
Тұлға және тағылым
UTEBAYEV UNIVERSITY-де Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Мұнайшылар-геологтар қоғамының құрметті мүшесі Келтір Шаненовтің өнегелі өмір жолына арналған «Тұлға және тағылым» атты кездесу кеші өтті.

Іс-шара отандық мұнай-газ саласының дамуына үлкен үлес қосқан ардагер мұнайшының 75 жас мерейтойына орай ұйымдастырылды. Кездесудің басты мақсаты – Келтір Мағұрыпұлының еңбек пен өмір жолындағы тәжірибесін жастарға үлгі ету.
Кеш барысында студенттер мен жас мамандар ардагердің еңбекқорлыққа, адалдыққа және білімге деген құштарлыққа негізделген өмірлік қағидаларымен танысты. Университеттің профессор-оқытушылары мен шақырылған қонақтар Келтір Мағұрыпұлының кәсіби табандылығын, саладағы мол тәжірибесін және еліміздің мұнай-газ саласына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.

Келтір Мағұрыпұлы – Қазақстан мұнай-газ саласының қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген, білім мен тәжірибесін жас буынға үйретіп келе жатқан ардақты тұлға. Жиын барысында студенттер ардагерге сұрақтарын қойып, болашақ мамандыққа қатысты құнды кеңестер алды.

– «Жас ұрпақ әрқашан еңбектің қадірін біліп, ізденістен таймай, ел дамуына үлес қосуға ұмтылуы керек. Сонда ғана нағыз маман боласыздар», – деді Келтір Шаненов.