ЖаңалықтарҚоғам

Өз отыңды өшірме, балам!

Өркениет дамып, ел өркендеген сайын  күнделікті өмірімізге де көптеген жаңалықтар  енді. Экономикамыздағы іргелі өзгерістерді  айтпағанның өзінде,  отбасы тәрбиемізге де батыстың  түрлі  дәстүрі батпандап кіргенін байқамай да қалдық. Әжесі бола тұра тәрбиешіге баратын, бесігі бола тұра  бір реттік жөргекке таңылған, қазақ  болып қазақша ойлай алмайтын  ұрпақ өсіп келеді. Мойындағымыз келмесе де шындық, оны бүркемелегеннен ештеңе ұтпасымыз тағы анық. Осы орайда  біздің  талқыға салып, пікір  алмастыратын бүгінгі тақырыбымыз – туған күнде сәбилеріміздің мерекелік тортқа шаншылған майшамды үрлеп өшіруі.

%d3%a9%d0%b7-%d0%be%d1%82%d1%8b%d2%a3%d0%b4%d1%8b-%d3%a9%d1%88%d1%96%d1%80%d0%bc%d0%b5-%d0%b1%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%bc

Бір қарағанда,  онда тұрған еш сөкеттік жоқ сияқты. Балалар тәтті торттың  үстіндегі   шырақты  өшіріп, мәз-мейрам болады. Дәмнен ауыз тиіп, ойынның көркін қыздырады. Тіпті, балалар осы рәсім үшін жыл сайын туған күнін асыға күтетін уақытқа да жеттік.

Ал, шын мәнінде  мұнда үлкен мәселенің бір ұшы жатқандығын бәріміз бірдей біле бермейміз. Өйткені, біз  отқа нан  пісіріп, ошаққа ет асатын дәуренді артқа қалдырып, көгілдір отынның  дәуірінде ғұмыр кешудеміз. Соған сай оттың қасиеті, отбасы, отанасы деген сөздердің  аясын да тарылтып алғандаймыз.

Аналарымыздың тәрбиесінен қанға сіңген қасиеттің бірі – алаулаған от түгілі, жанып бітпеген шоқты су құйып, не басқалай әдістермен өшірмеу еді.  Кішкентай кезімде   оттың қызыл шоғын  үнемі  бір шелек су құйып өшіретін жанұяның  іргетасы бұзылып, ошағы жағылмай қалғанын  анамның өз аузынан естідім.  

Мұндай  мысалдар ел арасында көптеп кездеседі. Ал, тағдырдың  сан түрлі соқпағынан сабақ алып, ой түю – әр жанның өз еншісінде. Десек те халқымыз өз отын өзі өшірмеген. Ал, кішкентай бөбектерімізге от үрлеп  өшіртуіміз дұрыс па?

Осы тақырыпта ой толғаған оқырмандарымыздың пікірінің ақ-қарасын ажыратуды өз еншілеріңізге қалдырдық, ағайын! Басына қандай қиын күн туса да, қуанышта да, қайғыда да біздің  бабаларымыз бен ардақты аналарымыз өз отын өзі өшірмеген. Сіз не дейсіз?

 

Тұрар  ҚАЛЕНОВ,  қала  тұрғыны:

– Бүгінде сол салт-дәстүріміздің дені  еуропаланып, өзгеше күй кешуде. Жастар өздерінің қалауымен түрлі көркем сарайларда бесікке де салып, тұсауын да кестіріп жатыр. Мұндай жаңашылдыққа қуансақ та, «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз да жетерлік. Соның  ішінде  көтеріліп отырған мәселе – дәмді торт. Үйлену тойларында атасы мен енесіне торт асату, кішкене бөбекке торттың шырағын өшірту біздің салт-дәстүрімізге, таным-түсінігімізге де сай келмейді. Ата-аналар  өзгеден көргенін өлшеп-кеспей, біліп-зерттемей лезде  іске асыруды қойса, алдымен үлкендермен кеңессе  дұрыс болар еді.

 

Салтанат  ІЗМАҒАМБЕТОВА,

Б.Момышұлы  атындағы

№25  орта мектептің  мұғалімі:

Қазақы тәрбие, түсінігімізге сүйенсек, халқымыз ешуақытта өзінің шырағын әдейілеп өшірмеген. Бұл ырымның  түп-мағынасына үңілсек, мүмкін ойымыз өзгерер ме еді? От – ошақтың, отбасының, жылылықтың  символы. Сол ошақтың  басында жанұя мүшелері бас қосып, жақсылыққа жол бастайды. Ал, бүгінгі таңда өзгелерге еліктеп, өз құндылығымызды жоғалтудамыз. Отты өзіміз өшіртіп, қараңғылыққа қарай жол сілтеп отырғанымызды естен шығардық. Әрине, бала  үшін барымызды саламыз. Баламыз ең бірінші, ең әдемі  болғанын қалаймыз. Бірақ,  бір істі бастамас бұрын  «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп», ақылмен қадам жасасақ,  нұр үстіне нұр  болар еді!

 

Аңсаған  ХАМИТОВА, жас  ана:

– «Заманың түлкі болса тазы боп  шал»  дегендей, өмірдің ағымына ілесіп күн кешіп келеміз. Соған орай бала тәрбиесіндегі қадамдарымыз да бұрынғыдан өзгерек. Заманына сай адамын тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.

Бұл орайда дамыған елдердің  бала тәрбиесіндегі тәжірибелерін, кеңестерін жиі пайдаланатынымыз рас. Ал,  шырақты үрлеп өшіргенде ішінен ойлаған ниеті, арманы орындалады деп жатамыз. Балалар үшін қызықты рәсім. Бөбектеріміздің қуанғанын қалаймыз. Сондықтан, оның еш  артықшылығы жоқ  деп ойлаймын.

Салтанат  АҚТӘЖИЕВА,

Атырау  қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button