ТОҚСАНДАҒЫ ТЫНЫМСЫЗ ТАРЛАН
Қарап отырсам, одан бері алпыс жыл өтіпті. Сүйсіне таңғалатыным — Орекең отыз жасында қандай болса, тоқсан жасында да солай сақталғандығы. Ардагерлер тобы ішінен тек Орекең ғана бұрынғыдай тіп-тік қалпында, оны анадайдан бірден тануға болады. Аға буын ардагерлер емес, тіпті кейінгі буын ішінде де өзін осылай ұстай алатындар жоқ десем, онша қателеспейтін шығармын деп ойлаймын. Орекеңнің тек киінуінің өзі қанша мәдениет, қанша өзіне құрмет, қанша үлгі десеңізші!
Менің екінші таңданатыным, Орекең қанша жасаса, сонша уақыт өз білімін жетілдірумен келе жатқан азамат. Ол өте көп оқиды. Тек мерзімдік басылымдарды ғана емес, ТМД шеңберіндегі сирек кездесетін кітаптарды, танымал адамдардың өмірлері туралы еңбектерді іздеп жүріп оқиды, өзі таба алмаса, біреулерден сұратады, тапсырыс береді. Оның үстіне осы оқығандарын мұқият зерделеп, салыстырып, есінде сақтай біледі, керек жерінде орнымен пайдаланады.
Шүкір, қазіргі жағдайдың жақсылығынан болар, ұзақ жасаушылар баршылық. Бірақ, олардың кейбірі, шынын айту керек, өзінің жасын, ақ шашын, ертедегі лауазымын алға салып, күнделікті тіршілік күйбеңін ғана ойлайды, содан аса алмайды. Жастармен кездесуге, түрлі шараларға қатынасуға ықылас білдіре бермейді. Ал, Орекең сияқты ой-өрісі кең, қоғам дамуына, түрлі өзгерістерге салиқалы да нақты баға беріп, тұжырымды пікір айта алатын ағаларымыз кез келген аудиторияда, қандай ма тілшілермен болсын жүздесіп, сұхбат беруге әркез дайын.
Кейінірек Орынғали ағамен идеология саласында, ұйымдастыру-партиялық, қоғамдық жұмыстарда қанаттас еңбек етіп, жақсы сыйлас, аралас болдық. Орекең облыстық мәдениет басқармасын басқарған мезгілдерде облыс орталығында аудандардың «Мәдениет күндері» өткізіліп тұратын еді. Соның бірінде біздің Индер ауданы бірінші орын алғанын біліп, соның қорытындысына барғанымызда, екінші орынға қалғанымызды естідік. Ал, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы біздің дайындығымызға бір жұма бұрын келіп қатынасып, біздің күндер өткен бойда біраз атрибуттарымызды (фольклорлық аспаптар, сценарий, тағы басқа) сұрап алып кеткен аудан жеңімпаз атаныпты. Сол мезгілдерде ол Теңіз ауданында өткен бір облыстық шараға бізбен бірге барып қайтқан, менің комсомол жұмысынан бергі жолдасым еді. Жүлденің бұлай өзгеріп кету себебі олардың жүз аналықтан алған қошақан саны бізден артық, орталықтың туларын алып жүргендігі себеп болыпты. Бірақ, Орекең «Индер ауданы мәдениет күндерінің қорытындысында ең алда болды» деп айтып, жазып та жүрді. Біз соған ризашылықпен қанағаттандық, ренжу мен өкіну болған емес.
— Әлі есімде, біздің елтайлық Маржан Енбаева 1948 жылы Москвадан Социалистік Еңбек Ерінің «Алтын жұлдызын» тағып келгенде, өзіміздің Зейнолла Қабдолов «Маржан қыз» деген өлең жазды, сазгер Әбілахат Еспаев оған ән шығарды. Сол кезден Маржанды бүкіл қазақ «Асқақтата салғаным жайлау әні» деп жырлап келді, — депті бір кезде Орекең. Айта кетейін, сол Маржан, шүкір әлі бар. Алдыңғы жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев оған барып сәлем беріп, кейін денсаулығына байланысты қаладан жабдықталған пәтер бергізді.
