Ұлтым өзге болса да, ЖАНЫМ – ҚАЗАҚ!
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «ҚАЗАҚТАНУ» МӘДЕНИ-АҒАРТУ ЖОБАСЫ 2018 ЖЫЛЫ ӨТКЕН СЕССИЯДА ҚАБЫЛДАНЫП, БЕКІТІЛГЕН. СОДАН БЕРІ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ, ЖАСТАР МЕН ЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАР ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА ЖАҒЫМДЫ ҚОҒАМДЫҚ РЕЗОНАНС ТУҒЫЗЫП, КЕҢ ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛДЫ. ЕЛДЕ ӨТКІЗІЛГЕН БІРҚАТАР ИГІ ШАРАЛАР ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІКТІРУШІ ӘЛЕУЕТІН ҚОҒАМДЫҚ САНАҒА ЕНГІЗУ ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ МАҚСАТЫН СӘТТІ ІСКЕ АСЫРУЫМЕН ДЕ ҚҰНДЫ. ЖОБА АЯСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІН НАСИХАТТАУҒА ЖОЛ АШЫЛЫП, КӨПТЕГЕН ІЗГІ ІС-ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ. ТАЯУДА ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕКЕМЕСІНІҢ АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ЖАСТАРЫНЫҢ АРАСЫНДА ӨТКІЗГЕН «ҰЛТ ҮНІ» БАЙҚАУЫН ОСЫ БАҒЫТТАҒЫ ШОҚТЫҒЫ БИІК ШАРАЛАРДЫҢ БІРІ ДЕП АТАУҒА ӘБДЕН БОЛАДЫ.
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚҰРМЕТІМ ЗОР!
Қазақ тілін күнделікті қолдану бөлек те, оның мән-маңызын ұғынып, тереңіне бойлау – екінің біріне бұйырмаған бақ. Ал, «Ұлт үні» байқауының қатысушылары сүбелі сөздің қаймағын қалқып, аңыздың шығу тарихы, шешендік сөздердің мәні, мақал-мәтелдің мәйегі сынды терең тақырыптарға бойлай енді. Көрермендерді білімімен баурап, қазақ тіліне деген құрметін асқақтатты. Сонысымен де жиналған жастарға үлгі болып, ұлттық құндылығымыздың бәсін биіктетті.
Шараны ұйымдастырушылардың да көздегені осы. Яғни, «Дәуірлерден жеткен даналар мұрасын, ұлттық құндылықтарымызды түрлі этнос жастарына дәріптеу – негізгі ұстанымымыз. Байқау арқылы этнос өкілдері арасында татулықты нығайтып, тарихи тұлғалар, ұлт мақтаныштарының шығармашылығын насихаттап, қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптейтін этнос жастарын қолдау» деген «Қоғамдық келісім» комуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ләззат Жылқышиеваның сөзі шараның негізгі көздеген межесін айқындай түсті. Бабалардан жеткен асыл мұраны дәріптеу – басты міндеттердің бірі. Тілі басқа, түрі өзге ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіріп, жатты жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқының өшпес мұрасын кейінгі буынға таныстырып, дәріптеуде үлкен күшке ие шара жоғары деңгейде өтті. Өзге ұлт жастарының қазақ тіліне қамшы салдырмастан қарсыластарынан оқ бойы озық шығуға талпыныстары да көрерменнің қиқуымен үндесіп, жастарға патриоттық сезім сыйлағанын айта кеткен жөн.
Жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің арасынан суырылып шыққан 8 қатысушы 4 бөлімде бақ сынады. Орыс, қарақалпақ, татар, ингуш, түрік, неміс ұлтының өкілдері «білімді бірді жығарын» танытып, ән салып, би биледі, мақалдың түпкі мағынасын, шешендік сөздің астарын ажыратты. Әуелі өзін таныстырған Вероника Панкрац – Атырау бизнес және құқық колледжінің студенті. «Ұлтым неміс болғанымен, қазақылықты сақтауға мән беремін» дейді ол.
Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің намысын қорғаған Галина Евлоева көрерменді «Ингуш болғаныммен, жаным – қазақ» деген сөзімен-ақ өзіне баурап алды. Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің студенті Милана Николаенконың ұлты орыс, ал, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің студенті, орыс ұлтының өкілі Оксана Аканова өнерімен жиналғандарды тәнті етті. Атырау сервис колледжінің студенті, болашақ кондитер Лунара Бостанова – қолынан бал тамған талғампаз аспаз, тәттілер дайындайтын маман болу арқылы өз кәсібін ашуды армандайтын орыс қызы. Сегіз сайыскердің арасындағы жалғыз ұл – О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің студенті, қарақалпақ ұлтының өкілі Тимур Кутибаев бұл байқауда бақ сынау ерлерге де таңсық болмасын әрекетімен көрсетті.
– Ана тілімде, яғни, түрікше қалай сөйлесем, қазақша да сондай еркін сөйлей аламын, жетік білемін. Оған қоса, орысшаны да толық меңгергенмін, — деп, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің студенті, болашақ ұстаз Жанель Губашева Қазақстанды сүйетінін айтып, риясыз көңілімен көрерменді баурады.
Байқау «АРЕС Petro Technic» жоғары колледжінің қабырғасында өткендіктен, осы оқу орнының намысын қорғаған Алина Валиеваның қолдаушылары көп болғаны да жасырын емес. Ассамблея жанындағы татар этномәдени берлестігінің мүшесі қазақ және ағылшын тілдеріне де жетік екен.
СҮБЕЛІ СӨЗ, ОРАМДЫ ОЙ…
Қоғамдық шараларға белсенді қатысып, білім саласында да жетістіктерге жетіп жүрген жалынды жастар шара мәнін еселеп, келесі кезеңде дәстүрлі ән, қ а з а қ ко м п о з и т о р л а р ы н ы ң шығармаларынан шашу шашты. «Балқадиша», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Ана туралы жыр», «Есіңе мені алғайсың» сынды классикалық әндер әуелеп, көрермендер көңілінен шықса, «Қазақ елі осындай!» рухты әніне зал толы жастар қосыла шырқады. Сайыскерлер арасында бишілер де болды.
Қатысушылардың барлығы да сахнада күн сайын ән салып жүрген кәсіби маман болмаса да, оқу орындарының намысын қорғау үшін қолына микрофонды алғаш ұстап, топ алдына шығуға толқып тұрғандарын да жасырған жоқ. Алайда, жастар жүрген жер – думан, көңілді сауықсайран емес пе! Ду қол шапалақтаған зал толы көрермен ықылас танытып тұрса, неге шырқамасқа деген сезім жетегінде өнер көрсетті.
Ал, поэзия жанрында Абай, Міржақып, Жұбан, Сырбай, Мұқағали ақындардың шығармаларынан үзіндіні тебіреніспен оқыса, «Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім. Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!» деген Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» шығармасы да ерекше шабыт сыйлады. «Соқыр ана» шығармасын жиналғандардың жүрегіне жеткізе білген Галина Евлоеваның оқу мәнері ерекше тәнті етіп, көзге жас үйірді.
Халық ауыз әдебиеті – өлмес, өшпес, өміршең мұра. Шешендердің дуалы бір ауыз сөзіне тоқтап, түйінді ойын титімдей мақалмен білдірген халық даналығын жастарға насихаттауды көздеген соңғы бөлімде сайыскерлер туған ел, тіл туралы ойларын ортаға салып, Қорқыт туралы аңыздың философиялық астарына үңілді. Байлық пен кедейлік туралы аңызды мысалға алып, өмірлік ұстанымдарды айшықтады. Қатысушылардың білімі мен өнерін таразылаған қазылар алқасы да шара мәнінің айрықша екенін атап көрсетіп, сайыскерлерді әділ бағалады.
– Шынын айту керек, патриоттық тәрбие туралы айтылған пікірлерден гөрі, осындай шаралардың берері мол. Бүгінгі байқауда бақ сынағандарға қарай отырып, қатысушылардың да қалай қабылдағанын сараласақ, жастарға зор әсер ететін, рухани, әдеби тәлімі мол басқосу болғанын айта кетелік. Рас, өзге этнос өкілдері болғандықтан, мақал-мәтелді талдауда, өзге де бөлімдерде «әттегенай» деген тұстар кездесті. Алайда, қатысушылардың ынтасы зор, қазақ тіліне деген талпынысы жоғары екенін байқадық, — дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы, қазылар алқасының мүшесі Айгүл Қуаныш.
Сайыс соңында оза шауып, бәйге алғандар анықталып, ақшалай сыйақыға ие болды. Бір топ сайыскерге белсенділігі үшін Алғыс хат табысталып, үш жүлдегер айқындалды. Үшінші орын Милана Николаенкоға, екінші жүлде Оксана Акановаға бұйырды. Ал, бірінші орын иегері – Галина Евлоева.
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ БОЛАМЫН!
Байқау біткен соң жеңімпазбен жолығудың сәті түскен жоқ. Кеш қызығы басылып, жүлдегерлердің аптығы басылды-ау деген тұста Галинаға хабарластық. Сайысқа дайындық кезінде қазақшаға бейімделгенімен, «ойын жеткізуде қиыншылықтар болмас па екен?» деген күмәнімізді Галина бірден бұзды.
– Әрине, сауалыңызды қазақша қоя беріңіз. Қазақша мектеп бітірдім, өскен, тәлім-тәрбие алған ортам да қазақы, — деген ингуш қызымен әңгімеміз жарасып сала берді.
– Өзіңіз бен отбасыңыз туралы оқырман білгісі келеді. Жаңа байқау барысында «ұлтым ингуш, жаным – қазақ» дегеніңізді естідік…
– Павлодар облысында туып, өстім. Он сегіз жасымда атыраулық жігітке тұрмысқа шығып, биыл тамыз айында осы өңірге көшіп келдім. Әкем Магамед – ингуш, анам – орыс. Үйде төрт баламыз, кенжесі мен. Бәріміз де қазақша сөйлейміз.
– Қазір атыраулық студентсіз?..
– Иә, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша ІІ курстың студентімін. Алғашқы курсты Павлодарда оқыдым. Бұл сала – өз қалауым, ата-анам – өзге саланың қызметкерлері.
– Ал, мектепте ше, қазақша оқыдыңыз ба?
– Екі ағам мен әпкем де қазақша оқыды, сондықтан мені де қазақ сыныбына берді. Мектепті «Алтын белгіге» бітірдім.
– Қазақ отбасының келіні екенсіз. Ата-ене тәрбиесі, салт-дәстүрді ұстану туралы не айта аласыз?
– Ө з ұ я м н а н ұ ш ы п ш ы ғ ы п ұзатылғаныма үш-ақ ай болды. Жас келінмін, білгенімнен білмейтінім көп. Ата-енеммен бірге тұрамыз, енем мені қызындай көріп, туған анамдай алаңдайды. Салт-дәстүрді қадірлеймін, ұстанамын және жетік білуге талпынамын.
– «Соқыр ана». Жаңа сіз оқыған осынау шығарма жүрекке жетті, көзіне жас алғандар да көп болды. Оның үстіне үзінді оқымай, қиындау шығарманы толық оқыдыңыз. Осы туындыны таңдауға не себеп болды?
– Өзіме осындай шығармалар ұнайды, мағынасы терең шығармаларды жақсы көремін. Ал, жаттауға келгенде көлеміне назар аудармаймын. Ең бастысы, өзіме ұнаса болды.
– Қазақша терең біліп түсініп, меңгергеніңізге тәнті болдық. Жеңісіңізбен тағы да құттықтаймын!
– Сіздерге де рахмет! Бұл байқаудың мәні ерекше деп білемін. Меніңше, Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлт өкілі қазақтың салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениетін жетік меңгеруі керек. Себебі, бұл – қазақ еліне деген құрмет, жарқын болашағымызға бастар жол.
Ұлттық тұтастық, бірлікті ту еткен байқаудың «Ұлт үні» деп аталуының астарында да зор мән бар. Жастар – тал шыбық тәрізді, қалай исеңіз, солай бейімделеді. Олардың тамырына ұлт құндылығын дәріптейтін осы секілді шаралар арқылы нәр құя білсек, ұтарымыз көп. Кеш соңында сайысты қызу талқылаған топтың «Білмей қалғанымызды қарашы, көк туымызды ала келу керек еді. Соны көтеріп тұрғанда, әдемі болатын еді!» деп өкініш білдіргені де байқаудың көңілден шыққанын айқын аңғартқандай.
Гүлжан ӘМІРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