ӨТКЕННІҢ САБАҒЫ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР
Қазақтың болмыстық ерекшеліктерінің бірі – оның ұлтына деген баға-байламы мен тарихшылдығында жатыр. Қатардағы дала қазағы өз халқының тарихымен бірге өсіп, өзін үнемі халық тарихының бір бөлшегі ретінде сезінген. «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығынан үлгі алған ата-бабаларымыз ел тарихын, ру тарихын, ата-бабалар тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді үнемі назарда ұстаған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «тарих дегеніміз – өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі». Қазіргі отандық тарих ғылымы алдында жолдаудан туындайтын жауапты да маңызды міндеттер тұр. Тарих ғылымын зерттеу мен оған тиісті баға берудегі және оны жас ұрпақ санасына жеткізудегі кеңестік идеология мен пікірлерден, тұжырымдардан арылып әлемдік тарихтың кұрамды бөлшегі мен өзіндік ерекшеліктеріміз бен ұлттық болмысымызды ерекше көрсетуге мән беруіміз қажет. Бүгінгі отандық тарих ғылымының басты міндеттерінің бірі – қазіргі ұрпағымызды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу болып табылады. Ал, патриотизм рухында тәрбие беру қоғамның өткені мен бүгінін байланыстыратын тарихи сананы қалыптастырмайынша мүмкін емес. Сондықтан да, отандық тарихты оқып-үйрену, оны ұрпақ санасына жеткізу бүгінгі күндегі басты міндеттердің бірі болып табылады.
«Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттілігімізді ұзақ уақытқа меңзеп кұрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегіндегі ойлар қазіргі күнмен сабақтасып жатыр. Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қаласақ та, қаламасақ та бұл біздің ұлтымыздың тарихына тән сипат болып табылады. Тайпалық-рулық қауымдастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, кешегі XX ғасырдың 30-шы жылдарыңдағы кеңестік дәуірдің берік орнығу кезеңіне дейін біздің ата-бабаларымыздың әлеуметтік, саяси-шаруашылықтық өмірімен тығыз, біте қайнасып, өрбіп, өрістеп келді. Кеңестік тоталитарлық жүйе рулық қауымдастықты ғана емес, осы негізде өркендеген қазақ халқының өзіндік рухани болмысын, дәстүрлі шаруашылыкқа негізделген күллі өмірін күйретіп жіберді.
Бүгінде, шүкіршілік, біз адамзат қоғамының жаңа даму сатысы – өркениетті демократиялық коғамдамыз. Бұл планетаның басым көпшілігі ұстанған, басты мақсатқа бағытталған, үрдісті дамудың шұғылалы да, сәулетті ұстанымы екендігі күмәнсіз. Тәуелсіздік алған еліміздің осындай айқын жолдағы аршынды қадамдары халқымызды рухтандырып, саяси сергітіп қана қоймай, өзіміздің өткенімізді танып-білуге деген ғаламат құштарлықты, екпінді, ынтаны жоғары деңгейге көтеріп жіберді. Бұл – оң-солын танып, еңсесін көтеріп тәуелсіз ойлай бастаған кез келген халыққа тән жаңа қасиеттер мен сипаттар. Сондықтан да болар, біздің зиялы қауым төл тарихымызды жазуға, жариялауға белсенді бетбұрыстар жасап үлгерді. Мұның өзі ең жоғарғы мемлекеттік деңгейде колдау да тапты. Арнайы «тарих жылы» жарияланып, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы да қабылданды. Солай бола тұрса да, Қазақстан тарихы бұрынғы бес томдықтың көлемінен аспай қойды. Еліміздің тарихына байланысты баспалардан қаптап шығып жатқан «Қазақстан тарихы» оқулықтары да негізінен басты мәселелерде бірін-бірі қайталаудан ұзай қоймады.
Мұндағы тағы бір басты кемшілік, ежелгі дәуірлерден XX ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі үлкен тарихымызды жазуда жекелеген тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттік құрылымдар тарихын зерттеуден әріге бара қойған жоқпыз. Бұлардың қатарында сақтар, түріктер, ғұндар, әртүрлі қағанаттар, қыпшақтар, үйсін, қаңлы, жужан, түргеш, қырғыз, қарлұқ, ұйғыр, қарахан, қарақытай, керейт, найман, сармат, оғыз мемлекеттері бар. Тайпалық-этникалық негізде құрылған бұл одақтардың рулық құрылымдары тарихымызда әлі толық ашыла қойған жоқ.
Алғашқы қазақ хандары тұсында мемлекетіміздің шаңырағын көтеріскен тайпалар тарихы да әлі күнге дейін тарихымызда үстірт те, жалпылама баяндалып келе жатқаны құпия емес.
Шын мәнінде, кейінірек «қазақ» деген халықты құраған осы ежелгі тайпалар тарихы көптеген рулар тарихынан тұратынын да ескере бермейміз. Бұл маңызды мәселені этнографтар ғана төңіректегендіктен, бізде тарихшылар, археологтар, тарихнамашылар, деректанушылар тарапынан қазақ руларының сан салалы және қилы тарихы әлі де салиқалы түрде және толыққанды зерттеле қойған жоқ. Мұнда ескеретін тағы бір мәселе, рулар тарихын шежіремен ғана шектегісі келетіндер көп. Шежіре – тарих емес, ол ата-баба жылнамасын біршама анықтап беретін тарихи дерек.
Мұндай тарихымызды жазудағы сәтсіздіктердің орын алуының басты себебі біздің ойымызша мынада – қазақ халқының өзінің дәстүрлі тайпалық-рулық тарихи даму жолын, осы маңызды да күрделі мәселені бүгінгі қоғамымызда кеңестік кезеңнен бастау алып қалыптасқан «рушылдық» пиғылдардан сақтану психологиясының жолына «құрбандық» еттік. Рушылдық тәрізді өркениетті қоғамға жараса бермейтін ұнамсыз құбылыстан құтылудың айқын жолы, біздіңше, өзіңнің руыңды, шыққан тегіңді, ата-баба шежіресін ұмыту емес. Керісінше, ұзақ тарихи дамуымызда қазақты ұлт етіп құраған осы рулар мен тайпалардың нақты тарихын терең және жан-жақты білу ғана ортақ ұлттық мүддені ту етіп көтеретін иманды азаматты қалыптастыра алады. Яғни, ұлтымыздың әлеуметтік- рулық құрылымы туралы терең білім ғана ұлтты жаңа сапалы деңгейге көтереді.
Батыстың және Еуропаның бүгінгі мәдениетінде ұлттық дәстүрлі құндылықтардың екінші қатарға ысырылуы, азғындаған ұрпақтың үстемдігіне жол ашып келеді. Мұның ұлтымыз үшін қаупі зор. Бұған біз өзіміздің дәстүрлі рухани құндылықтарымыз бен ұлттық тарихымызды қарсы қойғанда ғана қорғана аламыз. Егер осы айтылғандарды мойындар болсақ, қазақ қоғамын құраған рулар мен тайпалар тарихын тереңдете зерттеу қажеттігі өзінен-өзі туындайды. Оның үстіне кеңестік жүйеге дейін қазақтың әрбір руының өзіндік ата қонысы, шаруашылық көшу жолдары, ел басқарған ру басылары, от ауызды, орақ тілді шешен-билері, қол бастаған ерен батырлары, ұлтымыздың рухани, діни және мәдени өмірінде із қалдырған айтулы сал-серілері, дарынды әнші-күйшілері, адуынды жыраулары болғанын да ешкімнің жоққа шығара алмайтыны айдан анық. Қазақ руларының тарихын білу деген сөз осындай тарихи тұлғалардың тарихын мақтаныш және болашаққа үлгі ету болып шығады.
Рас, біз ірі тұлғаларды рулық емес, ұлттық деңгейде насихаттауға дағдыландық. Әрине, бұл өте құптарлық нәрсе. Солай бола тұрса да, олар белгілі бір тарихи кезеңдерде өздерінің руымен бірге, рулық-тайпалық әлеуметтік қоғамда әрекет жасағанын неге ұмытуымыз керек? Мұндай ірі тұлғалар тарихы өзінің туған руының ортақ тарихынан жеке дара және дербес қаралмауы керек.
Қазақ қашанда «жеті атасын білмеген жетесіздерді» құрметтей қоймаған. Мұның астарында ата-бабаға деген шынайы бауырмалдық, туыстық және қандастыққа негізделген абзал сезімдер жатыр. Мұндай зерделікке шақырудың басқа тұрғыдан алғанда да көптеген артықшылықтары баршылық.
Ұлтымызға тән тағы бір ерекшелік – ағайынды, туысты, құда-жекжатты, дос-жаранды, жиен-нағашыны әрқайсысын өз орнымен қастерлейтін қасиеттердің басымдығы дер едік. Бүгінгі жаһандану заманында ғасырлар бойы қанымызға сіңіп, берік дәстүрімізге айналған осынау асылдарымыздан ажырап қалмаудың жолын тынбай іздестіруіміз керек. Қазақтың рулық-тайпалық тарихын терең білген азамат бөтен жұрттың алдында өзінің ұлтының жоғарыдағыдай өзіндік, қайталанбас қасиеттерін мақтаныш етуге және оларды көздің қарашығындай қорғап қалуға белсенді жұмыс жасайтын болады.
Бұл міндетті бүгінде тәуелсіздіктің еркін тыныстай бастаған тұсында кәсіби тарихшылар белсенді қолға алмаса, мұнымен кім айналысады? Біздіңше, осыны мықтап ойластыратын кез келді. Кеңестік тоталитарлық жүйенің орнығуына дейінгі қазақ халқының тарихын жазумен әуестенушілер де, жиһангез саяхатшылар да, қазіргі «Қазақстан тарихымен» айналысатын өзге мемлекет ғалымдары да рулық-тайпалық бірлестіктердің түбегейлі орнығуының арқасында қазақ деген ұлттың этникалық тұрғыда жүйелі түрде ұйысып, қалыптасқанына, әрбір ру мен тайпаның өздерінің туған өлкелерін, көшу жолдарын, жайылымдарын және қыстауларын сыртқы жаулардан белсенді корғап, оларды үздіксіз ұлғайта берулерінің нәтижесінде, сандары көптеген халықтардан әлдеқайда аз болған қазақтардың бүгінде Қазақстан деп аталатын ұлан-байтақ жерді басқаларға бермей ұстап қалғанына баса мән бере қараулары тарихи шындық.
Қазақ ұлтының басын құрап, осындай ұлы да мәрт, ержүрек те дархан және жомарт мінезді ерекше халықты тарихтың 2050 жылдардағы даму толқынында әлемнің алып 30 елі қатарына кіргізу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баса көрсеткендей, білімді де, тәрбиелі, бақуатты ұрпақтың қолында болатыны сөзсіз. Өйткені, оған терең тарихи негіз бар.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университеті Зейнолла Қабдолов атындағы гуманитарлық ғылымдар ғылыми зерттеу орталығының директоры,
тарих ғылымдарының докторы.