ТЫЛДА ШЫНЫҒЫП, МАЙДАНДА ШЫҢДАЛҒАН…
Сол кезде Серікқали ағасы Қадырғали мен қарындасы Жұмасұлу үшеуі әжесі Нәси қарияның қолына барады. Қартайған шағында бала-келінінен айырылған кейуана немерелерінен ештеңе аямаса да, қарттығы балаларды бағып-қағуға мұрша бермейді. Сөйтіп ол, Серікқали мен бауырларын балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болады.
Тағдыр тауқыметі ерте есейткен балаң жігіт 15-16 жасынан күн көріс қамын өз мойнына алып, сол кездегі ұжымшар құрамында мал шаруашылығымен айналыса бастайды. Тірлік үшін талпынып, өз қолы өз аузына енді жеткен шақта талай шаңыраққа қара жамылдырған қырық бірдің қырғыны басталып кетеді. Соғыс Серікқалиға да оңайға соқпайды. Әкесі мен анасының өлімінен соң, есін енді ғана жинай бастаған жас жігіт соғыстың бастапқы жылдары күн көрістің бар салмағын ауылда қалған қариялар мен әйел адамдар, балалармен бірге көтереді. Кеудесінде намыс оты ойнаған қазақ жігіті туғанынан айырылып, қара жамылған ауылдастарын көріп, майдан даласында мерт болған жерлестері үшін жаудан кек қайтаруды ойлайды. Сөйтіп, 1943 жылдың қаңтар айында майдан даласына өзі сұранады.
Соғыс хроникасындағы «өрмектің жүзі ауған» қызыл әскердің басымдыққа ие болған кезеңінде қазақтың жас жігіті 61-ші атқыштар полкы мен 50-ші гвардиялық атқыштар полкы құрамында жауға қарсы күреседі. Жаралы аңдай жанталасқан неміс әскерлерінің қатты қарсылық көрсетуі Кеңес Одағы әскерлерінің ілгері жылжуына кедергі болады. Осындай сын сағатта ыждағаттылық пен икемділікке тағдыры үйреткен Серікқали Төлеғалиев жауынгерлік тапсырмаларды үздік орындап, топ ішінен суырылып алға шығады. Кеудесінде ыза мен кек қайнаған қазақ жігіті басына төнген қауіптерге қарамастан, шайқастарда үнемі жаудың осал тұсын тауып, тойтарыс беріп отырады.
Серікқали секілді мыңдаған әскердің жаужүректілігінің, батылдығының арқасында жеңіс туы желбіреді. Бірақ, біздің кейіпкеріміз елге 1948 жылы ғана оралады. Туған ауылының топырағына табаны тигеннен кейін де қарап қалмай, Жаманқала ауылында орналасқан орталық шаруа мекеніндегі машина-трактор станциясында қызмет жасайды. Осылайша тыл майданында шынығып, қан майданда шыңдалған Серікқали Төлеғалиев аз уақыт ішінде еңбек даңқына, ел алдында беделге ие болады. Озат машинист-механизатор атанып, 1955 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, медальмен наградталады. Бір саламен ғана шектеліп қалмаған ол аудандық жол жөндеу және пайдалану мекемесінде де қызмет етеді. Ұзақ жылдар Төменгі Жайық суландыру жүйесі басқармасында да түрлі бағыт бойынша еңбек етеді.
Серікқали еңбек ете жүріп өз шаңырағын құрды. Жиырма бес жасында Дәмелі Саринамен тіккен отауында бес ұл, үш қыз дүниеге келіп, үлкен шаңырақтың иесі атанды. Абыройлы майдангердің жанұясында береке мен бірлік орнап, ұл-қыздары өсіп-өнді. Қандай қиындық көрсе де жасып қалмай, шыңдала түскен аптал азамат Серікқалидің өмірі кім-кімге де үлгі боларлықтай.
Қажымұқан ЕСҚАЛИЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Махамбет ауданы.