Кеніште – бетон зауыты

КЕНИШТЕ Жаңалықтар

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында қазақстандық инвестициялық жобаларға отандық бизнес өкілдерінің көптеп қатысуына, өндірілетін тауарлардың әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие, сапалы, әрі  бәсекеге қабілетті болуына ерекше назар аударды.  

КЕНИШТЕ

Аймақта биік белесті бағындыру межесін белгілеген жергілікті компаниялар қатарында «Нефтестройсервис Лтд» ЖШС ұжымы да аталады. Бұл компания Теңіз кенішіндегі индустриалдық аумақта сағатына 200 текше метр бетон дайындайтын зауытты межелеген мерзімде іске қосты.

Құрылыс нысанындағы жауапты жұмысты өткен жылдың сәуір айында бастаған болатын. Ол екі кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде зауыттың негізгі нысандарын, цемент сақтау қоймаларын тұрғызу, бетон араластырғыш қондырғыларын жайғастыру атқарылды. «Нефтестройсервис Лтд» ЖШС  жұмысшыларының күшімен екі бетон зауыты салынып, түркиялық бетон араластырғыш қондырғысы пайдалануға берілді.

– Зауыттағы барлық жұмыс автоматты түрде басқарылады. Су, цемент, қиыршық тас секілді инертті материалдар мен химиялық қоспалардың мөлшерін компьютерлік қондырғының өзі өлшеп, өндіріске жібереді. Өндірістегі жаңа технологиялар өнім сапасын арттырды, – дейді зауыт инженері Михаил Чарлин.

Екі зауытта қуаттылығы сағатына В15, В25 және В35 маркалы 200 текше метр бетон дайындалады. Өнім беріктігі, мықтылығы,  химиялық тұрақтылығы жағынан тапсырыс беруші «Теңізшевройл» ЖШС-нің талаптарына толық сай келеді.

Кеніштегі жаңа зауыт құрылысының бірінші кезеңіне бес жүзге жуық жұмысшы тартылды. Қазір толықтай жаңа технологиямен жұмыс істейтін зауыттың өндірістік саласында 30 инженер, оператор секілді мамандар еңбек етеді. Болашақта мұндағы жұмысшылар саны  тоқсанға жеткізілмек.

Сервистік компанияның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әмина Ақдрашеваның пікірінше, зауыт құрылысын жүргізуге бір миллион жұмыс сағаты жұмсалған. Құрылыс алаңындағы жұмыстар қауіп-қатерсіз, төтенше оқиғасыз ойдағыдай аяқталып отыр.

– Алдағы уақытта екі су резервуарын, бетонның сапасы мен құрамын тексеру үшін бір арнайы зертхана және жұмысшыларға арналған 100 орындық асхана мен кеңсе ғимараты бой көтеретін болады. Нысанның толық кешендік пайдаланылуға берілуі осы жылдың тамыз айына жоспарланған, – дейді ол.

Жылыой ауданы.

Бақытжан Жұмат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз