Миграция меридиандары

30 yirk yek 2017 zhyil Қоғам

…Осыдан екі жыл бұрын Ел Парламентінен Үкімет басшысына дабыл қаққан хат жолданған болатын. Онда сол кездегі сенатор Қуаныш Айтаханов Қазақстаннан кетушілердің елімізге келушілер санынан асып түскендігіне алаңдаушылық білдірген еді. Содан бергі уақытта бұл мәселе қалай шешімін тапты, қазіргі ахуал қандай?

30 қыркүйек, 2017 жыл

  1. Сыртқы көші-қон: Күнгей мен көлеңке

2020 жылға дейін халық санын 20 миллиондық межеге жеткізуді көздейтін Қазақстан үшін этникалық қазақтарды елге әкелу мәселесі – аса маңызды стратегиялық міндеттердің бірі! – деген еді қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханұлы. – Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға оралған шетелдік қандастарымыздың саны 1 миллионға жуықтаған. Бұл – өте қуантарлық көрсеткіш. Алайда, соңғы жылдардағы көші-қон мәліметтерінен теріс сальдоны байқаймыз.

Айтса айтқандай, 2014 жылдың 11 айында елімізден 26 мың 869 адам басқа мемлекеттерге көшіп кеткен. Олардың 1 мың 89-ы немесе 4 пайызы – қазақтар! Ал, осы уақыт аралығында елімізге 15 мың 185 адам көшіп келген. Елге келушілердің саны елден кетушілердің санынан 11 мың 684 адамға немесе 44 пайызға аз (Alashainasy.kz. мәліметінен алынды). Ойландырарлық жайт!

Ал, қазір ше? ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің нақты мәліметіне жүгінсек, былтырдың өзінде Қазақстаннан көшіп кеткендердің саны 34 965 адамды құраған, бұл 2015 жылға қарағанда 16,4 пайызға көп. Олардың 28 677-сі  Ресейге, 2637-сі Германияға, 393-і Беларуське, 228-і АҚШ-қа, 173-і Польшаға, ал, 168-і Канадаға көшіп кеткен. Ал,  елімізге 13 347 адам келіп, ресми тіркеуден өткен (Tengrinews.kz).

«Қазіргідей қиын шақта артық ауыздың қажеті қанша?!» деген кері тартатындар да табылар. Бірақ, болашағын ойлаған ел мұндай қатерлі ұстанымнан бойын аулақ салуға тиіс. Бұл – дүниежүзілік деңгейдегі данагөй сарапшылардың ақылы! Елордада өткен экономикалық форумда олар елімізге осындай ұсыныс берген болатын. «Әлемдік дамыған отыз елдің қатарына қосылу бағытында жетістікке жеткен сайын Қазақстанның шетелдік мигранттар үшін тартымдылығы арта түседі. Олардың саны бірнеше миллионға жетуі мүмкін. Сол себепті жерінің ауқымы ұлан-байтақ бұл республика үшін төл халқының санын арттыру – мемлекеттік маңыздағы міндет» деген еді сарапшылар.

Рас, көшіп келушілер мен елден кеткендер санының арасында біраз айырмашылық бар. Соңғы бес жылғы есеп бойынша, 99 мың адам көшіп келсе, көшіп кеткендер саны 148 мыңды құрады. Бұл дегеніңіз – осы уақыт аралағында көші-қон сальдосы 49-50 мың адамға теріс көрсеткіш көрсетті деген сөз, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Саралап қарасақ, Қазақстанға келгендердің 75,2 пайызы  ТМД елдерінен шыққан, ал, кеткендердің 87,7 пайызы ТМД елдеріне кеткен. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Алматы (8586 адам) қаласында және Ақмола (320 адам), Қостанай (318 адам), Маңғыстау (291 адам), Павлодар (280 адам), Атырау (83 адам) облыстарында қалыптасты.

Елге келіп жатқандардан кеткендердің көп болуының себебі неде? Вице-министрдің айтуынша, олардың дені – тарихи отанына жұмыс бабымен және білім іздеп кетіп жатқандар. Бір ғажабы, арнайы сауалнама жүргізілгенде, эмигранттардың ешқайсысы да біздің елдегі әлеуметтік-тұрмыстық ахуал, құқықтық кемсітушілік, қағажу көрушілік және басқа да келеңсіздіктер хақында бір ауыз да пікір айтпаған. Тіпті, тарихи отанына кетіп қалғанымен, көп ұзамай кері қайтып келіп жатқандар да жоқ емес.

