АТЫРАУЛЫҚ ДАРЫНДАРДЫҢ ОЛЖАСЫ

Жуырда Ресейдің Протвино қаласында халықаралық «Компьютерлік физика-2014» турнирі өтті. Ресей Федерациясы, Румыния, Беларусь, Украина және Қазақстан елдері жас дарындарының басын қосқан байқауда атыраулық оқушылар да топ жара білді. Соның ішінде қазақ-түрік лицейінің үш бірдей шәкірті бар. 

Облыс орталығындағы іргелі білім ұясының биылғы түлегі Ильяс Капсих өзінің жобасы арқылы ІІІ орынды еншілесе, 10-ыншы сынып оқушысы Бекарыс Нұртайдың робот техникасын дамыту бағытындағы жобасы ең үздік деп танылды. Ал, «Экологияны сақтау мақсатында дәстүрлі емес қуат көздерін қолдану жүйесі» жобасы Ерғабыл Батырбекке екі бірдей жүлде сыйлады. Аталған жоба бойынша  ол  математика бағыты бойынша І орынды жеңіп алса, физика бағыты бойынша ІІ орынға лайық деп танылды.  

Халықаралық турнирде білім сынына түскен талантты жастар байқау шарттарының күрделі болғандығын айтады. Алайда, өздеріне сенімді болған олар бар мүмкіндіктерін ортаға салды. 

– Бұл турнирге біз жылдар бойы дайындалдық. Құрылғының әр бөлшегіне мән беруге тырыстық. Улы газдарды тазарту, қауіпсіздік жүйесінде трикоптерді қолдануға жаңашылдық енгізу басты мақсатымыз болды. Қазылар да біздің жұмысымызды оң бағалады, – дейді лицей оқушылары. 

Аталған байқауға өзге мемлекеттермен қоса, еліміздің әр өңірінен де оқушылар қатысты. Айта кетсек, Алматы облысының өзінен тоқсаннан астам оқушы өз білімдерін сынаған болатын. Сондықтан, жаңа құрылғы ойлап тауып, оны сәтті қорғап шыққан жерлестерімізің еңбегі мақтауға тұрарлықтай. Осы жетістіктері арқылы олар ережеге сәйкес Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады.  Бұл – олардың  алғашқы  жетістіктерінің бірі. Білім жолында олар әлі де талай биік шыңдарды бағындырарына сеніміміз мол. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз