Жарнама
Қоғам

ТУМЫСЫНАН ТҰМАРЛЫ ТҰЙҒЫН…

 

Сәуле Жанпейісова 1985 жылы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың класы бойынша бітіріп, еңбек жолын «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болып бастаған. 1983 жылы Кеңестер Одағының халық әртісі Ришат Абдуллинмен бірге Шымкент облысына гастрольдік сапармен шығады. Содан бастап, елдің ілтипатына бөленген. Ал, телеарна арқылы алғаш танылуы Кенен Әзірбаев есімімен сабақтас. «Қазақфильм» студиясы Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай түсірілген «Кененнің айтыстары» атты телефильмге шақырады. Кенен рөлінде  Дүйсенбек Өмірәлиев, ал, байдың қызы Шәлипа рөлінде  Сәуле Жанпейісова ойнады. Концертте осы фильмнен де үзінділер көрсетілді.

Иә, бұл кезде Сәуле небәрі 18 жаста болатын. Міне, осы кезден қазақ сахнасын әнге бөлеген әнші талай биіктерді бағындырды. Оның шығармашылығының 10 жылдығы 1995 жылы «Айнамкөз» деген атпен Алматы қаласындағы Ғалымдар үйінде өткен еді. Сол кездің өзінде Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев былай деп баға берген екен:

— Қазақтың ән сахнасының ең төрінде тұруға лайық жарық жұлдызға айналған, шеберліктің ең шырқау биігіне шыққан, шеберлік жағынан, табиғат пен кісінің талабы беретін биіктердің бәрін алып болған шебер әнші деп білемін. Оның үстіне Сәуле қазір шын мәніндегі біздің ұлттық ән мектебіміздің ұстазына айналып отыр.

Осының дәлеліндей, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», Қиса жыраудың «Сағындым Жайық», Ғарифолла Құрманғалиевтың әндерін орындады. Содан кейін жұртшылықтың тілегімен Мұхит Мерәліұлының «Айнамкөз», халық әні «Ақ кербез», «Ақсұңқар», Қайыптың «Жадаукөк» әндері мен Махамбеттің, Наурызбек жыраудың термелерін төкпелетті.

Алты алаштың арыстан жүректі ақыны, Халық жазушысы Хамит Ерғалиев сол 1995 жылғы «Айнамкөз» жеке есепті концерттен кейін теледидарға берген сұхбатында:

— Қазақта бір сөз бар екен. «Тумысында тұмарлы  тұйғын» деген. Сол  тұмарлы тұйғын – осы!  Бұл кісінің диапазоны, тынысы бүкіл Қазақстанның қай жерін болса да, бәрін құшағына сыйғызып жатыр. Бәрін бір дәрежеде орындау, бір әнді әлсіреңкі, біреуін одан күштірек қып, біреуін әбден жеріне жеткізіп айтатындар болады. Ал, бұл баланың бір таң қалатыным, жер де таңдамайды, ауа да таңдамайды, су да таңдамайды. Қазақстанның қай жерінен қалай сөйлеп шыққан ән болса да, саз болса да, соны нәшіне келтіріп, жеріне жеткізіп, сол топырақта, сол әнмен бірге туғандай, құдіретті от көрсетеді, — деген болатын.

Бұл сөз – Сәуле Жанпейісова шығармашылығына берілген ұлылардың бағасы. 2000 жылдары Атырау облысында  әкім болған Иманғали Тасмағамбетовтің арнайы шақыртуымен Сәуле Атырауға келді. Бұл жерде ол Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясын басқарып, жас өнерпаздарды тәрбиеледі. Соның нәтижесінде батыс әнсүйер қауымының ризашылығына бөленіп, «Ақ Жайықтың ақ Сәулесі» атанды. Ол – өзіне дейінгі сал-серілердің ізін жалғап, бүгінде өз жанынан да әндер жазып жүрген композитор. Концертке Д.Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің әншісі, Республикалық байқаулардың жүлдегері Ақмарал Ноғайбаева қатысып, бірнеше ән орындады.

Аталмыш кеште Сәуле Жанпейісованың Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған «Ақ Жайық», «Ортаңа келді өз балаң», Тынышбай Рахымның сөзіне жазылған «Қаратау», Маралтай Райымбекұлының сөзіне жазылған «Игілік» әндері шырқалды. «Жан әке», «Фариза-жыр биік» әндері де көрермен жүрегіне жол тапты. Концерттік бағдарлама жазушы, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Илья Жақановтың «Толағай» әнімен аяқталды.

Гүлзада  НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button