ЕРЛІК САБАҒЫ

Жамбыл атындағы №21  орта мектепте «Ауғанның асуында от кешкендер» атты Ауған соғысы ардагерлерімен және ҚР Қарулы Күштері офицерлерімен әсерлі кездесу кеші болып өтті. Кездесуге Ауған соғысы ардагерлері Әлішер  Ізғалиұлы  Кулов  пен  Майра Уахитқызы Жазықбаева және ҚР Қарулы Күштерінің офицері, Атырау гарнизоны әскери полиция бөлімшесінің қызметкері Максим Владимирович Лесев шақырылды.

 

 Олар Кеңес әскерлерінің Ауған еліне енгізілу себептерін,  әскери операциялардағы жауынгерлердің ерліктерін, соғыста қолданылған қару-жарақтар мен әскери техникалар,   Ауған халқына көрсетілген гуманитарлық және медициналық көмектер туралы әңгімеледі. ҚР Қарулы Күштерінің офицері, Атырау гарнизоны әскери полиция бөлімшесінің қызметкері  Максим  Владимирович Лесев  ҚР Қарулы Күштері мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрылу тарихы, Қазақстандағы әскери оқу орындары туралы мағлұмат беріп, оқушыларға офицер мамандығын таңдауды ұсынды.

Кездесу қонақтарына арнап мектеп оқушылары ән шырқап, би биледі, көркемсөз оқыды, автоматты бөлшектеп және жинақтаудан, саптық даярлықтан көріністер көрсетті. Кездесуді мектеп директоры А.Қ.Шибалаева қорытындылап, қонақтарға ризашылығын білдірді және оқушыларға осы апа-ағаларындай өмір сынына тап болғанда қиындықтан қаймықпайтын батыл да ержүрек, қайсар да өжет болып, өз Отанын қорғауға әрқашан да даяр болуға шақырды.

Балқаш  ЖАҚСИЕВА,

Жамбыл атындағы №21  орта мектеп директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз