Жарнама
Қоғам

«ҮЕҰ-ға тек бақылаушы емес, серіктес ретінде қарауымыз қажет»

Облыстық XII Азаматтық форум өз жұмысын жалғастыруда. Форумның екінші күні пленарлық отырыспен ашылып, онда азаматтық қоғамды қолдау және үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) рөлі басты тақырып ретінде көтерілді.
Форум жұмысына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ҮЕҰ-ның маңыздылығына тоқталды.

6a7b1eb3 e26b 4c7a b5f6 2fa6ab23cc9a 1


– Үкіметтік емес ұйымдар облыстың әлеуметтік дамуына, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және түрлі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Мемлекет бұл бағытқа ерекше назар аударып отыр. Соның нәтижесінде азаматтық сектордың әлеуеті артып, қоғам үшін маңызды жобалар жүзеге асырылуда, – деді облыс басшысы.
Айта кетелік, XII Азаматтық форум аясында өңірдегі азаматтық қоғамды дамыту мен ҮЕҰ қызметін қолдау мәселелері кеңінен талқылануда. Биыл форумның күн тәртібі қоғамдағы әлеуметтік жобалардың тиімділігі мен олардың ауылдық аймақтарға әсерін саралауға бағытталған болатын.
Осы жылы Атырау облысында үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын жүзеге асыруға 1,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 90 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Алайда, жобалардың тек 7,7 пайызы ғана ауылдық мәселелерге қатысты болып отыр.
Форум барысында сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова ҮЕҰ-дың қоғамдағы рөлі мен маңызын ерекше атап өтті:
– Қоғамдық ұйымдардың белсенділігі – еліміздегі азаматтық қоғамның кемелденуінің басты көрсеткіші. Мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы тиімді серіктестік – ел дамуының маңызды тетігі. Қазіргідей турбулентті кезеңде әрбір бастама маңызды. Сондықтан біз ҮЕҰ-ға тек бақылаушы емес, серіктес ретінде қарауымыз қажет, – деді вице-министр.

8c4389f8 4e21 4a1f 9b14 ec175d6fd88b 1

Қазіргі таңда облыста 1 облыстық ресурстық орталық және оның 7 аудандық өкілдігі жұмыс істейді. Бұл орталықтар үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік, құқықтық және ұйымдастырушылық көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, 2 ұзақ мерзімді жоба іске асырылып жатса, жобалардың 18 пайызы бір реттік іс-шаралар өткізуге бағытталған. Бұл көрсеткіш азаматтық сектордың әлі де болса жүйелі, тұрақты жобаларға мұқтаж екенін көрсетеді.
Форум барысында сарапшылар ауылдық жерлерге бағытталған жобалардың үлесін арттыру, азаматтық бастамаларды институционалдық деңгейге көтеру және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау қажеттігін атап өтті.
Шарада әрі қарай азаматтық қоғамды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың жаңа мүмкіндіктері талқыланып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі ұсынылды. Сонымен қатар, ҮЕҰ өкілдері өздерінің үздік әлеуметтік жобаларын таныстырды.
Форум барысында облыс әкімі екі байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. «DEMEÝ» облыстық байқауына 26 волонтер қатысып, комиссия шешімімен үздік деп танылған 6 жоба 1 миллион теңгелік грантқа ие болды. Ал «Qolday» байқауында 31 ҮЕҰ бақ сынап, 6 ұйым әрқайсысы 2 миллион теңгеден қаржылай қолдау алды.

afdc2120 0077 4f58 97ca 971e0f8eddd5 1

Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарының альянсы белсенділік танытқан сегіз ҮЕҰ-ға алғыс хаттар табыс етті.

d278a5c8 c96c 4868 97ca 53cae1bd52c7 1

Форум соңында Серік Шәпкенов азаматтық қоғам өкілдеріне аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырды.

163a6dc9 864e 4d48 86c7 5ab34ebeb4ef 1

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button