Жарнама
Қоғам

Үйі ескі, жері сорлы: Мақат халық қайтіп күн көреді?

Мақат және Доссор кенттеріндегі топырақтың ең жарамсыз беткі қабаты – сорларды көму, апатты жағдайдағы ескі үйлерді жою және көшіру – негізгі проблемалардың бірі. Жергілікті тұрғындардың көтеріп жүрген осы өзекті мәселелерді шешудің жолы қандай? Бұл сұрақ «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында талқыға түсті.

Аймақтық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, құзырлы орын өкілдері қатысқан жиында Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин кенттердегі ауқымды сорларды көму жұмыстарына тоқталды.

– Мақат, Доссордағы 165 гектар аумақты құрайтын тұзды көлдерді көму үшін былтыр жасақталған жобалық-сметалық құжаттама құны 11 миллиард теңгеден астам қаржыны қажет етеді, — деді Бекәділ Орынбасарұлы.

Алдыңғы кезектегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 500 млн. теңге бөлу жөнінде өтінім жолданған.

-Бұл мәселе облыстық мәслихаттың бюджетті нақтылау сессиясында қаралады. Қаражат бөлінген жағдайда, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланып, мердігер анықталады, — деді аталған басқарма басшысы Нұрлан Жантоқов.

Мақаттықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе – қос кенттегі ғасырдан астам тарихы бар апатты жағдайдағы тұрғын үйлер. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, екі қабатты 4 үйде 125 тұрғын тұрады. Бұдан басқа ауданда 1911-1949 жылдары салынған барак типтес 112 үй бар. Оның 7-уі Мақат кентінде, 105-і Доссорда. Мұнда барлығы 2310 адам тұрады. Апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелерін жаңа баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі бекіткен жол картасына сәйкес, 2025 жылы Доссор кентіндегі Қ.Құдабаев көшесіндегі 21, 22 үйлерді көшіру көзделген. Алайда, сұранысқа сәйкес, мұндағы тұрғындарды биыл көшіру қажет. Бұл жұмыстар 128 млн. теңге қаражатты қажет етеді.

Ал, жалпы Мақат ауданындағы апатты және көне үйлердің мәселесін шешу үшін барлығы 12 млрд. теңге қажет, — деді ол. Қалай десе де түйткілді мәселелердің шешімі қомақты қаражатқа тіреледі. Ал, облыстық мәслихат депутаттары осынша соманы бюджеттен бөліп, оны жаратпастан бұрын алдымен ауданның экологиялық ахуалын, әлеуметтік жағдайын ескеріп, өңір тұрғындарын Атырау қаласына, жері шұрайлы Махамбет ауданының бағытына қарай көшіру жөнінде ұсыныстарын айтты.

– Бүгінде Доссор кентінде 13 мыңнан аса халық бар. Апатты жағдайдағы тұрғын үйдегілерді осы өңірге қалдырып, мәселелерін қазір шешіп бергенмен, кейін бұл жерде басқа да проблемалар туындайды. Өйткені, өңірдің экологиялық ахуалы нашар. Жаңа жұмыс орындары жоқ. Сондықтан тұрғындарды біртіндеп облыс орталығына көшіру жұмыстарын қолға алған жөн, — деді облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев.

Жиын барысында аудандағы аялдамалардың мәселесі де сөз болды. Мұнда барлығы 55 павильон қажет болса, оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға 2019 жылдан бері бюджеттен 6 млн. теңге қаражат сұралған. Алайда, мәселе бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ.

– Жоба құжатын жасауға осынша сома сұрау ақылға қонымды ма? Аялдама мәселесін жылдарға созып, ұзартудың қажеті жоқ. Сондықтан ауданда демеушілердің қатысуымен бұл жұмысты шұғыл реттеген жөн. Шетелдіктер аялдамаларға кітапхана жасақтап жатқанда біздің әлі күнге дейін ең қарапайымы – желдің өтінен, ыстық-суықтан қорғайтын ықтасын орын жасай алмай жатқанымыз өкінішті, — деді «AMANAT» Атырау облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Әмірғалиева.

Ал, апатты жағдайдағы үйлердің мәселесін оңтайлы шешу үшін тұрғындардың өздерімен тікелей кездесіп, жанжақты зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл үшін депутаттар Мақат ауданында көшпелі кеңес отырысын өткізетін болды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button