Әлемнің озық елдерімен тереземізді теңестіріп, дамыған мемлекеттер қатарынан орын алар тұста ұлттық құндылықтарымызды дүниежүзіне таныту маңызды міндет екені даусыз. Ата-баба аманаттаған тарихи мол мұрамызды кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буын алдындағы мақсат болып қала бермек. Рухани сананы жаңғыртуға баса назар аударылып, өткенімізге қайта оралған шақта Елбасы мақаласы игі бастаманың заңды жалғасы болды.
Жалпы, киноиндустрияны дамытуда телевидениенің алар орны зор. Демек, қазақ фильмін жасаған кезде өзіміздің ұлттық байлығымызды көрсете білуіміз керек. Қазіргі қазақ кинотуындыларының аяқалысы жаман емес. Мелодрама жанрында жинақтаған тәжірибеміз бар. «Қазақстан», «Хабар» арналарынан тәп-тәуір фильмдер көрсетіліп жүр. Алайда, тарихымызды әлемге танытатын, түріктердің «Ер тұғыры» секілді кең планды, көркем кинофильмдер әлі де аз.
Жасыратыны жоқ, саладағы заманауи трендтерді енгіземіз деп өзге елдерден көшіріп алатынымыз бар. Бірақ, әр ұлттың өзіндік ерекшелігі болуы қажет. Мәселен, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – домбыраның мәнін ашып, толық таныта алмай келеміз. Тек «Асқақ құланда» ғана көрсетіледі. Шын мәнінде, қос ішекті аспаптың сан алуан қыры көп.
Өкініштісі сол, «Көшпенділерді» көрсетеміз деп қазақтың психологиясын өзгертіп алдық. Тарихи мол мұрамызды өз деңгейінде жеткізе білмедік. «Қозы Көрпеш Баян сұлу» фильмінен де тың жаңалық күткенбіз. Алайда, оны да ұқсата алмадық. Өзіміздің ұлттық эстетика мен этикадан бейхабар жандар қазақтың әдемілігін көрсетудің орнына халықтың түр-сипатын «жабайылар» қатарына қосып, тіптен басқа арнаға бұрып әкетті. Сондықтан, ұлттық жетістікерімізді паш ететін лайықты туындылар керек-ақ. Елбасы мақаласына түрткі болған осынау маңызды мәселелер екені сөзсіз. Елдің елдігін, халықтың жетістігін дүниежүзіне көрсететін кез әлдеқашан жетті.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау облыстық филиалының төрағасы