
Тұрғындарды толғандырған жайлар көп
Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин «AMANAT SERVICE» орталығында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Шаһар басшысы барлығы 20-дан астам тұрғынның тілегін тыңдап, олардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді.

Қабылдауға алғашқы болып келген қаладағы Алмагүл шағынауданының 20, 21-үй тұрғындары Жеңісхан Ералиев пен Рая Жағалбаева өздері тұратын 16 қабатты үйді терможаңғыртудан өткізгенде мұндағы тозығы жеткен жеделсатылар да жаңасымен алмастырылуы керек болатын. Алайда бұл үйлердің әрқайсысында екі лифт (біреуі адамдар үшін, екіншісі жүк көтеретін) болуы қажеттігі ескерілмеген. Тұрғындар екі лифтінің орнатылуын қалайды. Осыған байланысты қала әкімі тұрғындар тілегінің ескерусіз қалмайтынын айтты.
Бұдан кейін қабылдауда болған Баймұханов көшесі, 41-үйдің тұрғыны Алтын Иманғалиева 2010 жылы осал топ ретінде тұрғын үй кезегіне тіркеліп, мәселесі шешілген. Бұрын пайдалануға берілген үйден пәтерлі болыпты. Әйтсе де, баспанасы жайлы болмай тұрғанға ұқсайды. Ашығын айтқанда, үй апатты жағдайда, тұруға қауіпті. Төбешатырында ақау болуы себепті жоғарыдан төмен қарай тартылған кәріз желісінің (тұрба) ақаулығынан лас су ағады. Басқа да кемшіліктері жетерлік. Осыны ескере отырып, үй жағдайын жақсартуға жәрдем етуді сұрайды.
Келесі болып қабылдауға кірген Әсел Сағынова отбасымен (барлығы алты адам) Нұрсая шағынауданындағы 117-үйдің бір бөлмелі пәтерінде тұрады. Ата-анасы жасы тоғыздан асқан Әлихан есімді ұлының денсаулығына алаңдаулы екенін жасырмады. Қанға түскен ақ түйіршік (лейкоз) ауруына шалдыққан оны осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрын жағдайының қиындап, дертінің асқынуы себепті Астанадағы Ана мен бала орталығына орналастырған. Қажетті ем-домын алған соң толықтай айығып кетпесе де, жағдайы айтарлықтай жеңілдеген. Дәрігерлер оған болашақта алатын ем-шараларын тағайындаған. Қиындық туғызып отырған жайт – баланың алаңсыз емделуіне қолайлы жағдайдың болмауы. Үлкен жанұя мүшелері аумағы 40 шаршы метрге жетпейтін бір бөлмелі пәтерде тұрады. Яғни, отбасы жайлы баспанаға мұқтаж. Мүмкіндігінше аумағы кең, ең болмағанда екі бөлмелі пәтердің жеңілдікпен берілуіне көмектесуді сұрайды.
Ал Алмалы ауылының тұрғыны Мұрат Бесімбаев қаламен екі ортаға қатынайтын автобустың техникалық жағдайы тексерілместен, ақаулы күйінде жолға шығатынын, мұның өзі жолаушылардың өміріне қауіп төндіретінін айтты. Автопарк басшылығы осыған көңіл бөліп, қалалық бөлімдердің жауапты мамандары мәселені назарға алғанын қалайды.
Қала тұрғыны, екінші топ мүгедегі Жауымбай Еспембетов болса, бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын саман тастан салынған үйдің қазір апатты, адам тұруға жарамсыз жағдайда екенін жеткізді. Кезінде әкесінің атына рәсімделген үй кейіннен ағасының атына ауыстырылған. Енді ағасы қайтыс болғасын, үй жеңгесінің атына рәсімделген. Алайда тиісті мамандар бұл жерде үйдің апатты жағдайда тұрғанын ескермей, құжаттарды осылай ресімдеген. Н.Өтегенов көшесіндегі осы және басқа да бірнеше үй сүрілетін баспаналардың тізімінде болғандықтан, құлағалы тұрған үйді бұзып, ауласынан жаңасын салып алуға рұқсат берілмеген. Әкімдік тарапынан үйдің орналасқан жерін мемлекет қажеттілігіне алу мүмкіндігін қарастыру жөнінде салалық бөлім мамандарына тапсырма берілген. Бірақ мәселе әлі де шешімін күтіп тұр.
Жұмыскер ауылының тұрғыны Сәтжан Кәрімовтің жұбайы 2007 жылы жеке тұрғын үй салуға жер телімін алушылардың кезегіне тіркелген. 2012 жылы өтініші қанағаттандырылып, жер телімі берілетіні белгілі болып, қажетті құжаттар жинақтала бастағанда мораторий жарияланған. Соған байланысты комиссия шешім шығарып үлгермеген. Түбінде жер телімі өзімізге тиеді ғой деген үмітпен олар сол жерге топырақ төгіп, уақытша баспана салып алған. Сайып келгенде, қолдарындағы құжат заң жүзінде өтініш иесіне тиесілі екенін растамайтыны белгілі болып отыр.
Қабылдауға жазылғандардың көпшілігінің көтерген мәселесі негізінен тұрғын үйге, жер теліміне, сондай-ақ әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын азаматтарға көмек пен қолдау көрсету төңірегінде болды. Тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, сауалдарына жауап берген қала әкімі Шәкір Кейкин олардың ешқайсысы аяқсыз қалмайтынына, қайткен күнде де бір шешімін табатынына сендірді.
Тұтастай алғанда, шаһар басшысының кезекті қабылдауы тұрғындарды толғандырған жайлардың аз еместігін аңғартты.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор