ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛДЕН ЫРЫС КЕТПЕЙДІ
Форумға облыстық басқармалардың басшылары, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, дін және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен қатар, ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары, саяси партиялардың жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, облыстың зиялы қауымы қатысты.
Елдi ынтымаққа шақырып, мемлекетiмiздегi жарасымды тiрлiктi паш еткен осынау жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Әсия Қыстаубаева берекелі бірлік, мамыражай тірлік турасында сөз қозғады.
Әсия Баянқызы еліміздің ішкі саясатында қоғамды демократияландыру, сонымен бірге өзге де салаларда еңбек етіп келе жатқан азаматтық қоғам институттарына тоқталып, облыс бойынша осындай 300-ден астам үкіметтік емес ұйым, тоғыз саяси партияның облыстық филиалдары мен 16 этномәдени, 37 діни бірлестіктің жұмыс жасап отырғанын айтты.
Қазақ жерінен пана тапқан ұлттар мен ұлыстардың арасындағы берік достыққа дәнекер, ұйытқы болып келеді. Жиында сөз алған аузы дуалы ақсақалдарымыздың ойлары осымен сабақтасты. «Біз дұшпан басынбаған, достықты сақтай білген елміз. Елбасының жұртына жолдаған Жолдауында айтылған мәңгі ел болу қағидасы – елдегі ұйыған ынтымақ пен ұлтаралық татулықты меңзейді», — деген облыстық соғыс және ардагерлер кеңесі төрағасы Қатимолла Ризуанов «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» қазақ елінің дамудың даңғыл жолында екендігін жеткізді.
— Қазақ жері – менің Отаным. Бұл қасиетті жердің жомарт халқы жүзі басқа ұлт өкілдеріне пана бола білді. Қазақстан – менің тағдырым, — деген «Татулық» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Гүлсина Байкенова 130-дан астам ұлт өкілдері айрандай ұйып, тату-тәтті өмір кешіп отырғанын және әр ұлттың өзінің мәдениетін, ана тілін насихаттауда ешқандай шектеу жоқтығымен мақтанатынын айта келіп, үштұғырлы тіл саясатына тоқталды.
Татулықты тақырыбына арқау еткен форумда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Амантай Сәдиев те қасиеттi Ислам экстремизм мен терроризмдi ешуақытта ақтамай, айыптайтынын, адамдарды тiлiне, түрiне, дiнiне, дiлiне қарап алаламайтыны мен артықшылық бермейтінін айтты. Ал, түрік қызы Жан Мұрадова «Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату ел. Ал, қазақ тілі әр қазақстандықтың ар-ожданы, мақтанышына айналуы тиіс. Елбасымыз тіл турасында бүкіл Қазақстан халқының ұйытқысы мемлекеттік тіл екенін, барша отандастардың осы тілдің айналасында бірігетінін айтып жүргені бәрімізге белгілі. Өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті» деп ойын тұжырымдады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.