
«TOMIRIS» – жаңа мүмкіндіктер алаңы
Атырау облысында қыз-келіншектердің көшбасшылық дағдыларын дамытуға арналған «TOMIRIS» атты ақпараттық-білім беру бағдарламасының ашылу салтанаты өтті. Аталған жоба облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен және «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

–Жобаға қатысу үшін облыстың түкпір-түкпірінен қоғамдық өмірде белсенді, түрлі салада еңбек етіп жүрген 129 қыз-келіншектен өтінім қабылданды. Арнайы іріктеудің нәтижесінде 50 үміткер таңдалып алынып, көшбасшылық әлеуетті дамыту бағытындағы кешенді білім беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жобаның басты мақсаты – әйелдердің елдің саяси, қоғамдық және әлеуметтік өміріне белсене араласуына ықпал ету, сондай-ақ оларды жаңа деңгейге шығаратын көшбасшылық қабілеттер мен басқару дағдыларын дамыту. Бағдарлама қатысушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, тәжірибелік машықтарды меңгертуге, өзара ынтымақтастық пен кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталған, — дейді облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор, комиссия хатшысы Зәмзагүл Жалмурзина.
Жобаның алғашқы күні қатысушылар бейресми түрде танысып, өзара байланыс орнатып, сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға арналған тренингтерге қатысты. Бұл күні ұйымдастырушылар тарапынан командалық жұмысқа, топ ішіндегі сенімділікті арттыруға, көшбасшылық қасиеттерді танытуға арналған тренингтер мен мотивациялық жаттығулар өткізді.
Айта кетейік, 10–13 маусым аралығындағы негізгі оқыту кезеңі Атырау қаласындағы заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған «Suleimen Tower» бизнес-орталығының конференц-залында өтеді. Бұл күндері қатысушылар еліміздің жетекші сарапшылары өткізетін семинар-тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысады.
Бағдарлама аясында қатысушылар тиімді коммуникация, келіссөздер жүргізу, көпшілік алдында сөйлеу, икемді (soft) дағдылар, жобалық басқару, қаржылық сауаттылық пен уақытты тиімді басқару сияқты тақырыптарды қамтитын сабақтардан өтеді. Сонымен қатар елдің саяси-қоғамдық саласындағы нақты мысалдар негізінде көшбасшылық модельдер ұсынылады. Бұл тәжірибелік әрі теориялық сабақтар қатысушылардың жеке және кәсіби әлеуетін дамытуға зор серпін береді.
Тоғжан ЕРМЕК