ТІРІ БАЛЫҚ БАЗАРЫ
Жағадағы жұрттың дастарханынан балық үнемі табыла бермейтіні рас. Қолға ілігетіні – базардың тұрып қалған өнімі. Облыс әкімінің бастамасымен бұл проблема да шешімін тауып, бұрынғы дәстүр қайтадан жаңғырып отыр. Бүгінде Атырау қаласы бойынша төрт орында жаңа ауланған тірі балық сатылуда.
— Өзен жағасында балық сатылымын ұйымдастыру қазіргі күні қайта қолға алынды. Жергілікті жерде 12 балық кооперативі болса, соның бірі «Інжу-маржан» облыс орталығындағы екінші бекетін ашуда. «Амангелді» балық кооперативінің жағалаудағы екі нүктесі су маржанын саудалап, халықтың қажетін өтеп жатыр. Айта кетері, осы күнге дейін қаладағы үш сауда бекетінде 51 тонна балық сатылып үлгеріліпті. Бұл жұмыстар болашақта да жалғасын таба бермекші, — деді Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев.
«Інжу-маржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Гүлфара Ысмағұлованы сауда орнының басынан жолықтырдық. Оның айтуынша, жаңа ауланып әкелген балыққа халықтың сұранысы өте жоғары. Бұдан бұрын ашылған сауда орнына да тұрғындар көп келеді. Байқасақ, мұның тағы бір себебі бар екен.
— Су маржанының жаңа ауланғаны өз алдына, өніміміздің құны базардағымен салыстырғанда анағұрлым арзан. Оның үстіне, балықтың қандай түрі болмасын, осыннан табасыз, — дейді кооператив басшысы.
Сауда орнының сөрелері балықтан самсап тұр. Сазан, көксерке, аққайраң, табан дейсіз бе — іздегеніңнің бәрі бар. Байқағанымыз, мұндағы баға да көңілге қонымды. Мәселен, үлкен көксеркенің өзі 700 теңге тұрады, ал, базарда ол 1000 теңгеден жоғары бағаланады.
Балық саудалайтын орынның ашылу рәсімінде жұртшылық өкілдері өздерінің шынайы пікірлерін айтып жатты. Соның бірі зейнеткер ана Тойған Марданова болатын. Ол кісінің әңгімелеуінше, мұндай нүктелер халыққа аса қажет. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Елбасының бастамасымен кәсіпкерлерге де үлкен қолдау, қамқорлық жасалуда. Бүгінгі шара соның бір нәтижесіндей. Кезінде тоз-тоз болып ыдырай бастаған шаруашылықтың орнындағы «Інжу-маржан» серіктестігі бүгінде шаңырағын тіктеп, уығын бекітіп, табысты жұмыс жүргізуде. Құрылымның бұдан бұрынғы да табыстарын газеттерден оқып, телеарнадан көріп жатырмын. Сайып келгенде, мұның бәрі жұртшылыққа пайдалы. Мен соған қуанамын» деді ана.
Жаңаталап селосындағы ардагерлер алқасының төрағасы Зинураиын Ғинаятұлының да айтары бар. Ақсақал «жақсы істер жалғасын таба берсін» деп, қолын жайып, бата берді.
Осылайша, көпшіліктің ілтипатына бөленген «Інжу-маржан» кәсіпорны алғашқы қадамын балық аулау, сату, кептіру жұмыстарымен бастапты. Ал, қазір ол қалыптасқан құрылымға айналып отыр. Оның өніміне елімізде ғана емес, көршілес Ресей, Әзірбайжан, Грузия секілді мемлекеттерден де сұраныс жоғары екен. Өйткені, мұндағы балық өнімдері адам денсаулығына қажетті дәруменге толы.
Бұрынғы дәстүрдің қайтадан жандануы, әрине, құптарлық. Дегенмен, тұрғындармен тілдесе отырып, мынадай жағдайдың да орын алатынын байқадық: Сауда орындарындағы көп балық көзді ашып-жұмғанша жоқ болып кетеді. Ал, оған базарда көтерме сауда жасаушылар кінәлі көрінеді. Байқасақ, олар таң атар-атпастан жағалаудағы нүктеге келіп, өнімді түгелімен сатып алады да, базарларға барып қымбатқа сатады. Соның нәтижесінде, «балық аламыз, жеңсік ас жейміз» деп мұнда келген халық бос сөрелерді сипап қалады.
Болашақта осындай келеңсіз жайға жол бермес үшін көтеріп алушыларға тосқауыл қойылса игі. Жалпы, бастама өте орынды және уақытында алынған шара екені сөзсіз.
Азамат БАЗАРБАЕВ.