Жарнама
Қоғам

ЫНТЫМАҒЫМЫЗДЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

 

Баршамыздың тағдырымыз тізілген бұл құжат тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, тұрақтылық пен келісімнің, бейбітшілік пен жасампаздықтың айқын бейнесі іспеттес. 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған бұл маңызды құжат, 5 қыркүйекте өз күшіне енді. 9 тараудан, 98 баптан тұратын Конституция мемлекеттік құрылыстың негізін қалыптастырушы күшке ие болды. Ата Заңның аясында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Өткен 20 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің тәуелсіздігін, экономикалық реформасын нығайтудың басты құралына айналды. Елде заңдылық пен конституциялық тәртіптің салтанат құруы негізгі қағида іспеттес. Заңдылықты бұлжытпай орындау немесе сақтай білу жауапкершілігі – Қазақстанның тұрақты дамуына жағдай жасай отырып, мемлекетіміздің өзекті деген бағыт-бағдарындағы барлық құқықтық қызметтің өркен жаюына жол ашып берді.

Ал, әрбір азамат өзін мемлекет міндетті түрде қорғай алатынын нық сезінді, Конституциялық заңдылық азаматтар мен адамдардың құқығына және бостандығына нақты кепілдік беретініне кәміл сенді.             

Ел егемендігін алғаннан бері Конституциялық және құқық-тық жүйені эволюциялық тұрғыда сатылап реформалау нәтижесінде мемлекеттік биліктің теңгерімді де тиімді жүйесі қалыптасты.

 Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Ата Заңда халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратындығы, сондай-ақ, өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретіндігі, билікті ешкім де иемденіп кете алмайтындығы, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланатындығы жазылған.

Конституция бойынша еліміз­дің басқару билігінің үш түрі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің құзыреттері нақтыланған. Биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент, атқарушы тармағы – Үкімет, сот билігін тек қана сот жүзеге асырады.

Ел Конституциясына сәйкес, сот жүйесі органдары ел дамуына, азаматтардың әлеуметтік ахуалын реттеп, құқықтық көмек көрсетуге қызмет жасайды. Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітілсе, бұл Ата Заңның бұлжымайтын темірқазығы 20 жыл ішінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Конституция өз мәнін жоғалтқан емес.

Елбасымыз «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деген болатын.

Әрбір ел өзінің дамыған мемлекетін қалыптастырамын десе, ол елдің міндетті түрде бұлжымас Конституциясы болуы керек. Қазақстан Республикасы әлемдік аренада Тәуелсіз ел ретінде қадам басқан жылдары өзінің Конституциясын бекітті. Бұл сол кезде үлкен тарихи әрі саяси маңызы терең айтулы оқиға болып еді.  Конституция мәтінінде «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген, Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркін, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдадық» делінген. Осы тұрғыда біз өзіміздің таңдап алған жолымызбен, барша әлемге бейбітшілік пен тұрақтылықты үндеген ел ретінде танылып келеміз. Қашан да Конституция – біздің тірегіміз, қадірлеп-қастерлейтін асыл құндылықтарымыздың бірі.

Конституция – Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеудегі, түрлі саладағы түбегейлі реформаларды орындаудағы, демократиялық институттарды дамытып, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырудағы нық қадамдарының берік тұғырнамасы.

Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, елдігіміздің еңселі болуын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ететін басты құжат рухани топтасуымызға, алғы күндерге сеніммен ұмтылуымызға намыс пен жігер, күш пен қайрат беретіні сөзсіз.

Айгүл ҚАЛИМҰҚАШЕВА,

Атырау қаласының

№2 сотының судьясы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button