Жарнама
Қоғам

Ұлттық идеологиясыз ел тоқырауға ұшырайды

Елдің ертеңгі күніне бағытталған даму бағдарламаларын іске асырудың тетіктері қандай? Нақты нәтижеге жету үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек? Осы секілді маңызды сауалдар «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысында кеңінен талқыланды.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсысымыз. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды тұғырнамасы туралы ортақ ой ортаға салынып, пікір-ұсыныстар айтылды. Тарих ғылымдарының докторы Сайполла Сапанов құжатты талдап, саяси және экономикалық реформалар тақырыбындағы терең зерттеулерімен бөлісті. Спикер экономикалық жүйені қайта құру қазіргі басты талап екенін айтып, негізгі басымдықтарды жіктеді. Жерді тиімді пайдаланудың халық үшін үлкен мәнге ие екенін атап айтты, ұлттық кадрларды дайындау мәселесінің өзектілігіне айрықша тоқталды. Атырау өңірінде мұнай-газ саласына қатысты ірі өндіріс ошақтары көп орналасқандықтан, жергілікті кадрларды жоғары деңгейде дайындау қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Бүгін ғана жоғары оқу орнын тәмамдаған студенттің бірден басқару мүмкіндігіне ие бола алмасы анық. Осынау мәселеге мән беру қажеттігіне тоқталған ғалым тұғырнамада ақша, несие тақырыбы терең талданғанын да жеткізді. Қазіргідей инфляция деңгейі 18 пайызды құрап отырған шақта, халық үшін тиімді тетіктер қарастырылғанын атады.

Аймақтың тұрақтылығы арқылы ел дамуына қол жеткізуге болады. Облысқа сапары барысында мемлекет басшысы маңыз берген негізгі міндеттерді жүзеге асыру ортақ мақсат екенін атаған саясаттанушы С.Сапанов ішкі экономикалық даму, индустриялық аймақ құру туралы Президент бастамаларына да кеңінен тоқталды. Саяси партиялар белсенділігі туралы пікір айтып, Парламент ролін күшейту, саяси элитаны қалыптастыру бағытындағы ойын жеткізді. «Демократиялы, өркениетті ел болу – қазіргі меже. Кешегі өткен сайлауда дауыс берушілердің 5 пайыздан астамы «Бәріне қарсымын» деген пунктті таңдады. Бұл – демократияның белгісі. Партиялар белсенділігін арттыру қажет. Алайда, көппартиялы жүйе – демократияның белгісі емес.

Сондықтан, қай салада болмасын нақтылық, әрі оны жүзеге асыру үшін уақыт керек» деді ол. Кеңес мүшелері жемқорлық, кадр тұрақсыздығы, партиялар туралы ой-пікірлерімен қоса, ұлттық құндылықтар, тәрбие мәселесін де қозғады. Бұл тақырыптарға мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінен алған әсерімен бөліскен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Олимпиада резервін дайындау» мекемесінің әдіскері Нұрлыбек Даралиевтің пікірі түрткі болды.

Рухани тәрбиеге де мән беру керектігін айтқан ол «Қазіргі таңда іргеңдегі көршіңе пәтеріңнің кілтін тастай алмайсың. Сондықтан, ұлттық идеология болмаса, рухани құлдырауға ұшыраймыз. Қазір тыныш заман, мүмкіндіктер мол. Жастардың білім алуына, оқып, ізденуіне жағдай жасалған. Соған қарамастан, жастар арасында синтетикалық есірткіге әуестенушілер саны артып барады. Президент те бұл мәселеге айрықша мән беріп, арнайы тоқталды.

Бұл тірлікке қалтасы таяз, қаржысы жоқтар бармайды. Демек, біздің тәрбие беру үрдісімізде әлі де кемшіліктер жетерлік» деді. Бұдан соң, «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы міндетін атқарып келген Нұржан Ермұхановтың мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жаңа төраға сайлау мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Бұл лауазымға белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының жанашыры, облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.

Гүлжан ӘМІРОВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button