«Үстінде қалың киімі болмаса, қызымды иттер жеп қоятын еді»-Гүлдана Қабасова
«Атырауда 13 жастағы қызды төрт ит талап тастады» деген шұғыл хабар тұрғындарды селт еткізді. Бұдан соң көпшілік балаларын сыртқа шығаруға жүрексініп қалған еді. Біз қоғамды толғандырған осы мәселенің мән-жайын білуді жөн көрдік. Сонымен…
Жантүршігерлік жайт
Көпшілікті дүр сілкіндірген оқиға 13 желтоқсан күні кеште қалаға қарасты Атырау ауылдық округінде болған. Би үйірмесіне бара жатқан 8 сынып оқушысы Айкөркем Рамазановаға бұралқы иттер тарпа бас салған. Оны ауыл тұрғыны байқап қалып, дереу құтқарыпты. Әйтпесе оның соңы не боларын болжаудың өзі қиын еді. Құтқарушының аты-жөні – Ринат Әбуов. Ол ауылда қаңғыбас иттердің қаптап жүргенін айтады.
– Кешкі сағат 18:30 шамасында көше шетінде шаң көтеріліп жатқанын көрдім. Дереу сол жерге жүгіріп жеткенімде өз көзіме өзім сенбедім. Төрт ит оқушы қызды жан-жағынан жұлмалап жатыр екен. Мен келмесем, жеп қоятын түрі бар. Қызыл қаннан әлгі қыздың бет-жүзі көрінбейді, — дейді куәгер.
Ал, «науқастың беті, қос иығы мен білегі, сол жақ жауырыны мен жамбасы және аяғының төменгі бөлігі жарақаттанған» деген дәрігерлер оқушының ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскенін айтып отыр. Олардың хабарлауынша, биыл облыстық балалар ауруханасында жануарлардан жапа шеккен 380 бала емделіп шыққан. Оның 152-сі қаңғыбас және 183-і үй иттерінен, 15-і қаңғыбас және 23-і үй мысықтарынан зардап көрген.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов аймақта итке таланған тұрғындардың саны бүгінде мыңға жуықтағанын баяндады. Ал, облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы Мейірім Ердәулет жыл басынан бері 150-ге жуық ит иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Яғни, еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Ит атуға болмай ма?!
Мамандар заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, жануарларды бұрынғыдай атуға болмайтындығын айтып отыр. Осыны алға тартқан белсенділер оларды арашалап, күрт көбеюіне себепші болды. Екіншіден, ит ату әкімдік қызметкерлерінің құзыретіне кірмейді.
– Бізге жабайы итпен күресуге қаржы бөлінбейді. Мұндай құзырет былтыр ашылған ветеринария басқармасында болған. Жасыратыны жоқ, қазір кез-келген жанды камераға түсіріп, жұрт алдында қатыгез етіп көрсететін блогерлер көбейді. Тұрғындар да солардың сөзін сөйлеп, жануарларды қызғыштай қорығандай болады, — дейді Атырау ауылының әкімі Нұрлан Қашмұрзин.
Бұл сөздің жаны бар. Естеріңізде болса, былтыр өз итін тоңазытқыштың есігімен тұншықтырып, қатыгездік танытқан Марғұлан Жұматаевтың видеосы әлеуметтік желіде желдей ескен еді ғой. Сол оқиғадан соң, елімізде үй жануарларына қатысты заң талаптары күшейтілді. Осыдан кейін кім-кім де ит-мысыққа жақындауға сескеніп қалған.
Айкөркемнің анасы Гүлдана Қабасова «дегенмен, қолданыстағы заң өзгертілуі қажет» деген пікірде.
– Үстінде қалың киімі болмаса, қызымды иттер жеп қоятын еді. Айдың-күннің аманында айдалада емес, ауыл ішінде осындай күй кешуіміз масқара емес пе?! Бұл бүгін туындап отырған мәселе емес қой. Бұрын да мұндай жағдай талай рет орын алған болатын. Сондықтан ата-аналар атынан заңға түзету енгізуді сұраймыз, — дейді ашынған ана.
Жақында еліміздің Сенат депутаттары «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын қайта қарау үшін Парламенттің төменгі палатасына қайтарған. Аталған құжатта жануарларды азап пен өлімнен қорғауды күшейту, барлық бұқаралық ақпарат құралдарында қатыгездікті насихаттауға тыйым салу және басқа бірқатар талаптар қарастырылған. Ал, бұған дейін жануарларды қорғаушылар өздері бастамашыл болған жаңа заңды қабылдау кезінде олардың пікірі ескерілмегенін айтқан еді. Белсенділердің ойынша, аталған заң үйсіз жануарларға өмір сүру құқығын бермейді.
Сондай-ақ, сенаторлар еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне «жануарларға жауапкершілікпен қарау» және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне «жануарларға жауапкершілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобаларын талқылады.
Тұрғындар да жауапты!..
– Ауылда қоқыс қалдықтары тау болып үйіліп жатады. Жинап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан ит-мысық пен малдың бәрі осында жиналады. Бала түгілі, ересектердің өзі иттерден именіп қалған, — дейді Атырау ауылының тағы бір тұрғыны Мөлдір Қарағұлова.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері бұл округте 46 рейд ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 348 бұралқы ит жойылған. Сонда әлгі жасөспірімді талаған төрт ит қайдан шығып отыр? Демек, бұлар сол ауыл тұрғындарының асырап отырған хайуанаттары. Ендеше, итіне ие болмағандарды жауапқа тартқан жөн шығар? Қоғам осы сауалдардың жауабын күтеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