«ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН – 90 ЖЫЛ»
Мерейлі жыл қарсаңында да «Толғауы тоқсан – 90 жыл» атты естелік әңгімелерге, баллада, өлеңдерге бәйге жариялаған болатын. «Конкурсқа» деген белгімен редакция поштасына жүзден астам хат келіп түсті. Олардың ішінде басылым бетінде жарық көргендері де, жариялауға жарамағандары да бар. Бірақ қазылар алқасының назарына бәйгеге келген материалдардың бәрі де ұсынылды. Басылым тарихын көркем сөзбен, кестелі өлеңмен, келісті естелікпен өрнектеген оқырмандарымыздың көптігі бізді қуантты. Кәсіби қаламгер болмаса да, рухани достарына – «Атырауға» деген ізгі ілтипаттары мен ықылас-тілектерін арнаған оқырмандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз үшін әр оқырман қымбат, редакцияға келген әр хат маңызды. Алайда, бәйгенің аты бәйге, оның өз талап-ережесі бар. Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша жүлделі бірінші орынның иесі табылмады. Бұл ең үздік шығарма жоқ дегенді аңғартпаса керек, қатысушылардың барлығы да шамалары келгенше ойларын жеткізуге талпынғандарын жақсы түсіндік. Сол себепті, бірінші бәйгеге тігілген 150 мың теңгені ынталандыру сыйлығына бөлгенді жөн көрдік.
«Толғауы тоқсан – 90 жыл» шығармашылық бәйгесінің ынталандыру жүлдесін ақын Нұрлығайын Нұғманов, белгілі журналист, газетіміздің бұрынғы қызметкері Тілек Дәулетов, журналист Бауыржан Сисенов иеленді. Олардың әрқайсыcына 50 мың теңгеден жүлде берілетін болады.
Үшінші орынға «Жеңіске жігерлендірген Жұмабай» очеркі үшін белгілі журналист, газетіміздің бұрынғы қызметкері Құмарғали Ғабдешұлы лайық деп танылды.
Жүлделі екінші орын «Ерік» — есте, «Атырау» — жарқырайды жалқы боп» деп аймақтың бас газетін өрнекті өлеңмен өрген Артур Яһудаға берілді.
Бір айта кетерлігі, «Атырау» жайлы естеліктер мен өлеңдер жазған редакция қызметкерлерінің шығармалары конкурсқа қатыстырылмады.
Байқау жеңімпаздары 5 қыркүйек күні сағат 15.00-де Атырау мемлекеттік университетінің үлкен мәжіліс залында өтетін «Атырау» газетінің 90 жылдығына арналған салтанатты кеште марапатталатын болады. Жоғарыда аттары аталған жүлдегерлерді сол шарада күтеміз.
Шығармашылық байқаулар алға қарай да жалғасын табады. Бізбен бірге болыңыздар! Сіздің жеңісіңіз — біз үшін де мерей!
Бақытгүл БАБАШ.