Жарнама
Қоғам

Ұлттық құндылық – радикализмге қалқан

Бүгінде адамзат ақпарат тасқынының ортасында өмір сүріп отыр. Смартфоннан бір сәтке ажырай алмайтын қазіргі қоғам интернет пен әлеуметтік желілерге тәуелді бола бастағаны рас. Бұл кеңістік – шексіз білім мен жаңалықтың қайнар көзі ғана емес, зиянды идеялар мен радикалды ойлардың жасырын ордасына айналғаны да жасырын емес. Әсіресе, діни сипаттағы жалған уағыздар мен шектен шыққан көзқарастар кейбір адамдардың санасына теріс ықпал етіп, қоғамға елеулі қауіп төндіруде.

Қазақстан – зайырлы және демократиялық мемлекет. Оның басты байлығы – халқының амандығы мен ой еркіндігі. Ал бұл еркін санаға қауіп төндіріп тұрған радикалды діни ағымдар интернет арқылы, әсіресе жастарды көздеп, түрлі айламен өздеріне тартуға тырысады. Бұл – қазіргі қоғам үшін үлкен рухани және әлеуметтік қатер.

Интернет арқылы таралатын радикалды діни идеялардың көздегені – жастарды мемлекеттің заңды құрылымынан, ұлттық-рухани негіздерден алыстату. Мұндай мазмұндағы материалдар елдегі зайырлы жүйені жоққа шығарып, жастарды заңға қарсы әрекетке итермелеуі мүмкін. Рухани және психологиялық тұрғыдан тұрақсыз жастарды өз сеніміне сендіріп, оларды отбасынан, қоғамнан оқшаулауға үгіттейді. Олар дәстүрлі ислам ілімін жоққа шығарып, өзінше «таза дін» деген түсінікті алға тартады.

Осындай теріс насихаттың салдарынан кейбір жастар білім алудан бас тартып, отбасымен қарым-қатынасын үзіп, жат идеологияның жетегінде кетіп жатқанын жиі байқаймыз. Бұл қазіргі қоғамда шешімі қажет маңызды мәселеге айналып отыр.

Жастар – елдің болашағы, мемлекеттің тірегі. Ал егер олар теріс діни ағымдардың ықпалына түссе, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-ұлттық құндылықтардан қол үзіп, жалған уағызшылардың сөзіне еріп, қоғамнан шеттейді. Мұндай жастар ата-анасын тыңдамай, дәстүр мен тарихқа қарсы шығып жатады. Бұрын ибалы, ізетті болып жүрген жас санасы уланып, жат пиғылдылардың қолшоқпарына айналуы мүмкін. Бұл – тек отбасына емес, бүкіл қоғамға қауіпті.

Қазақстан Республикасы – зайырлы және құқықтық мемлекет. Әр азаматтың діни сенім еркіндігі заңмен қорғалған. Алайда, бұл бостандық шексіз емес. Қоғам қауіпсіздігін сақтау мақсатында мемлекет тарапынан белгілі бір заңнамалық шектеулер қойылған.

Елдің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, діни мазмұндағы әдебиеттер мен ақпараттарды тарату тек ресми тіркеуден өткен ұйымдар мен уәкілетті тұлғалар арқылы ғана жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар миссионерлік қызмет те арнайы рұқсатпен жүргізіледі.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде діни экстремизмді насихаттаған адам Қылмыстық кодекстің 174-бабы (араздық қоздыру) және 256-бабы (терроризмді насихаттау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Интернет пен бұқаралық ақпарат құралдарын бақылау үшін уәкілетті органдар жұмыс істейді.

Алайда бұл – мемлекеттің ғана қорғау шарасы. Негізгі қорған – әр азаматтың өзінің санасы мен діни сауаттылығы. Бұл түйткілді шешуде тек заңмен күресу жеткіліксіз. Қоғамда, рухани және білім беру салаларында кешенді жұмыстар атқарылуы тиіс. Ол үшін діни сауаттылықты арттыру қажет. Мешіттерде, медреселерде, оқу орындарында теологтар мен имамдардың қатысуымен ашық кездесу ұйымдастырылып, жастарға дұрыс діни түсінік берілуі керек. Білім беру мекемелерінде діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуі шарт.

Мектептер мен университеттерде діни радикализмге қарсы семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру жастардың санасын қалыптастыруда үлкен роль атқарады.

Ақпарат көзін таңдауда да өте мұқият болған жөн. Әлеуметтік желілерде ұсынылатын діни мазмұндағы материалдарға сыни көзбен қарап, тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен, ресми ақпарат көздеріне ғана сенім арту қажет.

Бұл тұрғыда ата-ана мен тәрбиешілердің де ролі айрықша. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Ата-ана баласының интернеттегі белсенділігін бақылап, онымен ашық сөйлесе алатын, сенімді кеңесші бола білуі керек.

Сонымен қатар ұлттық тәрбие мен рухани жаңғыру да үлкен маңызға ие. Жастарды ата-баба жолымен жүруге, ұлттық дәстүр мен тіл, дін және діл бірлігін сақтауға баулу – олардың рухани иммунитетін қалыптастырады.

Интернет – адамзат игілігі. Дегенмен, ол – қос қырлы қылыш. Оны дұрыс пайдалансаң – білім мен ілімнің қайнары, ал теріс қолданылса – қоғамды ірітетін күш. Сондықтан әрбір ұсынылған діни материалға сақтықпен қарап, тек сенімді дереккөздерге жүгіну – бүгінгі заман талабы.

Жоғарыда айтылған ұсыныстар – бұл күрделі мәселені шешудің бір бөлігі ғана. Діни экстремизммен күресте тек мемлекет емес, әр отбасы, әр азамат белсенділік танытуы тиіс. Өйткені ел ертеңі – жастардың қолында. Олар адаспай, ұлттық және рухани құндылықтарды берік ұстанып, саналы, сауатты жолмен жүрсе, елдің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі болмақ.

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,

облыстық дін істері басқармасының

бөлім басшысы

Сурет: egemen.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button