Атырау облысының әкімі халықаралық мерекемен құттықтады

rprra Жаңалықтар

Құрметті аналар, апа-қарындастар және арулар!

Сіздерді көктемнің шуағымен бірге жететін ерекше мереке – әйелдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мейрамның негізгі мәні – анаға бас иіп, әйелге құрмет көрсету. Бұл бағзы заманнан ананы ардақтап, әйелді аялайтын халқымыздың болмысына үйлесімді мереке. Өйткені, халқымыз әйел-ана, қыз-келіншектерімізге әр күн құрмет пен ізет көрсетіп келеді. Ұлтымыздың тарихына үңілсек, әйел затының қоғам өміріндегі ерекше маңызын көреміз.

Бейбіт кезде шаңырақтың ұйытқысы болып, отбасының ырыс-берекесін арттырса, кейбір жаугершілік замандары азаматтармен қатар жауға шапқанын білеміз. Дара туып, дана болған Бопай ханша мен Айғаным ханым, Домалақ ана, ерлігі аңызға айналған Мәншүк, Әлия мен жерлесіміз Хиуаз, талантымен тәнті қылған Роза мен Күләш, Шара мен Бибігүл, өзге де біртуар тұлғалар – ұлтымыздың мәңгілік мақтанышы.

Тәуелсіздік жылдары еліміздің өркендеп, дамуына әйел азаматтарымыз сүбелі үлес қосып келеді. Экономика, саясат, білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, спорт – қай салада да олар белсенділік танытып, өздерінің жетістіктерімен қоғамның дамуына күш салып, Қазақстанның гүлденуіне зор еңбек сіңіруде. Өзіміздің Атырау өңірін алып қарасақ, бизнестің тұтқасын ұстап, мыңдаған адамдарға жұмыс беріп, шәкірттерін білім олимпиадалары мен ғылыми сайыстардың биігіне жетелеп, спорттық сайыстарда жеңіске жетіп, өзге де салаларда жарқырап көрініп жүрген нәзікжанды жерлестеріміздің есімдерін көптеп атауға болады.

Ең бастысы, сіздер ана ретінде өскелең ұрпақты тәрбиелеп, рухани құндылықтарға сусындатып келесіздер. Ендеше, ұлттың болашағы – сіздердің қолдарыңызда деп сеніммен айта аламыз. Қадірменді атыраулық әсем жандар! 8 наурыз мерекесіне орай Сіздерге деген ыстық ықылас – ізетімді, терең құрметімді қабыл алыңыздар. Дендеріңіз сау, жан дүниелеріңіз жарқын, әр күндеріңіз мейрам болғай. Сіздерге қызық-қуанышы мол ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасыларыңызға ырыс-береке тілеймін!

Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз