ӘЖЕНІҢ ТҮСІ

Нұрсұлтан Игілік – Дүйсенғали Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясының 4 «в» сынып оқушысы. 2006 жылы 19 қарашада дүниеге келген. Өткен айда 9 жасқа толды.

 

Анасы Жанар Қарабаеваның айтуынша, сәби дүниеге келер сәт таяп қалғанда енесі Сәуле түс көріпті. Түсінде оған Елбасымыз қолын беріп амандасады. Көрген түсін жақсылыққа жорып, «бұл маған Президенттің берген баласы» деп, нәрестеге Елбасының есімін қойған.

Анасы да ұлының есімін қастер тұтады. Қырқынан шықпаған баласына теледидардан Елбасын көрсетіп, «Әне, сенің есімің осы Нұрсұлтан атаңның құрметіне қойылған…»  деп айтып отырады екен.

Математика пәнінің мұғалімі болған педагог Сәуле Көпжасарова немересін төрт жасқа дейін өзі өсіріп, тәрбиелейді.  Нұрсұлтан төрт жасында тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Президенттің «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзін жадына түйген әжесі немересін өз тілін жетік білуге баулиды. Нұрсұлтан да құймақұлақ, айтқанды тез ұғып алады. Бүгінде ол есепке жүйрік және ауызша пәндерді жетік меңгерген.

Шағын ғана мекен-жайда үйлі-баранды бауырларымен бірге тұратын Серік Қанатов ұлы Нұрсұлтан бір жасқа толғанда жеке кең үйге қол жеткізеді. Отбасы мүшелері «Бұл – Нұрсұлтанымыздың несібесі» деп қуанып қоныс тойын тойлайды. Осылайша, отбасын қуанышқа кенелткен Нұрсұлтанға «болашақта ел мүддесіне қызмет етер азамат болсын» деген тілек білдіреміз!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз