Атырауда «StudFest-2023» фестивалі өтті

1stud Мәдениет

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өңірдегі оқу орындары студенттерінің шығармашылығына арналған «StudFest-2023» атты гала-концерті өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Жастардың фестиваліне облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова қатысып, жастардың бастамаларына сәттілік тіледі.

Студенттерге арналған жобаны облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бірлестіктің ұйымдастырушысы Ерболат Балабаевтың айтуынша, іс-шара «Atyrau Students Union» жобасы аясында өтіп отыр.

stud 2

«Фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – өңіріміздегі жастардың, соның ішінде студенттердің шығармашылығын дамыту, оқу орындары арасында достық пен ынтымақтастықты қалыптастыру. Студент жастарды облысымыздың қоғамдық өмірін дамытуға етене жұмыс жасауға шақыру», дейді Ерболат Балабаев.

stud 3

Жоба аясында студенттер екі кезеңде өнерлерін көрсетті. Бірінші кезеңде фестивальге арнайы шақырылған әділ-қазылар алқасы мен ұйымдастырушылар оқу орындарындағы іс-шараларды тамашалады. Биылғы жылы Атырау облысында 24 білім ордасының ішінен іріктеліп 13 оқу орны қатысқан. Оқу орнында өткен шаралар қорытындысы бойынша үздік деп танылған студенттер гала-концертке жолдама алып келді.

stud 4

Бір апта бойына театр режиссері Жанат Телтаев, «TopDanceKz» би командасының жетекшісі Зарина Каметова және «KilenHub» шығармашылық ұжымының жетекшісі Ерсұлтан Бағытжанов Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында және Абай орталығында студенттермен қарқынды дайындық жұмыстарын жүргізді. «Еңбек еш кетпей» жастар фестивальде барлық қырынан танылды. Бірі заманауи ән салса, екіншісі билеп, көңілді әзілдерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Фестивальде, бас жүлде Атырау жоғары медициналық колледжіне табысталды. I орынды Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі иеленсе, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі II орынмен марапатталды. Жүлделі III орын Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің студенттеріне бұйырды.

Нұргүл Насыр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз