Енді ұялы телефонды тіркемесеңіз, тілдесе алмайсыз

DSC05222 Жаңалықтар

Еліміздің Ішкі істер министрлігі келер жылдан бастап тіркелмеген ұялы телефонға байланыс қызметі көрсетілмейтінін еске салды. Яғни, абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ережесі күшіне енбек. 

DSC05222

«Ұялы байланыс 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «IMEI-код+SIM-карта+азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі» сызбасы бойынша реттелмек. Сондықтан азаматтар осы жылдың соңына дейін телефон құрылғысын тіркеуі қажет» деп хабарлап отыр аталған министрліктің ресми өкілі Алмас Сәдубаев.

Сондай-ақ, жыл соңына қарай ұялы байланыс операторларының филиалдарында дүрбелең болуы да мүмкін. Сол үшін де тіркеу рәсімін дер кезінде жүргізу керек. Мұның бәрі азаматтардың мүддесін қорғау үшін жасалып жатқаны қаперге берілді.

Егер тіркеуден кейін әлдекімнің телефоны ұрланса, база арқылы оны кім пайдаланып жүргенін анықтауға болады. Сөйтіп, байланыс операторлары да байланысты бұғаттауға мүмкіндік алады. Екінші жағынан, ұялы телефондарды тіркеу нормасы экстремистердің ізін жасыруға жол бермейді.

Айтып кеткен артық болмас, «IMEI-код» – аппараттың бірегей коды. Оны телефонның артқы қақпағынан, құрылғының қорабынан табуға болады. Сол сияқты, «*#06#» командасын орындасаңыз, экранда шығады. Кодты тіркеу үшін мобильді оператордың кеңсесіне бару керек. Сонымен бірге, онлайн немесе SMS арқылы да тіркеу мүмкіндігі бар. Оның толық шарттарын байланыс операторынан тегін білуге болады. Қалай болғанда да, SIM-карта пайдаланылатын барлық электрондық құрылғыны тіркеу қажет.

Аман ШАМАР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз