Атырау облысында Табылды Досымов пен Мұрат Мөңкеұлына еркерткіш орнатылды (ФОТО)

whatsapp image 2019 10 19 at 16.03.12 1 Жаңалықтар

Atr.kz/19 қазан, 2019 жыл. Қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен бард ақын Табылды Досымовқа арналған ​ ескерткіш Индербор кентінде ашылды, ​ деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.​

Мұрат бабаға арналып салынған ескерткіштің авторы ҚР суретшілер одағының мүшесі Құттыбек Жақып. Биіктігі 7 метр болатын ескеркіш таза қоладан құйылған. Елінің тәуелсіздігін аңсап жыр толғаған ​ майталман жыршы, термеші ретінде Мұрат Мөңкеұлы халық арасында танылған. ​ Салтанатты ​ шараға қатысқан Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов аймақ басшысы атынан бүгінгі айтулы мерекемен құттықтады.

-Қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлын танымайтын қазақ жоқ. Өзінің ​ рухқа толы өлеңдерімен халық жадында мәңгілікке сақталды. Бүгінгі біздердің міндетіміз – ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. ​ Осы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. ​ Бүгін Индербор кентінде Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовқа арналған ескерткіш бой көтерді. ​ Ашылғалы тұрған екі ​ ескерткіш құтты болсын,-дейді Серік Шапкенов.

Сонымен қатар, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовқа арналған ескерткіштің де салтанатты ашылуы өтті. Сәулетті ескерткіштің ашылу салтанатына Табылдының замандастары, қоғам қайраткерлері қатысты. ​ Биіктігі 2 метр 60 см болатын ескерткіш таза қоладан құйылып жасалған. Сәулеттік өнер композициясы Табылды ақынның 45 жасында өтуін білдіретін 4,5 метрлік гранит тасқа өлеңдері жазылған.

Сондай-ақ, Табылды мұрасының кейінгі ұрпаққа жалғасуын бейнелейтін граниттың ұшар басына құстар бейнеленген. ​ Ескерткіштің авторы ҚР суретшілер одағының мүшесі Бақытбек Мухаметжанов.

«Мен қазақпын»- деп жаһанға жар сала жырлаған жалынды ақын өзінің кіндік қаны тамып, өмірінің соңғы күндерін өткізген туған топырағында бүгін сәулетті ескерткіш бой көтеріп отыр. Табылды қазақ жанында мәңгілік сақталады. ​ Мұрат Мөңкеұлы азаттықты армандаса, Табылды биіктікті аңсады. Екі тұлғаның бүгінде арманы орындалды,- дейді ақын, Табылдының замандасы Светқали Нұржан.​

Айта кетейік, қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен бард ақын Табылды Досымов Индер ауданында жерленген.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз