгенде, құрылған күнінен бастап осы бағытты ерекше назарда ұстаған компания содан бері талай жарқын жобаны жүзеге асырды. КТК-Қ компаниясы қоғамның әлсіз топтарына, мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жетім балаларға, т.б. қолдауды қажет ететін адамдарға ұдайы көмектесіп келеді. Сонымен қатар, кәсіпорынның демеушілігімен аймақтағы қалалар мен кенттердің әлеуметтік саласы және инфрақұрылымы жақсаруда.
Міне, осы жолы да КТК-Қ компаниясының үкіметпен байланыс бөлімінің өкілі жанары көрмейтін әр адамға он мың теңгенің тауарлы сертификатын ұсынды.
— Осы азық-түлік купоны арқылы, — деді ол, — «Атаба» супермаркетінен қажетті тауарларыңызды аласыздар. Сертификат мерзімі алдымыздағы жылғы қаңтарға дейін. Демек, жаңажылдық дастарханды әрлендіруге болады.
Атырау зағиптар қоғамы корпоративтік қорының президенті Нұрғали Алтынбеков КТК-Қ кәсіпорны басшылығына алғысын айтты.
— Компания басшыларына, — деді ол, — жұртшылықпен байланыс бөлімінің аға маманы Любовь Евстифееваға ризашылық сезімін білдіреміз. Алдағы уақытта да тығыз байланыста боларымызға сенімдіміз.
Сөз ретінде айтар болсақ, КТК-Қ компаниясы Қазақ зағиптар қоғамына бұған дейін де көмектескен-ді. Ағымдағы жылдың көктемінде оның мүшелеріне 1 млн. 400 мың теңгенің азық-түлік купонын табыстаған. Бұл жолғы жәрдем, жоғарыда айтқанымыздай, 1 млн. 600 мың теңгені құрады. Ал, өткен жылы 450 мың теңгеге кеңсе жиһаздарын алып берген.
Осындай сертификаттар биыл екінші рет «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігіне де берілді. Асқар Шманов, сонымен қатар, компания атынан үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жобаларға да тоқталды. Мәселен, Балықшы елді мекенінде өкпе дертіне шалдыққан сәбилер тәрбиеленетін «Айбөбек» балабақшасына қосқабатты жапсарлас үй салынады. Жақында Махамбет селосында жазғы су құбырының қатарға қосылу салтанаты өтті. Атыраудағы №22 орта мектепке 120 орындық қосымша ғимарат тұрғызылды. Сарытоғай селосындағы орта мектепке лингофон және компьютер сынып бөлмелеріне жиһаздар мен жабдықтар орнатылды. Облыс орталығындағы №16 орта мектепке екі интерактивті тақта қондырылды.
Осындай атқарылған істерімен және алдағы жоспарларымен бөліскен Асқар Шманов қамқорлық шараларын жалғастыру компанияның келешектегі міндеті екендігін жеткізді.
— КТК-Қ компаниясы басшылығының аймақтағы әлеуметтік сала жетекшілерімен тұрақты кездесуі – бізге әр жылдың басында мұқтаж жандар мен басым бағыттарға бөлінетін қаражатты ұтымды пайдалану кепілі. Кәсіпорынның демеушілік жәрдемі Қазақстан заңдылықтары сақтала отырып жасалады. Әлеуметтік жауапкершілік, нақты көмек, жұмсалған қаржының ашықтығы мен қатаң қадағалануы – міне, қайырымдылық шараларын жүзеге асыру кезінде басшылыққа алынатын басты талаптар. Біз алдағы уақытта да аймақтың әлеуметтік ахуалын сауықтыруға белсене қатысамыз, — деді компания өкілі.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Анжелика ЛИ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.