Оралмандардың көші-қоны туралы айтқан кезде «қанша адам келді, қанша адам кетті?» дегенмен шектелуге болмайды. Бұл өзінше бір ерекше салмақты мәселе, салиқалы саясат екенін естен шығармауымыз керек. Өйткені, дүниежүзі бойынша Қазақстан – қандас бауырларымыздың тарихи Отанына оралуына қолдау көрсететін санаулы елдердің бірі. Мәселен, егемендігімізді алғаннан бергі жылдар ішінде 284 мың отбасы, яғни, 1 миллионнан астам қазақ елге оралды. Өзбекстаннан келетін қандастарымыздың саны басым.

Жалпы, «көш саябырсыды» деген әңгіме неден туындайды? Осы ширек ғасырдан астам уақытта сол келіп жатқан қандасымызға көрсетілетін қолдаудың тәртібі мен тетігі өзгеріп тұрды. Соның ішінде 2013 жылғы көш-қон саясатын күрт өзгерту оралмандардың елге бет алған көшін белгілі бір уақытқа тежеп тастады. Себебі, елге келетін бауырымызға көрсетілетін жеңілдіктер алынып қалды. Атап айтсақ, үкімет белгілеген жерге ғана көшуге және тұрақты тұруға рұқсат алу үшін басқа шетелдіктер секілді төлем қабілеттілігі болу,  азаматтықты алу үшін кемінде елімізде 4 жыл өту талабы енгізілген еді. Соның салдарынан, бұрын елімізге жыл сайын 15 мың отбасы көшіп келген болса, 2014 жылы 4 мыңға жуық жанұя, 2015 жылы небәрі 1920 отбасы ғана келген. Қазақстаннан басқа елге қоныс аударушылар қатарының келушілер санынан көбейіп кетуінің де негізгі бір себебі осында болатын.

Осы жағдайды ескере отырып, 2015 жылдың аяғында заңға қайтадан өзгеріс енгізілді. Сөйтіп, бұрынғы жеңілдіктің барлығы да қайтарылды, – дейді  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Шынында да, осы өзгеріс көші-қон үдерісін қайтадан күрт өзгертті. 2016 жылы 16 мыңнан астам отбасы келді, яғни, бұл алдыңғы жылдағыдан 8 есе көп. Бұдан екі жыл бұрын Қуаныш Айтаханов жазған хатта оралмандарға азаматтық алу үшін бақандай төрт жыл күтудің қисыны жоқтығы мәселе етіп көтерілген еді ғой. Енді елімізге келетін қандасымыз қай өңірге шақырумен, шақырусыз келсе де бес күннің ішінде оралман мәртебесі беріледі. Сондай-ақ, тұрақты тұруға рұқсат алған кезде төлем қабілетін растаудың қажеті жоқ. Кірген визасына қарамастан, жеңілдетілген түрде үш айдың ішінде тұрақты тұруға рұқсат беріледі. Одан кейін азаматтық алуға құқылы. Оны да үш айда алады. Сөйтіп, елге келген қаракөз құжатын уақытылы өткізіп реттесе,  алты айдың ішінде азаматтық алады.

Міне, сөзіміздің басында тоқталғанымыздай, арада өткен екі жылда сыртқы көші-қондағы көлеңкелі тұстарды реттеуде осындай оңды қадамдар жасалыпты. Ендеше, алдағы уақытта елімізге келушілердің арасалмағы басым болары кәміл. Мұны өткен жылғы оралмандардың келу көрсеткішінің күрт өсе бастағандығының өзі айқын дәлелдегендей.

P.S. Сыртқы көші-қонның дұрыс жолға қойылуы демографиялық өсімге бастайтыны да сөзсіз. Осы орайда жазушы-демограф, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев «жағдай қалыпты сипат алса, 1991 жылдан бергі уақытта көшіп кеткен 3 млн. адамның орнын демографиялық  дүмпумен толтыруға  болар еді» деген пікірде. «1991-1997 жылдар аралығында халықтың көбею көрсеткіші ең төменгі деңгейге дейін түсті. Ахуал 1997 жылдан бері қарай қалыпқа түсе бастады. Осы уақытта туған балалар 20 жасқа енді жетіп жатыр. Бұл өсімге сырттан келген ағайындар да үлес қосып жатыр. Дәл қазір Қазақстанға демография мәселесіне басымдық беру қажет. Мәселе сонда ғана оң шешімін табады»  дейді ол.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали «демографиялық саясатымыздың қозғаушы күші  демографиялық карта  болуы тиіс» деп санайды. Өте құптарлық пікір. Сыртқы көші-қон мәселесіне байланысты бұған да мемлекеттік тұрғыда жете көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі демографиялық саясат тұжырымдамасы» қабылданды. Ендігі мәселе – осы бағдарламалық құжаттың ойдағыдай іске асырылуында. Түптеп келгенде, демографиялық ахуал сыртқы миграция жайына немқұрайлы қарауды көтермейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні де – осы.

Исатай Құндызбайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз