Жарнама
Қоғам

УФАДА ОҚЫП ЖҮР, ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ…

Бүгінгі күні Уфадағы аталмыш білім ордасы тек Ресей үшін ғана емес, әлемнің 40-қа жуық еліне маман даярлайтын халықаралық деңгейдегі беделді оқу ордасының біріне айналды. Қазір Уфада еліміздің әр өңірінен барған 200-ге жуық қазақстандық жас білім алуда.

Облыстық білім беру басқармасы жалпы және орта білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Роза Қабдолованың сөзіне сүйенсек, ең алдымен, Уфаға жіберілетін түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған ұпайларына ерекше көңіл бөлінді. Талап бойынша көрсеткіш 80 балдан кем болмауы тиіс еді. Нәтижесінде, ата-аналардың арыздарын, отбасылардың әлеуметтік жағдайларын ескерген арнайы комиссия құрамы отыз баланы таңдады. Олардың ішінде облыс орталығы мен аудандардан да аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан шыққан, сонымен қатар, жетім немесе жартылай жетім балалар іріктелді. 

— Бұл — облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының атыраулық жас өрендерге деген қамқорлығы. Уфадағы мұнай техникалық университетінің білім сапасы өте жоғары болғандықтан, осы оқу орнының басшыларымен  облыс әкімі келісімге келді. Аджип ҚКО компаниясы мен облыстық әкімдік тарапынан арнайы меморандумға қол қойылып, балаларға Уфада тегін білім алуға жол ашылды, — дейді Роза Меллятқызы. 

Зира Дүйсембаева – аталған университеттің геология мамандығының бірінші курс студенті. Жылыой ауданындағы №6 орта мектепті үздік бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде «Алтын белгіні» ақтап шығуға бір балл жетпей қалған еді. Бірақ, сәуір айында өткен ресейлік тестілеу жүйесі қорытындысымен жинаған 210 балы оның үмітін үзбеді. 

— Ұлттық бірыңғай тестілеуден кейін облыс әкіміне хат жазып, жағдайымызды айттық. Оның ата-анасының екеуі де — жұмыссыз, ІІІ топ мүгедектері, — дейді Зираның ағасы Нұртаза Дүйсембай. — Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов көмегін аяп қалмады. Қарындасым Уфа қаласына оқуға түсті.  Сол үшін облыс басшысына алғыс айтамыз. Бұл оқу орнында қысқы сессия 15-інші қаңтарда аяқталуы тиіс еді, бірақ, сабақ үлгерімі жағынан озық болғандықтан, қарындасым сынақтарын ерте тапсырып, желтоқсанның 29-ы күні каникулға келді. Ұстаздарының да Зира туралы пікірлері жақсы. Оқуын бітірген соң, Зира алған білімін мұнайлы өлкеміздің дамуына жұмсайтын болады.  

Осыдан он екі жыл бұрын қаршадай бес баласымен жесір қалған Гүлшара Сарекенова ұрпағының болашағына қатты алаңдаған еді. Қазір үлкен қызы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бухгалтер мамандығы бойынша бітіріп шықса, ұлы «Интергаз» АҚ бөлген грант бойынша Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетінде білім алуда. Ал, екінші ұлы Балмұқан Сарекенов – облыс әкімінің қолдауымен Уфада оқуға жолдама алған түлектердің бірі. Бұдан кейінгі егіз ұлы мен қызы қазір алтыншы сыныпта оқып жатыр.     

— Сынақ қорытындысымен ең жоғары балл жинаған ұлым қазір Уфадағы мұнай техникалық университетінде кибернетика мамандығының қыр-сырын үйренуде. Балмұқан Махамбет ауданындағы Талдыкөл мектеп-балабақша кешенінің қазақ сыныбын бітіріп шыққан еді. Сол себепті, мамандықты орыс тілінде меңгеру қиынға соғып жүргенін байқаймын. Бірақ, ол қиналып жүргенін білдіртпейді. Еш қиындыққа қарамастан, қолына диплом алып, маман иесі атану – бар арманы, — дейді «Редут газ-желі стансасында» тазалықшы болып қызмет атқаратын анасы Гүлшара Сарекенова. 

Уфалық университетте білім алып жатқан тағы бір атыраулық жас,  архитектура факультетінің студенті Муса Айбосыновтың алдына қойған мақсаты көп. Шет елде оқу оның Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін қалыптастыруға ықпал етті. 

Уфада жүріп, отандастарын, бауырларын іздеген Муса бір кездері осы оқу орнын бітірген, қазір «Башмұнай» компаниясында қызмет атқаратын Асқар Күзембаевпен танысқан екен.  

— Уфада білім алып жатқан атыраулық жастармен кездесіп, араласып тұрамыз. Мұндағы қазақтардың басын біріктіру мақсатында «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығын ашуды жоспарлаудамыз. Асқар Күзембаев бұл бастамамызға қолдау білдіруге дайын. Жуырда Башқұртстан Президенті Рүстем Хамитовке осы ұсынысымыз жөнінде хат жолдаған едік. Алдағы уақытта бұл мәселе шешілетіні жөнінде хабар бар. Егер орталық ашылып жатса, ұлттық мерекелерімізді атап өту, ұлттық ойындарды насихаттауға мүмкіндік туындайды. Сол себепті, Көк туымызды, ұлттық киімдерімізді өзіммен бірге алып бара жатырмын, — дейді қысқы сессиясын тапсыруға кетіп бара жатқан Муса Айбосынов.     

Өңір жастарына Ресейдің белгілі оқу орнынан білім алуына мүмкіндік жасаған облыс басшысына уфалық студент Абай Құсайыновтың анасы Марияш Сатимованың да алғысы шексіз.  

Айта кетсек, облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов те — алпыс жылдан астам тарихы бар аталған білім ордасын тәмамдаған және университеттің «Алтын белгісіне» ие болған 12 түлектің бірі. Уфада білім нәрімен сусындап, тәрбиеленіп жатқан атыраулық студенттер болашақта білімдерін туған елінің, өңірінің дамуына жұмсап, елдің қалаулы азаматтары боларына үміт те зор.     

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button