Құдайдың бергені болар, Орекең әлі тұғырда, бірнеше жыл бойы облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі. Ал, 2011 жылдан оның «Құрметті төралқа мүшесі». Қандай ма шараларға белсене араласады, нақты да әсерлі пікір қосады. Ол — біздің арқа сүйейтін ағамыздың бірі және бірегейі. Қуанышта да, қайғыда да сөз бастайтын абызымыз. Ол бар жерде біздің көңіліміз тоқ, жанымыз тыныш, арқамыз кең.
«Болған адам болдым демес, болдым десе, болғаны емес» деп билер айтқандай, Орекең ешқашан «мен білемін», «мен олай болдым», «бұлай істедім» деп көрген жан емес. Менің қолыма 2004 жылы 20 қарашадағы «Прикаспийская коммуна» газеті түсіп отыр. Сонда тілшіге берген сұхбатында осы пікірді өзі де айта келіп: «Мен өміріме ризамын. Жастың ұлғаюы жөнінде айтсам, қартая да білу керек. Жас келгесін адамның мінезі, көзқарасы өзгереді, одан құтыла алмайсың. Бірақ, босаңсымау керек. Өзіңді сақтай білу оңай емес, әйтсе де тырысқан жөн. Қашанда өзіңе талап қойып, жанымдағылар үшін, халық үшін не тындырдым деп ойланған дұрыс,» — деп, ағынан жарылған екен.
1960 жылдың басында Махамбет бабамыздың сүйегі қабірінен қазылып алынып, біраз жыл ғылыми шеберханада сақталынады. Қабірдің қазылу себебі, бірден жерленбей, ұзағырақ қораптарда жатып қалғаны туралы тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Бабаның сүйегін саусақ буындарына дейін түгендеп, басы қалай, қай жерінен кесілген, айбалта қалай соққан, сүйегінде басқа қандай ерекшелік бар және басқа мәселелерді де қозғамалық. Менің айтпағым: осы сүйекті қайтадан дәріптеп, бұрынғы қабіріне (оны аршып, ішіне тас өргізіп, цементтеп) қайта жерлеу ісін басқару, бақытыма орай, менің үлесіме тиді. Мен өмірімде осындай тарихи оқиғаның басы-қасында болғанымды мақтан тұтамын.
Кезінде қараша үйдің бір сықырлауығымен ғана беті жабылған ер Махамбетті жерлеу рәсімі аяқталғасын, сол жайлаудағы Жамбыл кеңшарының азаматтары қатынасқан адамдарға арнап ас берді. Мен Орекеңмен алғаш рет сол аста, бір киіз үйде дәмдес болдым. Әңгімесі терең, ұстамды, көп білетін, би азамат екендігін сонда байқадым. Жоғарыда қайта жерлеу туралы не үшін жазғанымды оқырман енді түсінген шығар, әрі бұл кез келген адам біле бермейтін, әрі терең тарихи сұранысқа ие мәселе болғасын түйіні тарқатылмағанмен, оқырман ойланған шығар деп есептеймін. Сонда Қараойдағы Махамбет бабаның жерлеу рәсіміне Гурьевтен қасында Қ.Әбисатов, фототілшілер мен журналистер бар Орекең тіке келді. Ен далада шашылып жатқан көне қорымдардан Махамбет жерленген қорымды өзі тікелей тауып келгеніне бәріміз сондай таңқалысып едік.
Сұңғақ бойынан сұңғылалы сұлулық, айбынды ажарынан азаматтық абырой, өнегелі өңінен өрісті өнер, маңғаз кейпінен мақпалдай мейірім, жылы жүзінен шапағат пен шуақ төгілген осы азаматқа әлі де мықты денсаулық пен ұрпақ қызығына бөленген ұзақ өмір тілейміз. Сексен бесте сымдай тартылған Орекең бүгінде тоқсанның төрінде де шалқып отыр. Лайымда осылай бола бергей.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы,
Атырау облысы мен Индер ауданының
Құрметті азаматы.