Жарнама
Қоғам

Ұлт жадының алтын сандығы

Бүгін еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің бастамасымен жүзеге асқан бұл шара жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға және архив ісіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

42fe31ff 123e 466b a12c d3dcecbabbae


Осы игі бастама аясында Атырау облысы мемлекеттік архивінде де «Ашық есік» күні жоғары деңгейде өтті. Шара барысында оқушылар мен студенттер архивтің күнделікті қызметімен, тарихи құжаттардың сақталуымен, цифрландыру үдерісімен және саланың болашағымен танысты.
Атырау облысы мемлекеттік архиві бұл күнге арнайы бағдарлама әзірледі. Қатысушылар архив бөлімдерінің жұмысымен танысып, құжат сақтау қоймаларын аралады. Сонымен қатар, көрмелер арқылы өңір тарихынан сыр шертетін тың деректерді көзбен көріп, таным көкжиектерін кеңейтті.

f30732e5 683f 4fb4 a764 eaf63b185f6c


Атап айтқанда, «Атырау қаласына – 385 жыл», «Руханияттың ордасы – театр» және «Қазақстанның Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың туғанына – 120 жыл» атты тақырыптық көрмелер көпшіліктің ерекше ықыласын тудырды.

8d014f54 a4c3 4943 bb8b 7b9d736a15c0


Іс-шараға қаладағы бірнеше білім беру мекемелерінің оқушылары мен студенттері белсене қатысты. Атап айтқанда, Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі, Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі, Атырау «Білім-Инновация» лицейі, №21 Жамбыл атындағы орта мектеп, №12 Ф.Досымова атындағы орта мектеп және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері шараға қатысып, архив саласының тыныс-тіршілігімен етене танысты.

2de7c10c 2e5f 4c90 9699 4785383c2c85


Қатысушылар үшін танымдық викториналар ұйымдастырылып, олар «Ұлттық салт-дәстүрлерден не білеміз?» және «Өңірдің тарихы мен зиялы тұлғалары» тақырыптарында білімдерін ортаға салды. Архив қызметкерлері оқушылар мен студенттерге мұрағат құжаттарының маңызы, оларды сақтау, жүйелеу және цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы кеңінен мағлұмат берді.

737f1655 bba2 4040 9852 2318c782fb97


Іс-шара барысында Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Тұрсын Қалимова архивтің қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті.
– Бүгін еліміздің барлық өңірінде архив саласы бойынша «Ашық есік» күні өтуде. Архивтер өз есіктерін айқара ашып, мектеп оқушылары мен студенттерге саланың ішкі жұмыстарын көрсетті. Біз де Атырау облыстық мемлекеттік архивінде осы үрдісті жалғастырып, жас буынды шақырдық. Олар ғасырлар бойы сақталып келген құжаттарды өз көздерімен көріп, тарихпен тікелей танысты. Қазіргі таңда архив саласы цифрлық жүйеге көшуде. Біздің архивте де бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы үдерістермен танысқан жастардың болашақта архив саласына зерттеуші ретінде келуіне мүмкіндік туады. Өйткені архив – мемлекеттің тарихын сақтайтын алтын сандық, — деген Тұрсын Қалимова архив саласында жүзеге асып жатқан оң өзгерістерді атап өтті.
Ол сондай-ақ, саладағы жағымды жаңалықты да қуана жеткізді.

f97a24f4 c815 400b b85c 78aab2d41180



– Елімізде архив мекемелерінің көбі ескі ғимараттарда жұмыс істеп келді. Биыл Атырау облыстық мемлекеттік архиві мен қалалық архивтер үшін жаңа заманауи ғимарат бой көтерді. Жоспар бойынша нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі. Бұл зерттеушілер үшін де, архив қызметкерлері үшін де үлкен серпіліс, — деді ол.
Шара соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, архив туралы көзқарастарының өзгергенін айтты. №21 Жамбыл атындағы орта мектептің XI-сынып оқушысы Ақжол Хабибуллин «Бұрын архив дегенде тек қағаз, ескі құжаттар елестейтін. Бірақ бүгін көргенім мені таңғалдырды. Архивте өткен тарих қана емес, болашақ үшін маңызды деректер сақталады екен. Бұл салаға деген қызығушылығым артты» деген пікірін айтса, ал «Білім-Инновация» лицейінің VII-сынып оқушысы Керімбай Исламбек «Архивке бірінші рет келдім. Маған әсіресе ескі фотосуреттер мен құжаттар ұнады. Көп мәлімет алдым. Болашақта тарихшы болсам деген ой келді» деп асқақ арманын жеткізді.


ec08dc52 27ff 4434 af77 a425e04584e3

Осылайша, Атырауда өткен «Ашық есік» күні архив пен қоғам арасындағы байланысты нығайтқан тағылымды шара болды. Ол жас ұрпаққа тарихты көзбен көріп, жүрекпен түйсінуге мүмкіндік берді. Осындай бастамалар арқылы ұлттың рухани іргесі беки түсетіні анық.

Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button