СҰҢҒАТ – «ЕУРАЗИЯ БАРЫСЫ»

Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай қазақ күресінен ұйымдастырылған халықаралық «Еуразия барысы» турнирінде жерлесіміз Сұңғат Закарияев жеңіске жетті. 

Үшінші рет Тараз топырағында ұйымдастырылған додаға қатысуға ниет білдірген елдердердің қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия командалары жеті салмақ дәрежесінде бақ сынаған турнир тартысты өтті.

Шешуші ақтық сында 82 келі салмақта Сұңғат өзбекстандық палуан Әлішер Құдайбердиевті айқын басымдықпен – 4:0 есебімен жеңіп. «Еуразия барысы» атанды.

Биылғы жарысқа сегіз мемлекеттен 56 спортшы қатысты. Белдесулер 55, 66, 74, 82, 90, – 100, +100 келі салмақ дәрежелері бойынша өтті. Жарыстың финалында Қазақстан мен Өзбекстан палуандары күресіп, 5:2 есебімен жерлестеріміз жеңіске жетті. Осымен Қазақстан халықаралық «Еуразия барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы атанса, Грузия командасы екінші рет қола жүлдеге ие болды.

– Бұл -– тек облыс үшін ғана емес, еліміз үшін үлкен жеңіс. Сұңғат өзінің бірнеше жылдар бойғы жинаған шеберлігін  осы турнирде толықтай паш етті. Айта кететіні, бұл турнирде қазақ күресінен әлемде ең мықты спортшылар бас қосты. Олардың арасында осалдары болмады. Палуандарымыз маңызды додада байрағымызды төмен түсірмей, бапкерлер сенімін ақтап, сынға түсер додаларда жеңіске жетті, – дейді Сұңғаттың жаттықтырушысы Айбек Серғазиев.  

Биыл турнирдің жалпы жүлде қоры 18 800 000 теңгені құрап, ІІІ халықаралық «Еуразия барысы» турнирінде жүлделі орындарға ие болған командалар ақшалай сыйлықтарға ие болды: І орын – 9 400 000 теңге, ІІ орын – 5 640 000 теңге және ІІІ орын – 3 760 000 теңге.

А. СОЦИАЛҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз