ТЕМІР ЖОЛДА – ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП

«Темір жол – ел экономикасының күретамыры» деген қағида әлі де маңызын жойған жоқ, тіпті, бұрынғыдан да арта түсті деуге болады. Өйткені, тәуелсіз мемлекетіміздің іргелі бір саласы да осы боп отыр. Бүгінде болат жолдың бойында талай ауқымды істер атқарылып жатыр. Көлік қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Атырау темір жол бөлімшесінің бас инженері Амантай ЖАЙЛЫҒҰЛОВПЕН кездесіп, осы саладағы толайым істер жөнінде сұхбаттасқан едік.

«ТАЛЬГО» АСТАНАҒА ДА ЖҮРЕДІ

– Амантай Жиенбайұлы, өңірде өлке теміржолшыларымен жасалып жатқан жасампаз істер көп-ақ. Жуырда Қазақстанда шығарылған «Тальго» пойызының біздің өңірге келуінің өзі бір төбе. Соған сай биылғы мерекеге қандай жетістіктермен келдіңіздер, жалпы аймақ темір жолының бүгінгі тынысына тоқталып өтсеңіз?
– Атырау темір жол бөлімшесі – еліміздің батысындағы ірі кәсіпорын саналуымен бірге, Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуда стратегиялық маңызға ие болып отыр. Атқаратын жұмыс көлемі бойынша 1-ші категорияға жататын, аумағы да, ауқымы да кең, соған орай жұмыс көлемі де үлкен әрі күрделі бөлімше. Мұнайлы өңір болғандықтан, еліміздегі ең үлкен мұнай компаниялары да осында шоғырланған, соған орай жүк көлемінің 70-80 пайызын мұнай және мұнай өнімдері құрайды. Мұнайлы өлке болғандықтан да темір жол тасымалы арқылы атыраулық теміржолшылардың Қазақстан темір жолына келтіріп отырған пайдасы да өзгелермен салыстырғанда қомақты. Бөлімше бойынша 50-ден астам ірілі-ұсақты станциялар мен разъездер, құрылымдық бөлімшелерде алты мыңнан астам адам еңбек етеді.
Өзіңіз айтқандай, шынымен де жағымды жаңалықтарымыз бар. Маусым айының басынан Атырау-Алматы аралығына қазақстандық «Тұлпар» вагон зауытында шығарылған «Сарайшық» деп аталатын «Тальго» пойызы жүре бастады. Осы үлкен істің қарсаңында өлке теміржолшылары, әсіресе, жолшылар көп жұмыс тындырғанын айта кету керек. «Тальго» пойызы сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүретіндіктен Атырау-Сағыз аралығындағы рельстерді, олардың төсемдерін жаңартып, жаңа техникалар күшімен ұзындығы екі шақырымдық рельстер төселіп, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. «Тальго» жүреді деп арнайы жасақталған, күзетілетін жеті өткел де толыққанды жұмыс жасап тұр. Енді осындай вагонды қыркүйек айында Атырау-Астана аралығына жүргізуді де жоспарлап отырмыз, ол үшін қажетті жұмыстар қазірден жасалып жатыр.

ТАСЫМАЛДА
ТОЛАС ЖОҚ

– Жоғарыда жүк тасымалының жоғарылығын айттыңыз, межеленген жоспар үдесінен шығып отырсыздар ма?
– Жүк көлемі негізінен мұнай және мұнай өнімдері арқасында орындалып отыр. Биылғы жарты жылда жергілікті вагон айналымы 106 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21,4 пайызға, ал, транзиттік вагон айналымы 48,1 пайызға артты. Локомотивтердің орташа жүрісі – 105, учаскелік жылдамдық – 100,6, техникалық жылдамдық 100,4 пайызға артып отыр. Бұл, бір жағынан, жоғарыда айтқан жол жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды.
Тасымал тасқынын жақсарту үшін соңғы жылдары аймақта бес разъезд аштық, бөлімшенің «жүрегі» Мақат станциясындағы сұрыптау дөңесін реконструкцияладық. Ақжайық станциясының қуатын арттыру бағытында да біраз жұмыстар атқарылды, мұнай өңдеу зауытымен қоян-қолтық жұмыс істейтін станцияның қуатын арттыруды да компания басшысының өзі бастама етіп көтерген болатын, станцияда бұрмаларды түгел автоматтандырдық, осындай бөлімшенің жүк өткізу қабілеті мен техникалық қуатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде вагондарды қабылдау-жөнелту тездетіліп, жұмыс та жеңілдеді.
– Темір жолда қозғалыс қауіпсіздігі қашанда бірінші орында тұратыны белгілі. Осы жұмыстарды жақсартуда қандай істерді еңсеріп жатырсыздар?
– Дұрыс айтасыз, темір жол үлкен сала, бөлшек-бөлшек құрылым, бірақ бәрінің де негізгі міндеті – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта алдыңғы жылы 60 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілсе, былтыр Ганюшкино-7 разъезд аралығында 24 км., Мақат-Атырау учаскесінде 12 км., Ескене-469 разъезд аралығында 13 км. жол күрделі жөндеуден өткізілді. Яғни, бұрынғы ағаш шпалдар темірбетонға ауыстырылып, ұзындығы екі шақырымдық плеттер салынуда. Ол пойыздардың жылдамдығын сағатына 60-70 шақырымнан 120-140 шақырымға дейін арттырады. Биыл да 61,59 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз, оған қоса 5,5 км. жол шаруашылық әдіспен жөнделуде.

ЖЫЛДАМДЫҚ
ЕКІ ЕСЕ АРТТЫ

– Жолдың сапалы жөнделуі жүк және жолаушылар пойызының жылдамдығына жағымды ықпал етеді ғой?
– Әрине, жолаушылардың жағымды ықыласына ие болған, екі жылдан бері Атырау-Астана бағытында жүретін «Каспий» жолаушылар пойызының да жылдамдығы артты, онда ресейлік су жаңа вагондар қолданылады. Енді жаңағыдай екі шақырымдық плеттер төсеу арқылы осы екі бағытта қатынайтын пойыздың жылдамдығы екі есеге жуық артатын болады. Мәселен, Атыраудан Алматыға дейін барар жол бұрын 50 сағат 30 минутты қамтыса, қазір «Тальго» пойызы сол арақашықтықты 35 сағат 30 минутта еңсеріп жүр.

ҚОНЫС ТОЙ
ҚУАНЫШЫ

– Жақсы хабар тез тарайтын әдеті ғой, жуырда Мақатта теміржолшыларға пәтер кілті тапсырылады деп естіген едік?
– Иә, оныңыз рас. Компания тарапынан темір жол құрылымдарының инфрақұрылымын дамыту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, 3,4,5 класты станцияларда тұратын қызметкерлерді тұрғын үймен қамту мәселесі де қаралып отыр. 2009 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің Мақатта теміржолшылармен кездесіп, пікірлескеннен кейін, оларға тұрғын үй салу туралы шешім қабылдағанда, мақаттықтардың қуанышында шек болмады.
Бүгінде Мақатта Атырау жол бөлімшесіне арналып екі пәтерлік 15 үй, локомотившілерге 23 үй және Атырау магистральды желі бөлімшесі үшін 27 үй салынуда. Соның ішінде Атырау магистральды желі бөлімшесі үшін салынып жатқан 27 үйдің құрылысы толықтай аяқталды, енді ол үйлер мақаттықтарға төл мерекеміз қарсаңында тапсырылмақ. Үйлерде 2,3,4, бөлмелі пәтерлер бар. Оларда сол Мақат басында еңбек етіп жатқан байланысшылар, вагоншылар, жолшылар, т.б. құрылым еңбеккерлері мекен етпек. Мұндағы басты мақсат – кадр ұстау, мамандар тұрақтылығын қамтамасыз ету. Өйткені, жоғары білімді жас мамандар пәтер жалдап, үйсіз-күйсіз жүр, сонан тұрмыс ауыртпашылығына шыдамай кетіп қалады. Енді осы мәселе түпкілікті шешілетін болды.

ВАГОН ЖӨНДЕУ КЕШЕНІ – ЕСКЕНЕДЕ

– Алда әлі де бірқатар күрделі жобалар жүзеге асатын болар, өйткені, өндіріс дамыған сайын, темір жолға деген сұраныс артып отыр ғой?
– Биылғы жылға межеленген жұмыстар көлемі де аз емес еді, олардың біразын еңсеріп тастағанымызды жоғарыда айттым. Енді өлкенің өткізу қабілетін арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ганюшкино-№7 разъезд аралығында бір разъезд, №377 рзд-Жамансор, Жантерек-Кенбай, Жантерек-Мұқыр учаскесінде тағы үш разъезд ашу, Нарын станцияларып, №4 разъездерін қайта жаңарту, Д.Нұрпейісова разъезінде қосымша жолдар салу, Ганюшкино станциясын абаттандыру, Доссор станциясының электр постын газдандыру жоспарланып отыр, байланыс саласында, қалпына келтіру және өрт пойыздарын жаңарту бағытында да бірқатар жұмыстар көзделуде. Сонымен қатар, Ескенеде вагон жөндеу кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Махамбет станциясының өткізу және өңдеу қабілетін арттыру мақсатында «Қазақстан темір жолы» АҚ мен «Қазтрансойл» компаниясының келісіміне сәйкес, ұзындығы 1050 метр тартымдық жол салынады, сондай-ақ, тақ алқымдағы қолданыстағы тартымдық жол тағы да 1050 метрге ұзартылады. №8 жол ұзартылып, №1 қабылдау-жөнелту жолымен қосылады. Байланыс қондырғысы, жаңа электр орталығы, күрделі жөндеу ғимараты салынады. Атырау қаласында экологиялық және санитарлық тұрғыда жаңа талапқа сай келетін жолсеріктер резерві салынып жатыр. Негізінен онда бірқатар жұмыстары біте келді.
– Әбеке, өзіңіз айтқандай, теміржолшылар көп іс тындырып жатыр екен. Солардың ішінде өзіңіз жақсы білетін кімдердің еңбегін ерекше атар едіңіз?
– Әрине, темірдей тәртіпке негізделген темір жолда жауапкершілік қатаң талап етіледі. Темір жол тарам-тарам салалық құрылымдардан, атап айтқанда, жол жөндеу шаруашылығы, локомотив, вагон деполары, байланыс, электрмен жабдықтау дистанциялары, станциялар, вокзалдар, жолаушылар тасымалы, жылу, су, күзет, өрт сөндіру, қалпына келтіру пойызы сынды көптеген бөлімшелерден тұрады. Осы құрылымдардың бәрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда ғана пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі берік сақталады.
Аталған салалардың бәрі бүгінгі күні жақсы көрсеткіштермен жұмыс жасауда. Жекелеген адамдарға келсек, пойыз диспетчері Асқар Жүсіпұлы, жүк және коммерциялық жұмыс бөлімінің жетекші инженері Гүлназия Жұбаниязова, Ақжайық сигнализация және байланыс дистанциясының техникалық бөлім инженері Балғалиева Майра, Махамбет станциясының пойыз құрастырушысы Жексен Жетібаев, Атырау электрмен жабдықтау дистанциясының электромеханигі Мұрат Садықов адал еңбегі және темір жол саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет тақтасына» ұсынылып отыр.
– Өлке теміржолшыларына айтар тілегіңіз?
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңіріміздің темір жолында көп жұмыстар жасалып жатыр және олар қарапайым еңбеккерлердің қолымен жасалуда. Бүгінде өндіріске дендеп еніп жатқан озық технологияларды меңгеріп жатқан да солар. Алдымен баршасына денсаулық тілеймін, жұмысы жемісті болсын, отбасының қуанышын көре берсін, бақытты ғұмыр берсін. Мереке құтты болсын!

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Maksut

    Maksut_shamshi@mail.ru жумыс ыздеп журм жумыска аласыздарма