20160908124343

Уақытында қабылданған шешім

Қоғам

Atr.kz/22 қазан, 2020 жыл. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлығы жария болды. Бұл – біраз уақыттан бері болжанып, күтілген, жоспарланған саяси шешім. Жаңашылдығы да көп.

Біріншіден, кезекті сипатқа ие болуы. Яғни, елімізде осы күнге дейін өткен 6 парламенттік сайлаудың үшеуі кезектен тыс, үшеуі кезекті. Алтыншы шақырылған мәслихаттың мерзімі аяқталар тұс дәл есептеліп, мерзімі дер кезінде белгіленіп отыр.

Екіншіден, бұл сайлауда бірінші рет парламенттік тәжірибемізде тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота ережесі енгізілді.

Үшіншіден, осыған дейін өткен сайлауларда мәслихат депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайласа, ендігі кезекте, ең алғашқы рет партиялық тізім бойынша өтеді. Яғни облыстық, қалалық, аудандық маслихаттардың депутаттарының барлығы партиялық тізім бойынша сайланады. Қоғам болған соң, бірнеше партияның болуы заңды да. Демек, бұл бағыт партиялардың өзара бәсекелестігі мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Төртінші, маңыздысы – мәслихаттар жұмысы жандана түседі. Арнайы заң бекітілгеннен кейін мәслихат хатшысы төраға болып, тұрақты қызметке тағайындалады. Бұл өз кезегінде жауапкершілікті одан әрі күшейтіп, жоспарлы жұмыстарды жүйелі жүргізуге септеседі. Сонымен қатар, мәслихаттар жанындағы тұрақты комиссиялар да дәл солай, яғни, жауапкершілікті толық сезініп, бюджет болсын, әлеуметтік мәселе болсын, өз тақырыптарына сай түйткілдерді тарқатуға қоғамдық негізде емес, қызметтік міндеттеме алып, жауапты болады. Мәслихаттар жұмысының жандануы шын мәнінде халық атынан сөйлейтін, өкілетті органның беделін арттыратыны анық.

Тағы бір маңызды жайт, Парламент және мәслихат депутаттары сайлауының бір мерзімге жоспарлануы артық  шығындарды болдырмауға да себепші. Қазіргідей қаржылық қиындықтар туындаған шақта, бұл да осынау шешімнің егжей-тегжейлі талқыдан өткенін танытады. Ендігі мақсат, карантиндік жағдайларға қарамастан осынау саяси маңызды доданың лайықты деңгейде өтуіне атсалысу. Өйткені, бұл – уақыт талабы, замана ағымынан қалмауды қажет ететін саяси қадам. Қазір әлемнің көптеген елінде парламенттік сайлау өткізілуде. 

Жақында «Nur Otan» саяси партиясының Лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси күшті жаңғырту үрдісіне сай, партияішілік праймериз өткізілді. Бұл қоғамда үлкен сілкініс жасаған бастама болды. Мен де Қызылқоға ауданы атынан додаға қатысып, жаңа кандидаттардың талпыныс жасағанын көрдім. Үміткерлер қатарында мұғалім, дәрігер, кәсіпкер, мұнайшылар, кәсіподақ қызметкерлері де болды. Нәтижесінде олар өз бағдарламалары арқылы өңірдегі өзекті мәселелерді бағдарламаларына арқау етіп, шешу жолдарын қарастырды.

Сайын Қуанышев,

облыстық мәслихат депутаты 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған