Мал базары бетімен кеткен

ЕАС 250 Жаңалықтар

Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, осы бағыттағы өзге де мемлекеттік құрылымдар қызметкерлерімен бірлесіп өткізген рейд мақсаты – мал соятын және оның өнімдерін сататын орындардың ветеринариялық талаптарға қаншалықты сай екенін анықтау.  Айта кетер жай, мұндай бірлескен тексеру бұрын-соңды ұйымдастырылмаған-ды. Енді ол тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.  

ЕАС 250

 Алдымен «Абдекешова» жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі «Тума» мал базарына маңдай тіредік. Мұнда алыс-жақын ауылдардан әкелінген отыз шақты малдың уақытша ұсталатын қора-жайы лас күйімен бірден көзге түсті. Бұл жерде тазалық жұмыстарының соңғы рет қашан жүргізілгені де белгісіз. Малдың жүні әдейі қырқылмайды екен. Бұл – төрт түліктің қоңдылығын сырт көзден жасыру айласы. Әкелінген малдың көпшілігі көршілес Батыс Қазақстан облысы мен Құрманғазы ауданынан әкелінген.

Одан бөлек, бас-сирақ үйітілетін орында малдың реттік нөмірі жазылған сырғалары жатыр. Ал, дұрысында, бас үйітілмес бұрын сырғасы шешіліп, тазаланып алуы шарт. Осының өзінен-ақ бұл жердің тазалығынан әлдеқашан сән кеткенін аңғаруға болады. Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев мұндай өрескел заң бұзушылықтарға жол беріп отырған осындағы ветеринар мамандарға ренішін білдірді.

ЕАС 016

– Мал сойылатын нысандағы зертханалық бөлме де талапқа сай келмейді. Біріншіден, оның аумағы тым кішкентай. Екіншіден, осында әкелінген мал жөнінде ақпарат 2015 жылдан кейін тіркелмеген, есебі жоқ. Осыдан кейін, халыққа ұсынылып отырған мал өнімінің қауіпсіз екендігіне кім кепілдік бере алады? Үшіншіден, мал сою нысанына арнайы бөлінген ветеринарлар құлағында сырғасы жоқ малды қабылдап отыр. Бұл заңға қайшы келеді.  Төртіншіден, сырғасы жоқ малдардың құжаттары бар болып шықты. Әдетте сырғасыз малға құжат толтырылмайды. Мұны қалай түсінуге болады? Тіпті, оның қай аурумен ауырғаны, қашан егілгені жөнінде егжей-тегжейлі жазылған. Бірақ, малдың сырғасы да табылмады, оны «түсіп қалды» дейтіндей құлағы да тесілмеген. Демек, ол әкелінген жеріне кері қайтарылуы тиіс. Мәселен, біраз уақыттан кейін сырғасыз малдан ауру белгісі табылса, оның иесі қалай анықталмақ? Егер мал дәрігері өз тарапынан осы талапты қоя алмаса, мал базарының иесінен не сұрайды?

Заң талабын орындауды мемлекеттік қызметкер әуелі өзінен бастауы қажет. Ветеринар болу дегеніміз аз уақыт кеңседе отырып кету емес. Таңғы сағат бестен бастап сойылған малды ең болмаса жұмасына бір мәрте қадағалап отыруға болады ғой. Оның не қиындығы бар? – деген басқарма басшысы жеке нысанда көптеген кемшіліктерге куә болып, нәтижесінде малды сатылымға жіберуге тосқауыл қойды.

ЕАС 174

Олқылықтың орын алу себебін осындағы мал дәрігері Еркін Бектілеуов былайша түсіндіреді:

– Құжаттың дұрыс-бұрыстығына оны сою нысанына әкеліп тапсырушы мал иелері де жауапты. Айталық, Орал қаласының тұрғыны Атырауға мал апарып, өткізгісі келді делік. Ол оны жергілікті жердегі мал дәрігеріне тексертіп, қажетті құжаттарын дайындауға міндетті. Демек, мал әкелінетін жердегі жағдай түзелмей, мал иелерін тәртіпке шақырмай бұл мәселені біржақты шешу мүмкін емес, – дейді.

Тексеріске тап келген келесі нысан – «Асыл Агро» шаруа қожалығы. Ондағы ветеринар мамандардың үстеріндегі ақ халаттарына қап-қара болған, соңғы рет қашан жуылғаны белгісіз. «Мамандардың өздері қарапайым тазалық талабын сақтамайды, басқасынан не күтуге болады? Заң жүзінде мал таситын көлік арнайы термоқондырғымен жабдықталуы керек. Бұл шарт неге сақталмайды?» деген Сырым Мұратұлы бұл нысанда да ветеринариялық қызметтің жүгенсіз кеткеніне куә болды. «Бұл салада 1985 жылдан бері еңбек етіп келесіз. Заңға бағынбайтындарды кеңес дәуіріндегі темірдей тәртіпке неге шақырмайсыз?» деген басқарма басшысына Роман Махметов кемшіліктерді түзетуге уәде берді.

ЕАС 189

Атырау қалалық аумақтық ветеринариялық инспекция басшысы Гүлнар Латиева мал сатылымға шығарылатын уақыттан бір күн бұрын сойылуы қажеттігін айтады.

– Сойылғанға дейін малға клиникалық тексеріс жүргізіліп, оның егілген-егілмегені анықталады. Сойылғаннан кейін тағы тексеріледі. Әдетте, мал иелері тұтынушыларға көбіне сап-сау, күйі семіз түліктерін ұсынады. Күніне қанша мал әкелінсе соншасының жартысында сырға болмайды. Міне, осы мәселені шешу – мамандар алдындағы басты міндет, – дейді ол.

ЕАС 103

Облыс орталығындағы мал сойылатын үшінші нысан – «Адал» ет комбинаты. Оған дейінгі объектілерде анықталған құжат толтырудағы кемшіліктер бұл жерден де табылды. Әйтсе де, мұндағы мал сою цехының іші-сырты мұнтаздай таза, қызметі де көңілге қонымды. Айта кету керек, осы үш нысаннан басқа, «Память Ильича» елді мекенінде орналасқан ірі ет комбинаты да бүгінгі таңда қала халқын етпен қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы тексеру нысаны болған «Дина» базарындағы жауапты маман Гүлбаршын Шомажанова тиісті құжаттардың жетіспеушілігі мен ветеринариялық қызметтегі келеңсіздіктерді көп кешіктірмей жоюға уәде етті.

P.S.: Жүргізілген рейд қорытындысымен, анықталған олқылықтарды түзету жөнінде ескертпелер берілді. Ал, өрескел заң бұзушылықтар бойынша айыппұл салынатын болады. Өз қызметіне салғырт қарап, міндетін тиісті деңгейде орындай алмағандар жұмыстан босатылуы мүмкін.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз