«Волонтерлік – мені бақытқа бөлейді»
Атырау облысында «Жаныңдамын!» еріктілер ұйымы көпшілікке жақсы таныс. Ұйымның негізін қалаушы — белгілі әлеуметтік волонтер, депутат Мейрамгүл Есниязова. Мейрамгүлдің жанында топтасқан ерікті жас жігіттер мен қыздар өте көп. Соның бірі — Ажар Құспантаева.
Ажармен біз балаларға арналған кезекті бір іс-шарада танысқан едік. Оның негізгі мамандығы –корей – қазақ тілінің аудармашысы. Бос уақытында оның тұрақты жұмысы – осы волонтерлік. Мамандығын естігенде таңданысымды жасырмадым. Ол да менің таңқалғаныма күліп жауап берді.
—Иә, көбінің айтатыны осы. Ерікті болып ерігіп жүрсің…
-Компанияларда жүрмейсің бе?
— Тіл білгеннің жалақысы да жақсы…Ендеше, волонтерлікке қалай келдің?
-Кореяда тұрғандықтан, сол елдің біраз жақсы жақтарын меңгердім. Ылғи салыстырып жүремін. Кореядағыдай жаңалықтардың көбі елімізде де бар. Мен жоғын ғана жасағым келеді. Қоғамға пайдамды тигізсем, содан асқан бақыт жоқ,- дейді Ажар.
Ажардың айтуынша, Кореяда волонтерлік өте жақсы дамыған. Ол жақта университет, колледж бітіргенде кітапхана, жатақханадан міндетті қол қойып, мөр басылатын құжаттардың қатарында студент кезде волонтерлік жұмысқа араласқаныңды дәлелдейтін құжатың болуы керек. Волонтерлік жұмысың болмаса диплом бермейді.
«Шетелде жүргенде де ерікті болдым. Волонтерлік – менің сүйікті ісім. Волонтерлік – мені бақытқа бөлейді», — дейді Ажар Құспантаева. Ажарға қарап балабақша тәрбиешісі дерсің. Балалардың оқытушысы, ұстазы деуге де болады. Ол өзі үнемі тығыз байланыста жұмыс жасайтын балалардың бірінші кезекте ойын, көңіл-күйін білуге тырысады екен.
«Біз, мысалы, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жиі барамыз. Онда келген балалардың көпшілігіне психолог жұмысы керек. Жеккөрушілік, ашуланшақтық қасиеттер басым. Көпшілігінен өскенде кім боласың? деп сұрасаң, бәрі – полиция болғысы келеді. Неге? Себебі, біздің қолымызда билік болады, басқа адамдар бізден қорқады. Керегімізді тартып аламыз», — дейді.
— Бұл орталықта балалар тек сабақ оқиды. Бос уақытында іште жүреді. Смартфондар ұстауға да болмайды. Біздің мақсатымыз – орталықтағы тәрбиеленушілерді ортаға, қоғамға бейімдеу. Мейірімділікке тәрбиелеу. Оларға түрлі мамандық барын айту. Көпшіл болуға үйрету. Сол үшін концерттерге, музейлерге, танымал тұлғалармен, спортшылармен кездесуге апарамыз. Мұндай тәрбиеленушілер әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларға барғанды жақсы көреді, бізге көмектесіп, жүре алмайтынына қамқорлық көрсетіп жатады, — дейді Ажар Құспантаева.
«Жаныңдамын!» ұйымындағы волонтерлер осыдан үш жыл бұрын коронавирус пандемиясы кезінде жұртшылыққа дәрі-дәрмек жеткізіп көмектесу үшін құрылған болатын. Бүгінде олар тағдырдың тауқыметіне ұшыраған әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларға қолұшын беріп келеді. Олар «Шаңырақ» балалар үйінің, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының және «Жанеркем-ай» мүмкіндігі шектеулі балалар орталығының тәрбиеленушілерімен де тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Қазіргі уақытта «Жаныңдамын» волонтерлер ұйымында жиырма шақты ерікті бар. Ең кішісі – мектеп жасындағы оқушы. Бұдан бөлек, мектеп жанынан құралған волонтерлері де бар.
Айта кетейік, «Жаныңдамын» волонтерлері биыл алғаш рет Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасы Азаматтық орталығының «Қолдау» жобасы аясында грант ұтып алған. Жобадағы жұмыстың бір бөлігі осы Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығымен байланысты өтіп жатыр.
Нұргүл Насыр
Суреттерді түсірген автор